Талдықорғанда қарымды қаламгер Жаскілең Қалиевті еске алуға арналған тағылымды кеш өтті. Жиналған жұртты жыр зәмзәмімен сусындатып, әуезді әнмен желпінткен  рухани шараны қаладағы №12 орта мектептің ұстаздар қауымы ұйымдастырған. Кештің мақсаты ел ертеңі саналатын жастарға аға буын өкілдерінің құнды шығармаларын жан-жақты насихаттау арқылы ұлтымыздың, салт-дәстүрі, әдеп-ғұрпы, діні, тілі мен төл мәдениетін жаңғырту дейді ұйымдастырушылар.

Кешке келгендер алдында сөз алған Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, танымал ақын Ахмет Кендірбекұлы Жаскілеңнің шығармаларына кеңінен тоқталып, ол, нағыз өшпейтұғын артына сөз қалдырған азамат. Қаламгердің түрлі жанрда жазылған жүрекжарды туындыларын жинақтап кітап етіп шығаруда автордың жары Сафура Қалиеваның еңбегі ерен  екенін айырықша атап өтті.

 

Осыдан соң аталған білім шаңырағының талапты жастары мен өңір өнерпаздары ақынның ойлы өлеңдерін жатқа оқып, сөзіне жазылған әндерді әуелете шырқады.

 

 Жалпы, Жаскілең Қалиев 1934 жылы Алматы облысындағы бұрынғы Бөрлітөбе ауданы Көкжиде ұжымшарында дүниеге келген. Орта мектепті үздік нәтижемен тауысқан ол, сол кездегі С. М. Киров қазіргі әл Фараби атындағы мемлекеттік университетті, СОКП ОК жанындағы жоғары партия мектебін бітірген. Алғашқы еңбек жолын Бөрлітөбе ауданынан бастап, кейін  Қапал, Ақсу аудандарында қызмет істеген. 1968 жылдан бастап облыстық партия комитетінің бөлім меңгерушісінің орынбасары, бөлім меңгерушісі, партия комиссиясының төрағасы, облыстық мұғалімдер білімін жетілдіру институтының директоры қызметтерінде болған. «Армысың, теңіз», «Аласарма, азамат» сынды жыр жинақтары  және «Жансаям менің» атты екі томдық прозалық шығармалары жарық көрген.

Кеш соңында ақынның жары барлық шараға қатысушыларға және ұйымдастырушыларға алғыс айтып, ризашылығын білдірді.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK