Мемлекеттік рәміздер – еліміздің егемендігі мен тәуелсіздігін айғақтайтын мызғымас құнды белгілер. Халқымыздың мұқалмас рухын, қаһармандығын һәм даналығы мен асқақ арман-тілегін жеткізетін де осы қасиетті нышандар. Талдықорған қаласы ішкі саясат бөлімінің басшысы Әділет Рымтайұлы бізге берген сұхбаты барысында осындай орамды ойларымен бөлісті.

– Әділет Рымтайұлы, Қазақстан  азаматтарының мемлекеттік рәміздерге деген көз қарасы қалай болуы керек деп ойлайсыз?

– Енді, мемлекетік рәміздердің қатарына Мемлекеттік Ту, Мемлекеттік Елтаңба және Мемлекеттік Гимн жататыны белгілі ғой. 1992 жылдың 4 маусымында Елбасының арнайы Жарлығымен осы нышандарымыз қабылданған болатын. Міне, содан бері бұл рәміздер біздің бойтұмарымызға айналды десек қателеспейміз. Ұлттық нышандар – Қазақстан Республикасының дербестігі мен тәуелсіздігін бүкіл әлемге танытушы әрі мемлекетіміздің өткені мен бүгіні және болашағы арасындағы сабақтастықтың жарқын көрінісі. Сол себепті Қазақстан азаматтарының мемлекеттік рәміздерге деген көз қарасы қашанда жоғары болуы қажет және оны құрметтеу – әрбір азаматтық борышы болуы тиіс деп ойлаймын.

– Заң бойынша мемлекеттік  рәміздер қандай жерлерде тұруы қажет?

– Заң талаптарына сәйкес мемлекеттік рәміздер әр мекеме басшысының кабинетінде орналасады. Яғни, онда Мемлекеттік Ту мен Мемлекеттік Елтаңбаның тұруы міндетті. Сонымен қатар, сол мекеменің арнайы шаралары өтетін мәжіліс залы болса, ол жерлерде рәміздер көрініс тауып тұруы қажет. Мемлекеттік мекеменің ғимаратының төбесінде Ту мен Елтаңба орналасады. Түңгі уақытта ол нышандарға жарық түсіп, анық көрініп тұруы керек. Одан бөлек, Мемлекеттік Ту, Елтаңба және Гимн бейнеленген стендтер мекемелердің кіребесінде немесе фойелерінде көрнекі жерде қабырғаға ілініп тұруы тиіс. Айта кету керек, Талдықорған қаласында мемлекеттік рәміздер бойынша арнайы комиссия жұмыс жасайды. Комиссия мүшелері нышандардың Заң талаптарына сәйкес дұрыс пайдалануын, олардың сақталуын бақылауда ұстап, қаладағы мекемелермен үнемі зерделеу жұмыстарын жүргізіп отырады. Сонымен қатар, әскери гарнизондарда, оқу орындарында, арнаулы және жоғары білім мекемелерінде де мемлекеттік рәміздердің пайдаланылуын басты назарда ұстайды.

– Елімізде латын қарпінің енгізілуіне байланысты, Елтаңбаның өзгеріске ұшырағанын байқап жүрміз. Осы жағын тарқатып кетсеңіз.

– Иә, латын әліпбиіне көшкендіктен Мемлекеттік Елтаңбамызда өзгеріс пайда болды. Бұрын ондағы «Қазақстан» деген жазу кирилицамен жазылса, қазір ол латын әріптеріне ауысты. Басты өзгешелігі сол. Мемлекеттік мекемелерде Елтаңбаны жаңасына ауыстыру жұмыстары 2022 жылға дейін аяқталуы тиіс. Қазірдің өзінде бірқатар мемлекеттік мекемелер жаңа үлгідегі Елтаңбаға ауысып үлгерді. Жалпы, Мемлекеттік Туды, Мемлекеттік Елтаңбаны және стендттерді дайындаумен арнайы лицензиясы бар мекемелер ғана айналысуы қажет.

– Мемлекеттік мекемелердің ғимаратының төбесінде ілулі тұрған Мемлекеттік Ту жылына қанша рет ауыстырылады?

– Мемлекеттік Рәміздерді пайдалану мен қолдану ережелеріне сәйкес, ғимарат төбесіндегі Мемлекеттік  Ту тұрақты түрде жаңа қалпында болуы тиіс. Ту үнемі далада тұрғандықтан күнге оңалып, түсін жоғалтады немесе дауылды күндері желдің салдарынан жыртылып қалуы әбден мүмкін. Мұндай кездері мекеме басшылары немесе жауапты тұлғалар жіті назарда ұстауы қажет. Осындай жағдай тіркелген сәтте комиссия мүшелері дереу сол мекемеге ұсыныс хаттарын жолдап, Туды жаңасына ауыстыруды талап етіп, қажетті шаралар қабылданады.

– Қызығы сол, жаңасын орнатқаннан кейін ескі Ту немесе Елтаңба қайда жіберіледі екен?

– Талдықорған қаласындағы мемлекеттік мекемелерде мекеме басшысының жеке бұйрығымен тозығы жеткен, пайдалануға жарамсыз Мемлекеттік рәміздерді жою туралы комиссия құрылып, жауапты мамандар белгіленген. Бұл жерде ескі нышандарды жою өртеп жіберу немесе ұнтақтау арқылы жүзеге асырылады. Ал, әкімшілік тарапынан құрылған комиссия осының барлығын назарда ұстап отырады.

– Мәселен, бір адам Туды қоқысқа тастады немесе басқа да заңсыз әрекетерге жол берді делік. Бұған қандай шара қолданылады?

– Егер мұндай заң бұзушылық орын алса, онда ол адам әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Оған арнайы заң бар.

– Қала тұрғындары мен келген қонақтар бұл жайында көп біле бермейді ғой. Талдықорғанда орналасқан («Жастар» саябағы) үлкен Ту жайында аз-кем тоқталып өтсеңіз.

– Бұл енді Алматы облысының әкімі Амандық Ғаббасұлы Баталовтың тікелей қолдауымен салынған нысан. Ту тұғыры 2016 жылы Мемлекеттік Рәміздер күні қарсаңында ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай ашылды. Мұндағы Мемлекеттік Тудың биіктігі         92 метр, ол өлшем – 1992 жылы Қазақстан Республикасы Мемлекеттік рәміздері туралы заңының қабылдануымен байланыстырылып отыр. «Жастар» саябағында орналасқан Ту Талдықорғанның кез-келген нүктесінен айқын көрініп, тұрғындарға патриоттық рух сыйлайды деп ойлаймын.

– Мемлекеттік нышандарға деген құрмет мектептерде қалай іске асады. Оқушыларға рәміздердің құндылығын дәріптеу мақсатында жұмыстар атқарылып тұратын шығар?

– Мемлекеттік Рәміздер күніне орай, Талдықорған қаласында көптеген іс-шаралар ұйымдастыру жоспарланып отыр. Қазіргі уақытта «Мемлекеттік Рәміздер – елдегемнің белгісі» атты патриоттық іс-шаралар айлығы өтуде. Тек қана рәміздер күнінде ғана емес, жалпы бұл шаралар қаламызда жыл бойына тұрақты түрде өткізіліп келеді. Атап айтқанда, «Елдігіміздің нышандары» атты шаралар ай сайын жоғарғы оқу орындары мен колледждерде, орта мектептерде, бала бақшаларда, қала мекемелерінде, кітапханаларында әр түрлі кездесулер мен көрмелер өткізіліп, бұқаралық ақпарат құралдарында кеңінен насихатталып отырады. Мұндағы негізгі мақсат – қала тұрғындарының,  әсіресежастардың рәміздерге деген құрметін арттыра отырып, оларды Отансүйгіштікке тәрбиелеу.

– Бүгінгі мемлекеттік тілдің деңгейі жөнінде ойыңызды айта кетсеңіз. Айтпағым, Еуропаның кейбір мемлекеттері өздерінің ана тілдерін рәміздер қатарына кіргізіпті. Мүмкін, біздің қазақ тіліне де осындай мәртебе беру керек шығар? Сіздің ойыңыз.

– Елімізде қазақ тілі – мемлекеттік тіл болып табылады ғой. Ата Заңымыз Қазақстан Республикасының Конституциясында анық жазылған. Меніңше, бұдан артық мәртебенің қажеті жоқ. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Қазақ қазақпен қазақша сөйлессін» деп айтқаны бар. Әрбір азамат осындай көзқарас танытып, мемлекеттік тілге деген құрметі жоғары болса, қазақ тілінің деңгейі биік болады деп ойлаймын. Ақиық ақын Қадыр Мырза Әлінің: «Ана тілің – арың бұл, ұятың боп тұр бетте. Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» деген өлең жолдары да жүрегі қазақ деп соққан адамға ой салары анық.

– Алдымызда келе жатқан рәміздер күні облыс орталығында қандай шаралар атқарылмақ?

– Жоғарыда атап өткендей, Мемлекеттік рәміздер күніне орай, қаламыздағы барлық мекемелерде, оқу орындарында арнайы іс-шаралар қазірдің өзінде ұйымдастырылуда. Жыл басынан бері 70-тен астам шара өтті. Ал, негізгі мерекелік шара 4 маусым күні қаламыздағы І.Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында ұйымдастырылады. Салтанатты жиында мемлекеттік қызметке жаңадан алынған азаматтар ант қабылдайды. Сондай-ақ, 16 жасқа толған жастарға куәлік тапсыру рәсімі атқарылады. Мерекелік шара көркемөнерпаздардың концерттік бағдарламасымен жалғасады.

– Рахмет!

Қызық дерек

Тарихта мемлекеттік рәміздерге байланысты әртүрлі деректер де кездеседі. Әлем елдерінің туларында ең көп кездесетін рең – қызыл түс екен. Осы түс барлық мемлекет туларының үштен екісінде бар. Одан кейінгісі ақ, көк, сары және қара түсті тулар. Ал төрт өлең жолынан тұратын ең қысқа әнұран мәтіні Жапония мен Иордания елдеріне тиесілі көрінеді. Сондай-ақ 158 өлең жолынан тұратын ең ұзақ әнұран мәтіні Грекия елінің әнұраны. «Бостандық әнұраны» деп аталатын оның мәтінін 1823 жылы грек ақыны Диониенос Соломос жазған.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK