Жандос Жолдыханов

Тарыдай болып мектеп табалдырығын аттаған жас ұрпағымыз жыл сайын сыныптан – сыныпқа сатылай көтеріліп, өсіп  келеді. 2018-2019 жылғы оқу жылы да аяқталды. Талдықорған қалалық білім бөлімінің басшысы Жолдыханов Жандос Бейсенбекұлынан  оқу саласындағы жетістіктер турасында баяндап беруін өтінген едік.

-Мектеп-білім берер орта. Ұрпақты оқытып, тәрбиелейтін білім саласы  үстіміздегі оқу жылын қалай аяқтады?

-Білім мен тәрбие ұштастырған, айқын мақсаттарға қол жеткізуде талмай еңбек етіп, білімнің шыңына жетуге асық  оқушыларымыз алтын  ұя мектептеріндегі  тағы бір оқу жылын аяқтап отыр. Қала бойынша жалпы білім беретін  25 мектепте 28 мыңдай оқушы  бар. Оның арасында 1- 4 сыныпты -13663, 5-9 сыныптарды 12040 оқушы тәмамдап отыр.  Ал 10-11 сыныптағы оқушы саны 2430-ды құрады. Бізде  бала саны 157-ні құрайтын шағын жинақталған бір мектеп бар.

Бүгінгі таңда 67 мектепке дейінгі мекемелер жұмыс жасайды. Балабақшалардың 16-сы мемлекеттік, 43-і жекеменшік болса, мектеп жанынан ашылған 8 шағын орталық бар. Жалпы алғанда 8363 бала балабақшамен қамтылған. 3-6 жас аралығындағы балдырғандарды  балабақшамен қамту көрсеткіші 98,2 пайызды құрайды. 2019 жылы қадамдық жоспарға сәйкес Талдықорған қаласында мемлекеттік тапсырысты орналастыру негізінде 705 орынды 4 жекеменшік балабақша мен  балабақшалардағы қажеттілікке орай 17 топ  ашу жоспарланған.

дереккөз
олимпиада

 «Ұстазы жақсының ұстанымы жақсы». Оқу жылындағы мұғалімдердің жетістігіне тоқталсаңыз.

— Ұлағат иесі  ұстаздарға жүктелетін міндет жоғары. Қазіргі таңда 2260 мұғалім  оқушыларға сапалы білім, саналы тәрбие беру жолында еңбек етуде.  Олардың ішінде 817-сі жоғары, 511-і  1-санатты мұғалімдер.  Жаңартылған  білім мазмұны бойынша 910 мұғалім курстардан өтті. Осы жаңартылған білім мазмұны негізінде өткен курстарды  17 директор тәмамдады. Сертификат алған педагогтар саны 1285 болса, 76 мектеп тренері, 27 мектеп үйлестірушісі, курстан 135 ағылшын тілі мұғалімі өтті. Ал жаратылыстану –математикалық бағыттағы пәндерді ағылшын тілінде жүргізетін 88 мұғалім бар. «Табысты басшы» жобасы аясында өткен «Шебер сыныптар» алаңында қала командасы 1-орын алды. «Жас  менеджер» байқауында №8 орта мектептің директоры Ләйлә Мұқатайқызы жүлделі 3-орынды иеленді.

Оқушылардың  бос уақытын тиімді пайдалануына, қабілетін дамытуға қандай жағдайлар жасалып отыр?

— Иә, дұрыс айтасыз. Бізде қосымша білім беру мекемелері  бала бойындағы   қабілетін дамытуға  жол ашады. 7500-ге жуық  бала Оқушылар сарайындағы үйірмелерге қатысып, «Жас техниктер» станциясы, музыкалық , балалардың көркемсурет және өнер  мектептерінде қосымша білім алуда.  Шаһарда  балалардың  екі аула клубы бар, ондағы үйірмелерге  540 бала қатысады.

1558 бала ерекше күтімді қажет етеді. Олардың 26 пайызы білім берумен, тәрбиемен қамтылған. 237 бала мектепте білім алса,  120-сы мектепке дейінгі мекемелерде тәрбиеленуде. Сондай-ақ,   қала бойынша оқушыларды тасымалдауды қажет ететін 2 елді мекен бар. Бала саны 192 болса, оларды тасымалдауға 4 автобус бөлінген. Күрделі жөндеуді қажет ететін  6 білім мекемесі бар. Үстіміздегі жылға №7 орта мектеп  күрделі жөндеуден өткізу жоспарланған.

Көп балалы отбасылардың  балаларына көмектер көрсетіліп келеді.    Мектепте ыстық тамақпен 2018 жылы 3567 бала қамтылса, 2019 жылдың 6 мамырына дейінгі дерек бойынша 3762  оқушы тамақтандырылған. Қоғамдық көлікте оқушылардың бәрі тегін жүру құқығына ие.

-Білімді шәкірттер әрдайым ел келешегі. Талдықорғандық өрендер жаңа технологияны қалай меңгеруде?

— Иә, мектептерде  балаларды оқыту мен тәрбиелеуде алға қойған мақсат – жан-жақты, білімді, іскер, өзіндік ойлау жүйесі дамыған, адамгершілігі жоғары, дені сау, бәсекеге барынша қабілетті жас буынды  қалыптастыру.  Оқушылар республикалық, облыстық, қалалық пән олимпиадаларына және ғылыми зерттеу жоба жарыстарына  республикалық кезеңіне  қатысып, жүлделі  орындарды иеленгендер баршылық. Білім сапасын саралайтын   түрлі  сайыстар  үнемі ұйымдастырылып келеді.

Жас ұрпақтың бойына адамгершілік пен әдебиет, мәдениетіміздің қайнарын сіңіру мақсатында «Абай, Шәкәрім», Ілияс, Мұқағали, Мағжан  оқуларын өткізу дәстүрге айналған. «Дарын»  сайысына  241 оқушысы қатысып,  үздік шыққан  17 бала  облыстық кезеңге  жолдама алды. Пәндік олимпиадаға 733 оқушы қатысып, білім деңгейлерін көрсетті. «Абай» оқуларының 3 бағыты бойынша бірінші орынды жеңіп алған  3 оқушы облысқа, одан әрі республикалық кезеңге біреуі жолдама алды. «Ілияс» оқуларынан  облысқа 2 оқушы өтіп,  1-еуі  республикадан 3 орынды иеленді.

Балабақшадан бастап жеткіншектер өнер сайыстарына қатысады. Патриоттық-спорттық  «Жасұлан» сайысы жуырда өтті.

Ал жаңа технологияларды енгізуге қатысты айтарым, Оқушылар сарайында   робототехникалық  және  2 IT сыныптар  жұмыс жасауда.  Үйірме сыныптарға  қатысушы    балалардың  жаңа технологияға  деген қызығушылығы ерекше. Осы  оқу жылында жаңадан  №28 IT мектеп-лицейі ашылды. Интербелсенді тақта саны 252 болса, лингофон –мультимедиялық кабинеттер 20-ны құрайды. Мектептердің кітапханасы  оқулықпен толықтай қамтылған.

Оқудан қолы босаған жеткіншектердің жазғы демалысын мағыналы өткізу-парыз. Бұл бағытта нендей жұмыстар қолға алынған?

— Қала бойынша жалпы білім беретін  мектептердегі  1-10 сыныптың 26 мыңдай оқушысын жазғы каникул кезеңінде сауықтыру, бос уақыттарын тиімді  пайдалану, еңбекке баулу жоспарланып отыр.  Мектеп жанындағы күндізгі лагерлерде 4480  бала, ал  бірнеше сағаттық үйірмелерге қатысып тамақтанбайтын түрдегі демалысқа 4200 бала қатысады.

Қала сыртында ұйымдастырылған лагерге 2300 оқушы барады деп күтілуде. 13 мыңдай бала  өз ата-анасымен қыдыруға, демалуға ниетті.  Оқушылар сарайында «Балдәурен» күндізгі  лагері ақысыз жұмыс жасайды.Үш ауысымда 400 бала демалмақ.

Жыл сайын әлеуметтік аз қорғалған, көпбалалы отбасылардың балалары жазғы сауықтыру шараларымен қамтылады. Үстіміздегі жылы аталған санаттағы 3532 баланы  тегін демалтумен қамту көзделіп отыр. Олардың арасында жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалғандар, мүмкіндігі шектеулі балалар,  ІІБ  есепте тұрған жасөспірімдер, шығармашылық , спорт байқауларының жеңімпаздары да бар.

№16, №19 орта мектептеріндегі жүзу бассейні жұмыс жасайды. Қаладағы барлық мектептің спорт алаңдарында маусым-шілдеде оқушыларға футбол, волейбол ойындарынан жарыс ұйымдастырылады.

Сондай-ақ, қала әкімдігінің қолдауымен жыл сайынғы дәстүрге сай 450 баланы бір күндік демалысқа Балқаш, Қапшағай көлдеріне апару жоспарланған.

Түлектер үшін   білім алған мектеппен қоштасу ерекше сәт. Биылғы мектеп қабырғасында өтетін кештердің өзіндік ерекшелігі бар ма?

— Биыл 1154 оқушы мектептерді табысты аяқтап отыр.  Түлектердің 52-сі «Алтын белгі» иегері атанудан, 21-і үздік аттестаттан үміткерлер қатарында.

Маусым айында өтетін Ұлттық бірыңғай тестілеу сынағына 802 түлек қатысуға ниет білдірді. Наурыз айында өткен ҰБТ-ны  715 оқушы тапсырды. Олардың байқау сынақ нәтижесіндегі орташа балл 76 болды. Мемлекеттік  грант иелену үшін өткізілетін сынаққа қатысушыларға сәттілік тілеймін.

 Мектеп бітіруші түлек үшін «Соңғы қоңырау» салтанаты  болсын, мемлекеттік емтихан, одан кейінгі аттестат алу   маңызды кезең саналады. Барлық түлектеріміз үшін мектеппен қоштасу кештері ұйымдастырылады. Жуырда өткен жалпы ата-аналар жиынында мектеп бітіру кештерін шығынсыз, танымал адамдармен кездесу, ұстаздарының ақыл-кеңестерін тыңдап өткізу туралы ұсыныс болды. Бұл бастаманы мектеп бітірушілердің өздері қолдады.Түлектердің қуанышымен бөліскен орынды да шығар. Бірақ оны ұлан-асыр тойға айналдырудың жөні бар ма?  Білім және ғылым министрлігі биылғы мектеп бітіруші түлектердің кешін шығынсыз  өткізу керектігін ескертті. Бұл жөнінде облыстық  білім басқармасы да, қалалық білім бөлімі де  шешім қабылдады.  Бұл жөнінде  ата-аналар ескерттік.

Мектеп бітірушілер  үшін бұл балалықпен, мектеппен  қоштасып,  үлкен ересек өмірге алғашқы қадамдары. Мектептегі бітіру кеші тәрбие сағаты ретінде өткізіледі. Ол  түлектердің ата-аналары мен ұстаздарына алғысының белгісі болып қалмақ.

-Сұхбатыңыз үшін рахмет.

 

                             

 

 

 

 

 

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK