Бүгін Алматы облысының әкімі Амандық Баталов пен Талдықорған қаласының әкімі Ғалымжан Әбдірайымов облыс орталығында салынып жатқан құрылыс нысандарын аралады, — деп хабарлайды taldykorgan-online.kz

Өңір басшысы алдымен қаланың «Шығыс» шағын ауданынан бой көтерген 19 пәтерлі жаңа көпқабатты тұрғын үйді барып көрді. Қазір ол үйдің құрылысы толғымен аяқталған. Жуырда бұл баспана аз қамтылған отбасыларға, мүгедектерге және көпбалалы  аналарға берілетін болады дейді әкімдіктегілер. Үйдің ішіне кіріп, бөлмелерін аралап көрген Амандық Ғаббасұлы жұмыстың сапасын жақсыға балады. Тек, тұрғын үйдің ауласына жөндеу жұмыстарын жүргізіп, абаттандыруды тапсырды.

Осыдан кейін облыс әкімі кезіндегі құрылысы аяқталмай қалған қонақ үйге барды. Айта кетейік, енді бұл нысан 280 орындық студенттер жатақханасына айналмақ. Мұндағы құрылысты «Астана құрылыс» АҚ ҰҚК-сы жүргізуде. Мердігер басшысы Қайрат Сандықбаевтың айтуынша, қазір жатақханаға 50 адам монтаж жұмыстарын жасап жатыр. Он күннен кейін жұмыс күшін көбейтіп, құрылысшылардың санын арттырмақ. Заман талабына сай салынып жатқан жатақханада жатын бөлмелерден бөлек, кітапхана, жаттығу залы, асхана және шағын кинотеатр болады деп күтілуде. Жатақхана үстіміздегі жылдың қазан айында қолданысқа берілмек.

Студенттер үйінен кейін А.Баталов «Жастар» саябағының қасынан салынып жатқан жабық жүзу бассейіне аялдады. Бұл жерде облыс әкімі құрылыстың тәртіп бойынша жүріп жатқанын көріп, өзінің оң бағасын берді. Ал, мердігер басшысы құрылысқа тек берік материалдарды қолданатындықтарын айтып, бассейіннің сапалы болатындығына кепілдік берді.

«Қазір 100 адам мұның ірге тасын құйып бітіп қалды. Осыдан кейін темір құрастыруды бастап кетеміз. Ол кезде қосымша тағы 150 жұмысшы болады. Ішкі әрлеу жұмыстарына 70 адам келеді. Осылайша құрылысшылардың санын кезең-кезеңімен көбейтіп отыру жоспарымызда бар. Жалпы, құрылыстың жүргізілу мерзімі 21 ай деп көрсетілген. Бірақ, біз өзімізге 17 айда жұмысты толығымен аяқтаймыз деп мақсат қойдық», — дейді «Bazis» құрылыс компаниясының басшысы Мұстафа Афраилов.

Әкімдер 6-шы шағын аудандағы құрылыс алаңдарына да барды. Бүгінде бұл жерде де жаңадан бірнеше тұрғын үй бой көтеруде. Жұмысшы топ соның ішіндегі 45 және 60 пәтерлі үйдің құрылысымен танысты. Мұндағы 60 пәтерлі үйдің негізгі жұмыстары аяқталған. Қазір қабырға сылақтары жүріп жатыр. Қолданысқа тамыз айында берілмек. Ал, осы үйдің жанындағы 45 пәтерлі нысанның тек іргетасы ғана құйылған. Оның толық жұмысы қараша айында аяқталады дейді мамандар.

7-ші шағын ауданнан бой көтерген 16 қабатты үш тұрғын үйдің қолданысқа берілетін күні жақын. Қазір онда абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Айта кетейік, бұл тұрғын үй кешенінің өзіндік ерекшеліктері бар. Яғни, оның бірінші қабатында 17 мың адамға қызмет көрсете алатын заманауи емхана және ІТ бағыты бойынша балаларды дамытып, оқытатын «Jetisy HUB» орталығы бар. Сонымен қатар, шағын сауда маркеті орналасатын болады. Облыс әкімі мұндағы жұмыстармен де танысып, оң әсер алды.

Сонымен қатар, Амандық Баталов бастаған жұмысшы топ «Жастар-1» шағын ауданына, қаланың құрамына кіретін Ынтымақ ауылы мен Шайқорған саяжайына да арнайы барып, ондағы жасалып жатқан инфрақұрылым жұмыстарымен танысты. Котеджді қалашықтың құрылысын да назардан тыс қалдырмады. Бұл туралы жаңалықтардың келесі топтамсында толығырақ хабарлайтын боламыз.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK