Алматы қаласында ҚР Қарулы Күштер саласындағы әскери қызметшілердің балалары арасында футболдан арнайы жарыс өтті. Еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған командалар жеңіс кубогы үшін қызу сайысқа түсті. Іріктеу кезеңінен сүрінбей өткен командалар жартылай финалға жолдама алып, одан әрі үздік деп танылған 4 команда ақтық сында бақ сынады.

Тартымды да тартысты өтіп талайдың делебесін қоздырған теңбіл доп додасында барлық қарсыластарын шаң қаптырған Гвардейск кентінің командасы жеңімпаз атанса, 2-орынды Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік әскери институтының футболшылары иеленді. Ал, үздік  үштікке «Шығыс» ӨҢҚ командасы  лайық деп танылды.

Футбол ойынынан кейін осы командалар арасында арқан тарту, ләңгі тебу сынды қазақтың бірнеше ұлттық ойын түрлерінен жарыс өтті.

ҚР Бас штаб басшысының орынбасары генерал-майор Мұхамеджан Таласовтың айтуынша, мұндай жарыстар ұлтымыздың құндылықтарын қастерлеп, жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелейді.

— Ләңгі тебу арқылы балаларымыз ептілікке, икемділікке, тепе-теңдікті ұстауға бейімделіп, осы спортқа деген ынтасы артады. Аталмыш ойында ерекше шеберлігімен Таир Сәрсембаев көзге түсті. Таир футбол ойынында да үздік ойыншы екенін көрсетті. Шексіз ризашылығымды білдіру үшін жеке өзімнің атымнан арнайы сыйлығымды ұсынамын, — деді генерал-майор М.Таласов.

Осы орайда еліміздің әр түкпірінен келген әскери қызметшілердің балалары Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтымен танысты. Әскери институттың қызметшілерімен, отбасы мүшелерімен және жұмыс қызметімен ұйымдастырылған бұл шара өскелең ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеу, қазақстандық әскер жайлы пайым-түсініктерін арттыруды мақсат еткен. Балалар институт мұражайы, курсанттардың оқу орындары, казармасы, асханасы, ату тиріне кіріп, болашақ офицерлердің тыныс-тіршілігімен танысты. Әрі оларға әскерилердің өмірі туралы деректі фильм көрсетілді.

Шара соңында балалар экскурсиядан алған өз әсерлерімен бөлісіп, болашақта сарбаз болуды армандайтындарын жеткізді.

 

 

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK