Талдықорғанда Алматы облыстық «Жетісу» телеарнасының 20 жылдық мерейтойына орай БАҚ өкілдері арасында волейболдан, шахматтан және үстел теннисінен облыстық ашық спартакиада өтті. Аталмыш додаға жергілікті журналистерден бөлек, аудандардан келген командалар қатысты, — деп хабарлайды taldykorgan-online.kz

Жарыстың ашылу рәсімінде телеарна директоры Бейсен Құранбек сөз алып, спорттық шараға қолдау бірген Алматы облысының әкімі Амандық Баталовқа және спартакиаданың өтуіне ұйытқы болған облыстық ішкі саясат басқармасына шынайы алғысын айтты. Өз кезегінде жарысқа арнайы уақыт тауып келген барлық тілшілерге де жылы лебізін білдіріп, қатысушыларға сәттілік тіледі.

Сонымен қатар, салтанатты шарада «Жетісу» телеарнасы директорының орынбасары Серік Әбікенұлы және телеарнаның бас продюсеры Жұмахмет Жайлаубаевтар да микрафон алып, ақ тілектерін ақтарды.

Жалпы, жураналистер арасындағы дода тартысты өтті. Волейболдан бірінші орынды «Жетісу журналистері» командасы ұтып алып, 300 мың теңгені қанжығаларына басты. Екінші тұғырдан көрінген «Бейне инженерлер» 200 мың теңгені иеленсе, үздік үштікті түйіндеген «Операторлар» командасы 100 мың теңгені олжа тұтты.

Ал, шахмат сайысында «Талдықорған» газетінің бас редакторы Данияр Сейсенбаевқа тең келер қарсылас болмады. Екінші және үшінші орындар аудандардан келген шахматшыларға бұйырды.

Үстел тенисінен бақ сынаған «Жетісу» радиосының тілшісі Мұхит Тоқтасын барлық қарсыластарын қоғадай жапырып, жарыс жеңімпазы атанды. Екінші орын Ерлан Ушакпаевқа бұйырса, «Огни Алатау» газетінің жауапты хатшысы Асхат Алтынбеков үшінші тұғырдан қол бұлғады.

Қыздар арасындағы бәсекеде «Жетісу» газетінің тілшісі Аружан Доланбеков қарсылас шақ келтірмеді. «Талдықорған» газетінің дизайнері Зарина Чечетова үстел тенисінің екінші жүлдесін еншілесе, «Жетісу шұғыласы» газетінің тілшісі Зейнегүл үшінші орынмен жарысты аяқтады.

Айта кетейік, мұндағы топ жарған қатысушылардың барлығы 50 мың теңгемен марапатталса, екінші орыннан көрінгендер 30 мың және үздік үштікті түйіндеген қатысушылар 15 мың теңгеге ие болды.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK