Тіл сарайындағы семинар
дереккөз

Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы облыстық «Тіл» оқу-әдістемелік орталығының ұйымдастыруымен «Жаңа әліпби – жарқын болашақ кепілі» тақырыбында  семинар өтті. Оған басқарма қызметшілері, «Тіл» орталығының оқытушылары, облыстық  әділет, денсаулық  басқармасы, сот сараптама орталығы, статистика, полиция, төтенше жағдайлар, қоғамдық денсаулық сақтау департаменті, обаға қарсы күрес станциясы, облыстық онкологиялық диспансері,байланыс саласы, калалық білім бөлімінің білім беру ұйымы, халыққа қызмет көрсету орталығы тәрізді мемлекеттік мекемелердің  өкілдері қатысты.

«Рухани жаңғыруымыздың темірқазығы латын әліпбиіне өту —  өзекті мәселе. Айтар болсақ,  Алматы облысында латын  қарпіне байланысты ақпараттық топ құрылып, олар  әр ауданда  түсіндірме жұмысын жүргізді.Облыстық «Тіл»  оқу-әдістемелік орталығының мамандары  Нұр-сұлтан қаласына барып, латын графикасы бойынша дәріс тыңдап, семинарға қатысып келді. Облысымыздағы  тіл орталығының 4 оқытушысы  білімдерін жетілдіріп қолдарына сертификат алды. Қазір солар шеберлік сабақтарын өткізеді. Бүгінгі шараның негізгі мақсаты- латын әліпбиіне көшудің тиімділігі, латын негізді қазақ әліпбиінің емлек ережесін түсіндіру және  тәжірибе алмасу бағытында  қолға алынды. Мемлекеттік тілді латын қарпіне көшіру кезең-кезеңмен жүзеге асырылады. Жалпы, латын әліпбиіне көшу мәселесі  бірқатар міндеттерді    алдымызға  қойды. Басқармада  жоспарлы жұмыстар қолға алынды. Тілді оқыту орталығында ниет білдірген азаматтарға арналған семинар өткізу, оқыту қолға алынды. Арнайы оқу-әдістемелік құралдар басылып шығады , -деді   облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың бөлім  басшысы Туғанай Рахымберлина.

Тіл мамандарының пікірінше, латын әліпбиіне көшу арқылы тіл саласындағы жүйесіздіктен арылтады. Бұл-қазақ тілінің жаңа белесі.

Елбасы «Латын әліпбиіне көшу – тіліміз үшін жасалған игі қадам. Ал тіл – халқымыздың негізгі ұлттық коды» — деп атап көрсетті. Бұл ретте, Ғабит Мүсірепов: «Ана тілін ұмытқан адам өз халқының өткенін де, болашағынан да қол үзеді» —  деді.

Бүгінгі таңда әлемде 6 мыңнан астам тіл болса, оның ішінде өлі тілдер де бар. Бұдан бұрын да араб, латын қарпін, содан  кейін кириллицаға көштік. Біз әліпбиін алып отырған латын тілі негізінен өлі тіл.  Қазір латын тілінде сөйлейтін халық жоқ. Бірақ таңба қолданыста.  Қазақ тілі-ана тіліміз, мәңгілік болып қала береді.

 -Жалпы  бәріміз мынаны түсінуі тиіс.  Латын әліпбиіне көшудің стратегиясына, мәселен, қазақ тіліне шет тілінен орыс графикасы бойынша енген сөздердің жазудағы тұрпаты өзгереді. Ол ұлттық жазу жүйесіне сәйкес болмақ. Ұлттық жазуға бетбұрыс жасалады. Шеттілдік сөзді жазуда игерудің жаңа механизмі анықталады. Мысалы, комиссия сөзі, латын қарпінде жазылғанда  бір  «с» әрпімен көрсетіледі. Әуезділік өзгереді. Бұл семинарда «Аң, құс, өсімдіктердің күрделі атауларының емлесі» тақырыбында шеберлік сабағын өткіздім. Тыңдаушыларға емле ережесін түсіндіріп, күрделі атаулармен сөздік қорды байытып, оқылым, жазылым дағдыларын дамытуға ден қойдық ,- дейді  «Тіл» оқу-әдістемелік орталығының аға оқытушысы Ж. Елесбаева.

Семинарға қатысушыларға латын әліпбиіне көшудің тиімділігі туралы мағлұмат берілді. Латыннегізді қазақ әліпбиінің емле ережесі түсіндірілді.  Ақтоты Әлімбаева, Назым Түлтекенова өз шеберлік сабақтарында мысалдармен түсіндіріп, қатысушыларға мәтінмен жұмыс жасатып,  сөздердің дұрыс таңбаланып, жазылуына  назар аударды.     Белсенді  қатысушылар өз  ойларын ортаға  салып, тәжірибе алмасты.

Әскери бөлімнің  және обаға қарсы орталықтың мамандары ой тұжырымдап, зерделеуге  үйренгендіктерін жеткізді. Игі бастаманы дұрыс қабылдай білген абзал.  Олардың ойынша, ұлттық мәдениетіміздің өркендеуіне латын әрпімен өрнектелген көркем де шұрайлы, шешен де шебер, таза да бай тіліміздің тұғырлы мәртебесі  биіктен көріне берсін.

                                                                                                        

 

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK