дереккөз

Отбасылық құндылық пен дәстүрді жаңғырту, отбасының қоғамдағы рөлін арттыру мақсатында  қолға алынған  «Мерейлі отбасы»  байқауының  қалалық кезеңіне құжат қабылданып, сараланды.

Осы конкурсқа қатысқан отбасыларын  бүгін Талдықорған қаласы әкімінің орынбасары Сәуле Арзанбекова  қабылдады. Шараға қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Әділет Рымтаев және  байқауға қатысушы отбасылардың иесі, отанасы, балалары мен немерелері келіп қатысты.

«Отбасы — мемлекеттің тірегі. Бұл адам баласы үшін қастерлі ұғым. Елге, жерге деген сүйіспеншілік, барлық асыл қасиеттер отбасынан басталады.  Отанға  деген ыстық сезім, жақындарына, туған-туысқандарына деген сүйіспеншіліктің бәрі   қасиетті шаңырақта қалыптасады.  Елімізде отбасылық құндылықтарды нығайтуға ерекше көңіл аударылып, бірнеше  жылдан бері осы  байқау қолға алынып, өткізіліп келеді. Өткен жылдары  облыстық байқауға қатысып, жүлдегер атанған  шаңырақтар бар.

 Конукрстың қалалық кезеңінде арнайы  құрылған комиссия   бес отбасының өтінімін саралады. Облыстық кезеңге ұсыным жасалды. Сол   шараның алдында өздеріңізбен  жүздесуді жөн санадық,-деді  Сәуле Аманбайқызы.

 Осылайша жылы  лебізін білдіріп, сый-сыяпат табыстады.

Бұл отбасылардың әрқайсысы әр салада облысымыз бен қаламыздың өсіп-өркендеуіне үлес қосқан жандар.   5 бала тәрбиелеген   Жексенбай Жетпісбаев пен Қаншайым Сыдықова 16 немере, 5 шөбере сүйіп отыр.

Өнерлі отбасының отағасы Бақытай Қабдолдаұлы жұбайы Рәзиямен бірге екі ұл, бір қыз тәрбиелеп, 6 немере сүйіп отыр. Бақытай Түстікбаев Талдықорған қаласының мәдениеті мен өнерінің дамуына зор үлес қосып, жас шәкірттерді өнерге баулыған білікті маман. Қызы Балжан да саз колледжінің ұстазы. Ал ұлдары спорт шеберлері.

Шәкәрімдер отбасындағы  Нұрдәулет пен Ардақ Шілтенқызы ұзақ жыл арнаулы оқу орындарында қызмет жасады. Олар «Білім беру ісінің» үздіктері. Үш ұлдары бүгінде  елге қызмет жасап жүр. Ал қос ұстаз немерелер тәрбиесіне атсалысуда.

Шаңырағында  4 қыз, 2 ұл тәрбиелеп отырған Васиховтар отбасы байқауға қатысуда. Инабатты қыз, иманды ұл тәрбиелеген Талғат пен  көпбалалы ана  Салтанат Дәулеткелдинова отбасы құндылығын алтынға теңейді. Баланың жетістігі – ата-ананың жетістігі деген қағиданы ұстанады.

Жас мұғалімдерден құралған Умаровтар отбасында кішкентай ұл мен қыз  өсіп келеді. Қаладағы М. Жұмабаев атындағы №19 орта мектеп-гимназиясында екеуі де мұғалім болып еңбек етеді.  Шарада байқауға қатысушылар  өзара пікірлесіп, ақ тілек білдірді.

 

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK