Облыс әкімі А.Баталов мәдениет қызметкерлерін марапаттады

150
Дереккөз

Мәдениет және өнер саласы қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай салтанатты жиын өтті.

Дереккөз

Қазіргі таңда облысымызда 556 мәдениет, мұрағат мекемесі, 88 «Халықтық», «Үлгілі» атағы бар ұжым, 1406 көркемөнерпаздар үйірмесі бар. 3214 қызметкер ұлт руханияты мен мәдениеті жолында еңбек етуде. Өткен жылдың мәдениет саласының айшықты оқиғаларының бірі  Б.Римова атындағы Талдықорған драма театрының жаңа ғимаратының  қолданысқа берілуі болды. Сондай-ақ  Талғар ауданы, Жаңалық ауылында «Саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған музей», Орбұлақ шайқасының 375 жылдығына орай «Ұлы жебе» мемориалды кешені бой көтерді. 100 томдық «Жетісу кітапханасы» аясында 2018 жылы 20 автордың туындысы жарық көрсе, ағымдағы жылы 40 қаламгердің кітабын шығару жоспарлануда. Айта кетерлігі, олардың басым бөлігі жас ақын-жазушылардың еңбектері  болмақ. Салтанатты шараға қатысқан Алматы облысының әкімі Амандық Баталов «Халқымыз ғасырлар бойы мәдениеті мен өнерін, дәстүрі мен асыл мұрасын алтын бесігінде тербетіп келеді. Қай заманда да еліміз дәстүрін дәріптеп, рухын жоғары ұстаған. Біздің бүгінгі қоғамда өнердің сан алуан түрі бар. Бірақ олардың барлығының да мақсат-міндеті бар. Ол – адамның эстетикалық талғамын қалыптастыруға, сезімін тәрбиелеуге, қоршаған ортаны көркемдік көзімен көруге үйрету. Сол арқылы адамзатқа рухани азық беру. «Өнер — ұлттың жаны» дейді халық даналығы. Кез келген ел өнерімен, мәдениетімен танылып, бағаланатыны анық. Сіздер арқылы халқымыздың мәдениеті мен өнері әлемге танылады. Мәңгілік елімізге жарқын болашақ, жетісулық өнерпаздарға шығармашылық жолда толағай табыс, еңбектеріңізге жеміс тілеймін»-деп өнердің өркен жайып, қоғамның ажырамас бөлігіне айналуы үшін барынша жағдай жасалып отырғандығын атап өтті. Жиын барысында қазақ халқының ғұрыптық әндері, халық әндері мен  халық композиторларының әндері жинақталған «Жетісу» антологиясының тұсауы кесілді.

Дереккөз

Облыс басшысы жыл бойы жақсы нәтиже көрсете білген үздік мекемелер мен өнер иелерін марапаттады.  Атап айтар болсақ, өнерпаздар «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісі, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі мен Алматы облысы әкімінің Құрмет грамотасы,  Алғыс хатына ие болды. Сонымен қатар «Үздік мәдениет қызметкері», «Үздік мәдениет үйі», «Үздік кітапхана», «Үздік музей»,  «Үздік театр әртісі», «Үздік халықтық, үлгілі атағы бар ұжым», «Үздік әнші», «Үздік аспапшы», «Үздік биші» аталымдарында жеңімпаз атанғандар марапатталып, «Үздік облыстық мәдениет мекемесі» деп танылған  ұста Дәркембай атындағы қолөнер музейіне  «Лада гранта» автокөлігінің кілті табысталды.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK