Талдықорғанда «Жетісу — адалдық алаңы»  жобалық кеңсесі аясында қала әкімдігінің фронт-офис жобасының таныстырылымы өтті. Халыққа қызмет көрсетуге қолайлы жағдай жасау мақсатында ашылғалы отырған жаңа орталық «Open space» қағидасы бойынша жұмыс жасамақ. Аталған жобаның анық-қанығын білуге облыс орталығына іргелес қоныстанған бірнеше  аудан, қала әкімдері мен шаһардағы әр саланың басшылары қатысты.

Жиналған қауым алдында сөз алған Талдықорған қаласының әкімі Ғалымжан Әбдірайымов: «Фронт-офис өз жұмысында open space (ашықтық) қағидатына негізделеді. Орталық Абай көшесі 241 мекенжайында орналасады. Жалпы аумағы 100 шаршы метрге жуық. Ол жерге тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жер қатынастары, сәулет қала құрылысы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі сынды бірнеше мекеменің мамандары орналасатын болады. Ғимаратта электронды кезек, ыңғайлы орындармен күту залы, кондиционер, суға арналған диспенсер және ақпараттық теледидар сияқты қолайлы жағдай  жасалады. Міне, бұл тұрғындардың әр мекемені іздеп сабылмай бір жерден мемлекеттік қызметтер мен қажетті кеңестер алуына мол мүмкіндік береді» –деді.

 «Нұр Отан» партиясы Талдықорған қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Аманжол Жазықбаевтың айтуынша бұған дейін «Open space» жобасы Үштөбе қаласында жүзеге асырылған болатын.  Қазір онда мемлекеттік қызметтің  41 түрі көрсетіледі. Осыдан кейін Кербұлақ ауданы мен Жаркент қаласында жолға қойылды. Алдағы уақытта осындай форматтағы кеңселер Алматы облысының барлық аудан,  қалаларында іске қосылмақ.

 

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK