Талдықорған қаласының әкімі Ғалымжан Әбдірайымов қалалық жергілікті полиция қызметінің жеке құрамымен кездесіп, әкімдіктің үлкен залында арнайы жиын өткізді, — деп хабарлайды taldykorgan-online.kz

Жаңа қызметке кіріскен шаһар басшысы тәртіп сақшыларымен алғаш рет кездесіп отырғандығын айтып, әңгімені танысудан бастады. Одан кейін Ғалымжан Райылұлы қаланың қоғадық тәртібін сақтау, санитарлық тазалығын қамтамасыз ету, жабайы саудаға жол бермеу, жол жүру ережелерін бақылау сынды мәселелерде кемшіліктер барын айтып, бұған айрықша көңіл бөлу керектігіне тоқталды. Сонымен қатар, орын алған қылмыстар бойынша сараптама жасап, өзінің ойын ортаға салды.

«Үстіміздегі жылдың 4 айында қалада тіркелген қылмыс саны 2 пайызға азайған. Айталық, 2018 жылы бұл көрсеткіш 1432-ні көрсетсе, биыл 1403 заң бұзушылық жасалған. Қылмыстың ашылуы 53,7 пайызға жақсарып отыр. Полиция қызметкерлерімен 7548 әкімшілік құқық бұзушылық анықталып, 37,6 млн. теңге көлемінде айыппұл салынған. Алайда, осы сомманың 55 пайызы ғана төленіпті. Кәмілетке толмағандар арасында құқық бұзушылық 26 пайызға өсіп отыр. Бұл енді жақсы емес. Алдағы уақытта осы цифрлардың жақсы жаққа қарай өзгеруі – сіздердің жұмыс істегендеріңізге байланысты», — деді Ғ.Әбдірайымов.

Тәртіп сақшыларының айтуынша, облыс орталығында пәтер тонау, қалта және мал ұрлығы өзекті мәселе болып тұр. Бүгінгі күні Талдықорғанда 871 бейне бақылу жұмыс істеп тұрғанымен қылмыстың ашылуы қиынға соғуда. Осы орайда полиция қызметкерлері камералардың көмегімен қылмыскердерді құрықтау жеңіл екендігін айтып, қала әкіміне ұсыныс білдірді. Мамандардың сөзіне сүйенсек, қазір көпқабатты үйлердің кіреберіс жеріне көбіне бейне бақылау орнатылмаған. Сондай-ақ, қоғамдық көліктерде қалта ұрлығы көбейіп кеткендіктен автобустарға камера қажеттілікті туындатып отыр. Одан бөлек, қала көшелеріне орнатылған бейне бақылауларды ағаш бұтақтары жауып қалған. Осы жайттарды алға тартқан полиция қызметі қала әкімінен күрделі болып тұрған мәселеге ықпал етуін сұрады.

Барлық мәселемен етене танысқан Ғалымжан Әбдірайымов аталған ұсыныстардың шешімі қарастырылатынын жеткізді. Сонымен қатар, шаһар басшысы полция қызметкерлеріне бірнеше тапсырма беріп, оларды халықпен тығыз жұмыс жасауға шақырды.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK