Халықтың цифрлық сауаттылығы артуда

292
Дереккөз

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ Алматы облысы бойынша филиалының директоры Ермек  Құралбекұлымен сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.

— Ағымдағы жылдың сәуір айында «Азаматтарға арналған үкіметтің» құрылғанына 3 жыл толды. Осы үш жыл ішінде мемлекеттік корпорацияның басты жетістігі қандай?

-Дұрыс айтасыз, үш жыл бұрын Елбасының Ұлт жоспары — 100 нақты қадам аясында әлуметтік қорғау, жер қатынастары, мүлікті рәсімдеу, халыққа қызмет көрсету секілді төрт ірі саланы біріктіру арқылы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы құрылған болатын. 2018 жылдың 30 шілдесінен бастап Әділет министрлігінің құзіретіндегі жылжымайтын мүлікке құқықтарды тіркеу қызметі мемлекеттік корпорация арқылы көрсетіле бастады.

Бүгінде мемлекеттік қызметтердің басым бөлігі онлайн форматта қолжетімді. Осы жаңашылдықтар туралы айтып берсеңіз?

-Қазіргі таңда мемлекеттік көрсетілетін қызметтер тізілімінде 742 мемлекеттік қызмет тіркелсе, оның 634-і корпорация арқылы көрсетіледі. Оның ішінде 531 қызмет электронды үкімет порталы арқылы қолжетімді. Осы ретте айта кету керек, мемлекеттік корпорацияның Алматы облысы бойынша филиалымен 3 жылда 10,7 млн (10 759 183) қызмет көрсетілді, оның 7 млн-нан астамы, яғни 71 пайызы (7136350) электронды түрде берілген. Жүйелі насихат жұмыстарының нәтижесінде онлайн қызметтерді пайдаланушылар қатары күн санап артуда. Бүгінде бір реттік пароль арқылы 52, ал Telegram-бот мобильді қосымшасы арқылы 25 кызмет алуға болады. Қызметтерді цифрландыру және композитті форматта ұсыну азаматтардың уақытын үнемдеп, қажетті анықтамаларды үй жағдайында алуға мүмкіндік берді. Бұл үшін азаматтар кез келген фронт-офиске келіп телефон нөмірі мен жеке сәйкестендіру нөмірін (ЖСН)мобильді азаматтар базасына тіркесе болғаны. Мgov арқылы әлемнің кез келген жерінен 80-нен аса қызмет түріне қол жеткізуге болады. Атап айтқанда, тұрғылықты жері туралы, жылжымайтын мүлікке құқықтары, соттылығы бар-жоқтығы туралы анықтамалар, төлемдерді (айыппұлдар, салық) оңай төлей аласыз. Айта кетейік, үш жылдың ішінде Алматы облысы бойынша 582570 адам мобильді азаматтар базасына тіркелген.

-Мүмкіндігі шектеулі азаматтарға көрсетілетін қызметтер жайлы тоқталсаңыз?

-«Азаматтарға арналған үкіметте» мемлекеттік қызметтерді кедергісіз және сапалы көрсетуге барлық мүмкіндіктер жасалған. Біздің фронт-офистер мүмкіндігі шектеулі жандар үшін арнайы қызмет көрсету орындарымен жабдықталған және пандус, шақырту қоңырауы орнатылған. Сонымен қатар 1 және 2 топ мүгедектігі бар азаматтар барлық мемлекеттік қызметтерді «1414» бірыңғай байланыс орталығына қоңырау шалу арқылы біздің мамандарды үйіне шақырып, өзіне керекті мемлекеттік қызметке тапсырыс бере алады. 3 жылда мемлекеттік корпорацияның Алматы облыстық филиалы арқылы 2 мыңнан аса мүмкіндігі шектеулі азаматқа 115351 қызмет көрсетілді. Айта кету керек, мұнда жылжымайтын мүлік пен құжаттандыру бойынша қызметтерге, электрондық анықтамаларға сұраныс көп. Сөйлеу және есту қабілеті бұзылған тұлғалар да ерекше назарда. Бұл категориядағы азаматтар онлайн режимде сурдоаударма арқылы ымдау тілінің кәсіби маманымен арнайы қосалқы монитор арқылы шынайы уақыт режимінде ым-ишарат тілінде тілдесіп, қажетті құжатты ала алады. Бүгінде филиалда сурдо-аударма тілін меңгерген 80-нен астам маман жұмыс істейді. Қызметкерлер ымдау тілін меңгеру үшін арнайы оқытудан өткен. Сондай-ақ, филиалда 55 мүмкіндігі шектеулі жан жұмысқа қабылданып, бүгінде бекітілген штатқа сәйкес қызмет көрсетеді.

 — Мамандандырылған ХҚКО-ың бүгінгі күнде бет алысы қалай?

-Мамандандырылған бөлім 2014 жылғы 14 желтоқсанда ашылды. Мұнда көліктерді тіркеу, қайта тіркеу, жүргізуші куәліктері мен көліктерге мемлекеттік нөмірлерді беру мемлекеттік қызметтері көрсетіледі. Орталық  ашылған сәттен бастап 1 сәуірге дейін 194643 қызмет көрсетілді. Қазір жоғары сұраныстағы нөмірлер ашық саудада. Кез келген жүргізуші өзіне ұнаған нөмірін таңдай алады. Осы орайда, бүгінгі күні 176 жоғары сұраныстағы нөмір сатылып, мемлекеттік қазынаға 45,2 млн (45 240 754) теңге құйылды. Жүргізушілер үшін тағы да жағымды жаңалық – қазір көліктерді тіркеу, қайта тіркеу, жүргізуші куәлігін ауыстыру қызметтерін egov.kz электрондық үкімет порталы арқылы онлайн түрде рәсімдеуге болады. Енді азаматтар бұрынғыдай бірнеше күн жүрмейді, бұл қызметтер бас-аяғы бірер сағатта дайын болады. Ол үшін электрондық-цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) қажет. Қызмет алушы еgov.kz порталында авторизациядан өткеннен кейін электрондық өтінішті толтырып, ЭЦҚ-мен қол қоюы тиіс. Сондай-ақ мемлекеттік баж салығы мен айыппұлдарын онлайн төлеу мүмкіндігі бар. Мамандандырылған бөлімге тек дайын құжатты алып кетуге келеді немесе Қазпошта курьерлері арқылы үйіне тапсырыс бере алады. Онлайн қызметті жыл басынан бері 1 600 тұрғын пайдаланды. Есепті мерзімде 600-ден астам көлік құралы тіркеліп, 1 мыңға жуық жүргізуші куәлігі ауыстырылды.

-«Азаматтарға арналған үкімет» өзін мемлекеттік қызметтерді оңтайландыруда жаңашылдықтың жаршысы ретінде танытты. Алдағы уақытта қандай жаңалықтармен қуантпақшысыздар?

-Бүкіл әлем цифрлық технологияларға бет бұрған заманда «Бүгінгі фантастика — ертеңгі шынайылық» деген нақылдың мағынасы арта түскендей. Әлем жаппай сандық форматқа көшуде. Ал биометрия цифрландырудың маңызды элементі болып табылады. Әлемнің дамыған елдері биометрияның сан алуан мүмкіндіктерін пайдаланып, оны түрлі қызметтерде енгізіп үлгерді. Мемлекеттік корпорация алғашқылардың бірі болып саусақ ізі арқылы қажетті анықтамаларды алуға болатын сервисті енгізді. Алдағы уақытта бір ғана саусақ ізімен ешқандай төлқұжатсыз елуден аса анықтамаларды алуға мүмкіндік туады. Пилоттық жоба 2018 жылғы желтоқсанда Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларында іске қосылды. Қызылордада жалғасын тапқан жоба күзге қарай бүкіл облыстарды қамтитын болады.

Гүлжанат Жанатбек.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK