Талдықорғанның «Жетісу» орталық стадионында Алматы облысының әкімі Амандық Баталовтың қатысуымен «Футбол фестивалі» өтті. Аталмыш шарада облыс әкімдігінің қызметкерлері футбол ардагерлерімен жолдастық кездесу өткізіп, жиналған қауымға тамаша ойын өрнегін ұсынды, — деп хабарлайды taldykorgan-online.kz

Суретті түсірген Жеңіс Ысқабай

Көрермен үшін жасыл алаңдағы бәсеке тартысты өрбіді. Күнделікті кастюм киіп, мемлекеттік қызметте жүргендерді бір сәт стадионнан көрудің өзі қызық. Амандық Баталов бастаған «Облыс әкімдігі» командасының сапында әкім орынбасары Айдарбек Байжанов, Жеңіс Тұяқов, Талдықорған қаласының әкімі Ғалымжан Әбдірайымов, облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Рустам Алпысбаев және облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Нұрбақыт Теңізбаев сынды ойыншылар өнер көрсетті.

Матчтың алғашқы таймында команда капитаны А.Баталов оңтайлы жерден гол соғып кетті. Осыдан кейін ардагерлер қарымта шабуылдарға жиі шығып, таразы басын теңестірді. Кездесудің екінші кезеңі де қызыққа толы болды. Бұл кезде нәтижелі пасты қабылдай білген Амандық Ғаббасұлы допты қарсылас команданың қақпасына дәл бағыттап, дубль авторы атанды. Араға уақыт салып, ардагерлердің де ұпай санын толықтырғанын көрдік. Жалпы, қос команда жасыл алаңда теңбіл допты ұршықша иірмесе де, достық ойынын әдемі көрсете білді. Есеп 2:2.

Шара соңында өңір басшысы футболсүйер жас жеткіншектерге өзінің жылы лебізін білдірді.

– Құрметті қала тұрғындары, жас футболшылар! Біз жыл сайын осы футбол мерекесін дәстүрлі түрде өткізіп келеміз. Мұндағы мақсатымыз – балаларға футбол спортын дәріптеп, кезінде үздік шабуылшы болған Руслан Балтиев сынды «Жетісу» командасының атақты ойыншыларын үлгі ету. Сол үшін балалар қазірден спортқа жақын болып, футболды жақсы көріңдер. Әрдайым «Жетісу» командасының жеңісіне тілекші болыңдар. Өздерің білесіңдер соңғы кездері жергілікті футболшыларымыз жақсы нәтиже көрсетіп жүр. Бұл – қуантатын жағдай. Болашақта сендердің де кәсіби футболшы атанып, осы «Жетісу» командасының сапында өнер көрсетулеріңе тілекшімін. Араларыңнан Зинедин Зидан, Криштиану Роналду, Лионель Месси сынды әлемдік жұлдыздар шыға берсін. Мереке құтты болсын!, — деді Амандық Баталов.

Осыдан кейін облыс әкімі футбол клубтарының мүшелеріне 1000 дана допты сыйға тартты. Әншілер өнер көрсетіп, мереке көркін қыздырды.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK