Жаз мезігілінде өрт қаупі арта түседі. Бұл кезде орман алқаптарын өрттен көздің қарашығындай сақтауға тура келеді. «Жоңғар» орманшаруашылығы коммуналдық мемлекеттік мекемесінің 7-айналымына 4213 гектар жер тиесілі. Оның 998 гектары орман алқабы. Ала жаздай осы аумақты өрттен сақтау үшін жүйелі жұмыстар жүргізіліп тұрады.

Негізі, найзағайды есептемегенде, ормандағы өртің бәрі сыртқы себептерден болады. Яғни, адам қолымен жасалады. Әрине, адам да қасақана өрт салмайды. Бұндай жайттар өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтамағаннан, оған жүрдім-бардым қарағаннан шығады. Сондықтан, біз – орманшылар айналада отырған малшы ағайынға, табиғат аясына келіп демалушыларға арнайы жасақталған жадынамаларды үлестіріп, орман қорын бірлесе қорғауға, табиғатты аялауға шақырып тұрамыз. Дегенмен, бұқаралық ақпарат құралдарында орман алқаптарын өрттен қорғау жөнінде жиі айтып отырған дұрыс. Әсіресе, өмірден алынған мысалдарды келтіре отырып,  газет, радио, теледидар арқылы өрт қауіпсіздігі ережелерін көпшілікке түсіндірудің маңызы зор деп есептеймін. Біз өз тарапымыздан орманға барар жолдарда, демалатын жерлерде, орман жұмыстары жүріп жатқан жерлерде түрлі түсті плакаттар, хабарламалар арқылы өрттен сақтандырулар туралы ақпараттар іліп қойғанбыз. Алайда, осыларды орман маңында демалушылар ескере бермейді. Әр тұрғын мұндай ескертулерге байыппен қараса, халық байлығы — орманды тілсіз жау өрттен қорғауға, аман сақтауға елеулі ықпалын тигізері даусыз.

Халқымызда «Ауырып ем іздегенше, аурымаудың жолын ізде» деген нақыл бар ғой. Тұтанған орман өртін сөндіру оңай шаруа емес. Сондықтан оған жол бермеудің алғы шарттарын қатаң сақтау қажет. Бұл тек орманшының міндеті емес. Себебі, орман – елдің байлығы, адамзаттың ауасы.

Жайлаубек Сейсембаев

«Жоңғар» орманшаруашылығының орманшысы.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK