Талдықорғанда «Бақыт жаныңда» атты жаңа жоба жүзеге асырыла бастады. Аймақтағы ерлі-зайыпты мемлекеттік қызметшілерді қолдап, отбасы құндылықтарын дәріптеуге бағытталған тың бастаманы ҚР мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агентігінің Алматы облысы бойынша департаменті ұйымдастырған.

БАҚ өкілдері алдында сөз алған агенттіктің аймақтық департаменті мемлекеттік қызмет басқармасының басшысы Жадыра Иманғалиева: «Отбасы – отансүйгіштік құрмет және береке-бірліктің қайнары. Яғни, кез-келген зиялы қоғамның алтын діңгегі. 15 мамыр халықаралық отбасы күні. Осыған байланысты,  жанұялық жақсылықтарды дәріптеу мақсатында облыс орталығы Талдықорғанда «Бақыт құшағында» жобасынан бастау алған отбасы слетін өтізу жоспарда. Оған ерлі-зайыпты екеуі де мемлекеттік қызмет істейтін 20-дан астам отбасының мүшесі қатысады деп күтілуде. Нақтырақ айтсақ, шараға қатысатын жұптардың арасында жаңадан шаңырақ көтерген жастар да, үйленгеніне 30 жыл толған егде жастағы адамдар да бар. Шара барысында  отбасылық жағдайда туындайтын мәселелер төңірегінде орамды ой қозғалып, талқы ұйымдастырылмақ. Осы арқылы жас жұбайлар аға буын өкілдерінен үлгі алып, жанұялық береке-бірлікті бекемдеп, ата-бабадан жалғасып келе жатқан асыл қасиеттерді сақтауға ықпал ету» -деді.

Еске сала кетсек, бүгінде  жалпы Алматы облысында 8 мыңнан астам мемлекеттік қызметші болса, олардың арасында 600-дей  жұп мемлекеттік мекемелерде бірге еңбек етіп келеді. Бастысы бұл бастама мемлекеттік салада бірге қызмет жасайтын азаматтарды қолдап, отбасылық жағдайларын анықтауға бағытталған дейді мамандар.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK