Сот ісін жүргізу тәртібі өзгермек

519
автор

Заңның үстемдігін қамтамасыз ету –Елбасының  «100 нақты қадам» бес реформалық бағдарламасында атап көрсетілген айқын бағыттардың бірі. Осыған байланысты, алдағы уақытта жалпы құқық қорғау қызметінің   өзге де аспектілерін жетілдіру және қылмыстық процесті реформалау қолға алынбақ. Бұл туралы Талдықорғанда Өңірлік коммуникациялар қызметі ұйымдастырған баспасөз-мәслихатында айтылды.

  Алматы облыстық сотының төрағасы  Мейрамбек Таймерденов: «Бұл басқосудың басты мақсаты –  сот жүйесінде болатын үлкен өзгерістерді БАҚ арқылы қарапайым халыққа жеткізу. Нақтырақ айтсақ, 2018 жылдың қаңтар айыннан бастап,қылмыстық іс жүргізу тәртібі өзгереді. Мұнда негізі қылмыс өткізген азаматтардың конституциялық құқықтарының бұзылмауын қамтамасыз ету барынша  көзделген. Оның ішінде қазір тергеу орындарының күдіктіні 72 сағатқа дейін соттың санкциясын алмай-ақ  қамауға алуға құқылы. Міне, бұл 48 сағатқа дейін қысқартылып отыр. Себебі, адвокаттар қатыспайтын осы уақыт ішінде  үш тәулікке қамалған азаматтардың құқықтары жиі бұзылуда. Осыған байланысты  жауап алу кезінде  күдіктінің дене жарақатын алмауына, зорлық-зомбылық көрмеуіне соттың қадағалауын орнатуға бағытталған. Бұл тәсіл дамыған мемлекеттерде де бар. Олардың тәжірибесінде прокуратураның қадағалауынан соттың қадағалауы әлде қайда тиімді екені дәлелденген. Мәселен, бізде бұрын күдіктінің жеке мүлкін, үйін тінту, ұялы телефонын, басқа да заттарын тексеру сынды жұмыстар прокуратураның міндеті болған. Енді ондайға жауапты  аудандық, қалалық, обыстық әрбір сотта арнайы тергеу судьясы құрылған. Бұдан былай тексеру, тінту тек сол тергеу судьясының рұқсатымен ғана жүргізіледі. Сонымен бірге бұрын сот ісінде айыпталушы мен оның қорғаушысы өз дәлелдерін еш тіркете алмайтын. Оны қабылдау қабылдамау тергеушінің құзырында еді. Енді міндетті түрде тіркеледі. Бұл дегеніміз, тергеуші, қорғаушы және  прокурор үш жақ та тең құқылы екенін көрсетеді. Осындай бәсекелестікте үш жақтың пікірі бірдей ескеріліп әрбір сот ісі ашық әрі әділ өтері анық» -деп атап айтты.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK