Бүгін Талдықорғанда ашаршылық және саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу шарасы өтті. Оған ардагерлер, оқушылар мен мұғалімдер және қала әкімдігінің қызметкерлері қатысты, — деп хабарлайды taldykorgan-online.kz

Жиналған қауым ескерткішке гүл шоқтарын қойғаннан кейін сұрапыл кезеңде жандары қиылған зиялы азаматтарды бір минут үнсіздікпен еске алды.

Осыдан кейін №2  орта мектептің тарих пәні мұғалімі Қалдыққыз Мұхаметжанова, қалалық мәслихат аппаратының басшысы Тимур Қапасұлы, Қазақстан Республикасының журналистер одағының және қалалық ардагерлер кеңесінің мүшесі Болат Бисұлтановтар сөз алып, нәубет заманындағы тарихи деректерден сыр шертті. Құрбан болған ата-бабаларымыздың рухы алдында тағзым етіп, оларды еске алу – бүгінгі ұрпақ парызы екендігін айтты.

Сондай-ақ, мектеп оқушылары рухты көтеретін өлеңдер оқып, жиналғандарды ерекше тебіреніске бөледі.

Айта кетейік, 1997 жылдан бастап «31 мамыр – ашаршылық және саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні» болып ресми бекітілген болатын. Тарихи деректерге сүйенсек, 1929 жылдан бастап, 1953 жылға дейін Кеңес елінде 40 млн. адам қуғын-сүргінге ұшыраған. Осы жантүршігерлік кесепаттың салдарынан 2 млн. аса қазақтың өмірі қиылды. Бұл Республикадағы қазақ тұрғындарының 42 пайызын құрады. Сотталған адамдардың саны 3 млн. 777 мың адам, соның ішінде ең ауыр жазаға кесілгендері 642 мың адам болды. Оның көбісі алаштың арыстары еді.  1 млн. астам адам шет елдерге ауып кеткен.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK