Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтының отбасы мүшелері арасында спорттық сайыс өтті.  «Әке, ана және мен – спорттық отбасы» атты бұл жарыс «Отбасы күніне» орай ұйымдастырылған. Шараның басты мақсаты – жұрт арасында салауатты өмір салтын қалыптастырып, көңілді спорт ойындары арқылы жас әскери қызметшілердің және олардың отбасы мүшелерінің спортқа деген белсенділігін арттыру.

Институт спартакиадасына жалпы 6 отбасы қатысты. Әр топтың құрамында төрт адам бар. Олар бір жанұяның ата-анасы және 2 баласынан жасақталған. Қатысушылар  өздерінің икемдігін, мықтылығын, жылдамдығы мен бірлікте  жұмыс істей білу қабілеттерін көрсетуі шарт.

Жарыстың ашылу салтанатында сөз алған Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтының басшысы генерал-майор Асқар Мұстабековтың айтуынша, әр отбасы өзіндік ішкі саясаты, экономикасы мен өндірісі бар шағын мемлекет. Ондағы берілетін тәлім-тәрбие де ерекше мән-мағынаға ие.

— Отбасының адамзат ұрпағына деген ықпалы мен әсері ерекше. Отбасындағы береке-бірлік, татулық пен сыйластық Отанымыздың кемелденіп өсуіне ықпал етеді. Сондықтан, «Отбасы күніне» орай әскери қызметшілердің өз отбасымен кедергілерден бірге өтіп, жұмылған жұдырықтай тату да, берік болуы үшін осы спорттық сайысты ұйымдастырып отырмыз. Әр отбасына сәттілік тілейміз, — деді генерал-майор А.Мұстабеков.

Сайыстар эстафета түрінде өтті. Әр отбасы доппен кедергілер арқылы жүгіру, қаппен секіру, допты алып жүгіру және арқан тарту сынды ойын түрлерінен өзара сынға түсті.

Сайыс қорытындысы бойынша бас жүлдені Айдарбековтер отбасы еншілесе, Сыздықбаевтар отбасы 2 орынға ие болды. Ал, Бірімбердиевтер отбасы 3 орыннан көрініп, жеңімпаздар «Белсенді отбасы», «Мейірлі отбасы» және «Көңілді отбасы» номинациялары бойынша марапатталды.

— Отбасымызбен тұрақты түрде спортпен шұғылданамыз. Ептілігіміз бен мықтылығымыз сынға түскен сайыста жеңіп шығып, үздік атанғанымызға өте қуаныштымын, — деді подполковник Сәбит Айдарбеков.

Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне арнай дипломдар мен медальдар   және бағалы сыйлықтар табыс етілді.

 

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK