Биыл Алматы облысында көпбалалы және әлеуметтік жағдайы төмен 672 адамға баспана кілті табыс етілмек. Сонымен бірге еңбек нарығының қажеттілігіне сәйкес 200-ден астам білім гранты бөлініп, оның 100-ін тағы да тұрмысында қиыншылығы бар, көпбалалы жанұялардан шыққандарға беру көзделген. Бұл туралы облыс орталығы Талдықорғанда «Алматы облысының әлеуметтік картасының мақсаттарын  жүзеге асыру» тақырыбында  өткен баспасөз мәслихатында айтылды.

БАҚ өкілдері алдында сөз алған облыс әкімінің орынбасары Ақан Әбдуәлиев: «Бүгінде Алматы облысының тұрғындары мемлекеттік бағдарламалар аясында іске асырылып жатқан игі істердің игілігін көре бастады. Жалпы, қазір өңірде төрт және одан да көп бала тәрбиелеп отырған 40 мыңға жуық отбасы бар. Олардың 22 мыңнан астамы атаулы әлеуметтік көмек алады. Әрі көпбалалы отбасының мектеп жасындағы балалары тегіс ыстық тамақпен қамтылған. Нақтырақ айтсақ, Жетісу жеріндегі көпбалалы аналар мен мүмкіндігі шектеулі жандардың  әлеуметтік көмек алуына, баспанаға қол жеткізуіне облыс әкімдігі тарапынан бар мүмкіндіктер қарастырылған. Бұған қоса оларға қоғамдық көлікте тегін жүру, табиғи газға тегін қосылу, балаларының тегін білім алуы сынды тағы бірқатар жеңілдіктер берілген. Мәселен, мұндай жанұяларды табиғи газга тегін қосу мәселесін шешу үшін облыс қосымша 500 млн. теңге қаражат бөліп отыр. Ал, қолға алынған «Бақытты отбасы» бағдарламасы тікелей көпбалалы аналаларды баспанамен қамтуға бағытталған. Оған биыл республикалық бюджеттен қосымша 5,6 млрд. теңге қаржы қарастырылған. Осының нәтижесінде жыл соңына дейін жалпы өңірде кезекте тұрған 670-тен астам адам баспаналы болмақ. Соның ішінде 320 пәтер Талдықорған қаласының тұрғындарына берілмек. Бұл пәтерлердің алды  маусым айынан бастап беріле бастайтын болады », -деді.

Осы орайда Ақан Жылқышыбайұлы мұндай игі істерге аймақтағы кәсіпкерлерде  белсене атсалысып келе жатқанын айырықша атап өтті. Оның айтуынша  жыл басынан бері Жетісу жеріндегі аудан, қала кәсіпкерлері батыр аналар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға  60  үй  сатып алып берген.

Осыдан соң  облыстық білім, құрылыс және  жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшылары, сондай-ақ, Талдықорған қаласы әкімінің орынбасары әр салада атқарылып жатқан істерді жеке-жеке түсіндіріп шықты. Басқосу соңында БАҚ өкілдерінің сауалына жауап берген басқарма басшылары бұдан былайда бірлесе жұмыс жасауға дайын екендіктерін білдірді.

 

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK