Менің әкем – Әуелбек баласы Бірімқұл саналы өмірін алқабы жасыл нұрға бөленген, алты ай жазда басынан қар кетпейтін таулардың ортасында, ақ қайыңды тоғайды жарып аққан – Көктал өзенінің екі жағына орналасқан Бірлік – Аралтөбе ауылында өткізген. 1974 жылы қайтыс болып, Ш.Уәлиханов атындағы колхозда жерленді. Қоғалы аудандық әскери бөлімшесінен Екінші дүниежүзілік соғысқа төрт ағайынды жігіттің ішінен бірінші шақырылып, әскери борышын өтеген.

Әскери жолы:

— 12.1941 жылдан 25.12.1943 жылға дейін – 46.ЗСП;

— 12.1943 жылдан 21.02.1945 жылға дейін – 893 СП Х/ВЗ;

— 02.1945 жылдан 10.06.1945 жылға дейін – 118 ЗСП пулеметшілер батальонында – атқыш.

23.06.1945 жылғы СССР Жоғары кеңесінің заңы негізінде 1945 жылдың 30 тамызында әскер қатарынан босатылып, сапарын Сталинград қаласында аяқтап, ауылына оралған. Колхоз, совхоздың мал шаруашылығында орта дәрежелі мал дәрігері (фельдшер), бал өндіру саласында, т.б. салаларда еңбек еткен. Жауапты істер атқары, абыройлы еңбек етті. Ағаш шебері, етікші, темірден түйін түйетін зергерлігі бар, қақпан құрып, ит жүгіртетін аңшы, домбыра тартып, ән айтатын, суырып салма ақындығы бар, терең тақпақтап, ұтқыр сөйлейтін. Жылдың төрт мезгілінде сымбатына сай киген киімі, күміспен көмкерілген ертоқымы мен ат үстінде отырған болмысы – айналасына қиссалардағы сері ханзадалардың сарқытындай әсер қалдыратын. Өзін үлкен – кіші қатты сыйлаушы еді. Осы қасиетін өмірінің соңына дейін сол қалпында алып өтті.

Анамыз – Зинатбүбі Жүнісқызы да – ісімер, терең ойлы, зерделі адам еді. Андас руынан – Балпық би, Қарынбай бабалардың шөбересі болып келеді, Назар бидің ортаншы ұлы Жүніс деген кісінің қызы екен. Күллі Жалайырдың тарихын жатқа айтып отыратын. Соғысқа дейін бала көрмеген әкем – біздің анамыздың 38, өзінің 51 жасында (мен – Ғалия, сіңлім – Ұлтуған, марқұм інім — Әліпбекті) дүниеге әкеліп, қанаттыға қақтырмай мәпелеп өсірді. «Оқы, оқы және оқы», «өмірдің мәні — білімде» деген қағиданы мектепке дейін зердемізге сіңірді. Мақал-мәтел, ұлттық дәстүр, батырлар жыры, хандар, билер, кемеңгер тұлғалар жайлы мағұлматымыз тал бесіктен қалыптасты. Ес білген күннен бастап біздің сырласымыз, жан досымыз – ата-анамыз болды. Біздің отбасымыздағы әрбір кеш – кіші-гірім тарихи-әдеби, танымдық жиын ретінде өтетін. Өлендері, дастандар жазылған кітаптарын ыждағатпен ұстайтын.

Әкем жырларды өз әуенімен айтып, соңында рухтарына бата қайырып, жақсылық пен жамандық жайлы түсінік беретін. Ата-анамыздан жатқа алған біліміміз мектепте де, жоғары оқу орнында да бізге негіз болды.

Жүрегі тұнып тұрған дастан әкемнің жазылмаған жарасы – соғыстан қайтпай қалған боздақтар және екі інісі Қарасұлу мен Әлжан еді.

Енді ойласам, әкемнің егде жасында көрген бізді жеткізіп, сырлас дос, жанына медеу ете жүріп, жылдар бойы тауыса алмай айтқан жырлары, әңгімесі – өзі көрген қиындығы емес, майданнан қайтпай қалған бауырлары Қарасұлу мен Әлжан сол сияқты боздақтардың айтылмаған әні мен ашылмаған сырлары екен. Әке жүрегі сағыныш пен арманға толы еді.

Әуелбекова Ғалия Бірімқұлқызы

Ардагер ұстаз.

Қазақстан білім беру саласының үздігі,

мұғалім-әдіскер.

Одақтық Н.Н.Крупская атындағы

сыйлықтың иегері.

Алматы облысы,

Талдықорған қаласының тұрғыны

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK