дереккөз

Биыл Мұхаметжан Тынышбаевтың туғанына  140  жыл толып отыр. Қазақтың біртуар перзенті, тұңғыш теміржолшы, қоғам қайраткері Мұхаметжан  Тынышбаев атындағы  тарихи–өлкетану мұражайында арыстың ұрпақтарымен кездесу ұйымдастырылды. «Дәуірдің жарық жұлдызы» атты кездесуде  Алматы облыстық мәдениет,мұрағат және құжаттама басқармасының басшысы Марлен Көлбаев арнайы келген қонақтар Дәулет Шейх-Али –Тынышбаевқа шапан жапса,  немересі Адиля Дәулетқызы, Алматыдағы М.Тынышбаев атындағы қордың  төрайымы Нұршәйкен қажы Жүнісқызына  да арнайы сый-сияпат жасап қарсы алды.

«Облыс көлемінде Мұхаметжан Тынышбаевтың мерейтойына арналған шаралар жоспары жасалынған. Бүгін өздеріңіздей ұрпағымен кездесіп отырғандығымызға қуаныштымыз. Алдағы  уақытта  шешімін тапса мұражай ашсақ па деген де ойымыз бар.  Ал туған жерінде мерейтойлық шаралар күзде өтеді деп жоспарлап отырмыз. Оған ұрпақтарының бәрін де шақырамыз »,-деді Марлен Қапашұлы.

Бүгінде 88 жасқа келген Дәулет Мұхаметжанұлы  сөз алды. «Қымбатты жиналған халайық, әкеміздің туған жері Жетісу өлкесі біздерді құшақ жая қарсы алып жатыр. Өте қуаныштымыз»,-дей келе әкесінің  өмірі жайлы баяндап берді.
Мұхаметжан Тынышбаев Воронежге зайыбы — Әмина Ибрагимқызы Шейх-Али және кішкентай ұлы — Дәулетпен барады. Мұнда ол, Москва-Донбасс теміржол басқармасының өндірістік-техникалық бөлімі тобының жетекшісі және жобалау бөлімінің инженері болып істейді.  Арыстың  өмірінен мағлұмат беретін деректер  өте аз. Ұрпақтары қолында оның Воронеж қаласында түскен өзінің, отбасының фотосуреттері ғана сақталған. Ол ақталған соң мұрағаттан сұрау салыпты.  5 жасқа да толмаған Дәулет Мұхаметжанұлы  ол жерде  жағдайларының өте ауыр болғанын анасынан (Әмина Ибрагимқызы 1970 жылы қайтыс болған) естігенін айтты.

«Сұмдық аштық жылдары болғандықтан, әкеме берілетін мөлшерлі азық-түліктің өзі, көшедегі аш адамдардың көптігінен үйге жетпей таусылатын, анам ашыққан балалардың жанынан өтіп кетуге  шыдамай, қолындағысын үлестіріп беретін еді» — деп  еске алды Д.Мұхаметжанұлы.

Тарихқа көз салар болсақ,  М.Тынышбаев 1922 жылы Түркістан автономиялы республикасының су шаруашылығы басқармасында, 1924 жылы Ташкентте жер суландыру бөлімінде, 1925 жылы Қызылорда қаласының құрылыс-жөндеу жұмыстарында, 1926 жылы Жетісу губерниялық атқару комитетінің жол бөлімінде еңбек етіп, өзін білікті инженер-маман ретінде де таныта білді. Ол әртүрлі қызмет атқара жүріп, еліміздің дамуына сүбелі үлес қоса білді.  Біріншіден, қазақ халқының шынайы тарихына қосқан сүбелі үлесі болса,  екіншіден, Түрксіб құрылысына сіңірген еңбегі ұшан-теңіз.
1926 жылы Тұрар Рысқұловтың тікелей ықпал етуімен Мұхаметжан Тынышбаев Түркістан-Сібір темір жолын салуға қатысады. Осы  құрылыстың жобалаушысы, негізгі маманы болды. Оның  кәсіби шеберлігі  айрықша танылды.
Мұхаметжан Тынышбаев бірінші зайыбы Гүлбахрамнан Фатанад-Бану, Фатыма, Ескендір, Дина атты балалары болған. Мамандығы дәрігер Гүлбахрам 1922-1923 жылдардағы қазақ ауылдарын қынадай қырған обаға қарсы санитарлық қосында жүріп көз жұмған.

Балаларына қарайлап  үйленбей жүрген  Мұхаметжан 1930 жылы  Әмина Ибрагимқызы Шейх-Әлимен көңіл жарастырды. Олардың шаңырағында 1931 жылы Дәулет атты ұлдары дүние есігін ашқан.
Кездесуде  Дәулет аталарынан оқушылар неліктен  сіздің  тегіңіз  Шейх- Али деп  сұрады.  « Менің әкем  жер аударылу , қуғын-сүргіннің  тоқтамайтынын жақсы түсінеді. Сондықтан да баласы мен зайыбын Қазақстаннан тыс жерге, Уфа қаласындағы Әмина Ибрагимқызының туыстарына жібереді.  Ата-анамның отбасылық өмірі көпке созылған жоқ. Мен туғанда әкемді НКВД  қызметкерлері тергеуге алып кетіпті. Сондықтан жаңадан босанған анамды перзентханадан ағасы,  әкемнің досы Дауд пен нағашы әжем Мағипарваз шығарып алыпты. Туу туралы куәлігімді толтырарда түрмеде жатқан әкем шешеме: «Атын Дәулет деп қойыңдар. Бірақ фамилиясын Шейх-Әли деп жазыңдар»,-деген хабар жіберіпті. Анам менің құжаттарымды  әкемнің сол ақылы бойынша толтыртқан. Ол кісі мені осылай аман алып қалғысы келген шығар. Сонымен құжат бойынша туған жерім – Алматы.  Өмірге келген кезім – 1931. Ұлтым – қазақ. Тегім – Мұхаметжанұлы. Ал, фамилиям-Шейх-Әли» – деп еске алады ол.
Мұхаметжан Тынышбаев кеңестік биліктің қуғын-сүргініне ұшырап, Түрксібті салып жатқан кезінде 1930 жылы 3 тамызда тұтқындалып,  түрмеге қамалады.  Жылға жуық тыныш өмір сүрген оны 1932 жылы қайта тұтқындап, бес жылға Воронежге жер аударылған.

Алмағайып осы бір сын кезекте туған халқы мен туған жерінің тағдырына араша түсіп, оның болашағы үшін қам-қарекет жасап, жол іздегендер халықтың өз ортасынан шыққан көкірек, көзі ашық, оқыған зиялы қауым өкілідері жазықсыз жапа шекті. Алаштың ірі қоғам және мемлекет қайраткері, тарихшы, ағартушы, тұңғыш теміржол инженері Мұхаметжан Тынышбаев  Жетісу облысы Лепсі уезі Мақаншы-Садыр болысында (қазір Алматы облысы Қабанбай ауданы) туған.  Ауыл молдасынан хат таныған соң, 1890 жылы Верный ерлер гимназиясының даярлық сыныбына қабылданады. Мұхаметжан Тынышбаевтың тағдыр-талайы білім мен ағартуға, ұлттық теңдік пет өркениетке ұмтылған қазақ халқының тағдырымен бір. Даярлық сыныпты қоса есептегенде, 10 жыл аталған гимназияда оқыған М.Тынышбаев оны үздік аяқтайды. 1900 жылы оқушыны ұлтқа бөліп алаламайтын, білімдіні қадірлейтін гимназия директоры М.В. Вахрушевтің Жетісу губернаторына дәлелдеп жүріп стипендия бөлгізуінің арқасында (ол шақта мемлекет есебінен оқу тек осылай жүргізілген) Мұхаметжан император I Александр атындағы Петербор теміржол транспорты институтына қабылданады.

М.Тынышбаев — Ə.Бөкейхановтың төңірегінде топтасқан қазақтың ұлттық- демократиялық көзқарастағы интеллигенциясы серкелерінің бірі ретінде 1907 жылдан 1917 жылдың жазына дейін қазақтың тұңғыш Алаш аталған партиясын құруға белсене араласты.  Басқа алашшыл қайраткерлермен бірлесе отырып, Алашорда үкіметінің жетісулық бөлімшесін басқарды.

Ұрпақтарының айтуынша, Мұхаметжан Тынышбаевтың есімін шартарапқа кеңінен əйгілеп, атын аңызға айналдырған, халық жадына ұялатқан əйгілі Түркістан-Сібір теміржолын салуға қосқан сүбелі үлесі, сіңірген ерен еңбегі еді. Білікті инженер, ойлы экономист, іскер ұйымдастырушы, дарынды жобалаушы ретінде əр қырынан жарқырай көрінді.

1926–1930 жылдары Түркістан-Сібір темір жолы құрылысында жобалаушы-инженер, учаске бастығы қызметін атқарды.  Шындығында, Орта Азия мен Қазақ даласының жер бедерін ондай білетін маман Ресейде жоқ еді.  Ол Түрксіб құрылысында алғаш рет аэрофотосуреттерді қолданған. Соған сүйене отырып, ұзындығы 50–60 метрлік бірнеше жер асты жолдарын салуды, сондай-ақ бір составқа «біреуі алдынан тартып, екеуі — артынан итеріп жүруі» үшін үш паровоз тіркеуді қажет ететін Қордай асуының орнына Шоқпар жобасын ұсынады. Алматы – Қордай – Бішкек, Алматы – Шоқпар – Құланды – Бішкек жобасы талқыға түскенде М.Тынышбаев Шоқпар нұсқасын қолдап, «тескен таулардың» есебінен 26 миллион сом үнемдеуге əрі Қазақстанның 6 облысын өзара байланыстыруға ықпал етті. Оның бұл жобасы кейін «Березин жобасы» атанып кетті.

Бір қызығы, бұл жобаға қарсы шыққандар да болды. Олардың: «Сендер бес жылда да бітіре алмайсыңдар», — деген сəуегейлігіне қарамастан, 1930 жылы 28 сəуір күні жобаланған мерзімінен 540 күн бұрын ұлы жолдың соңғы шпалы төселді. 1931 жылы 1 қаңтар күні ресми түрде пайдаланылуға берілді.

Өкінішке орай,  жалпы сомасы 26 миллион сомнан астам қаржыны үнемдеуге мүмкіндік берген, соның нəтижесінде мерзімнен бір жыл бұрын пайдалануға берілген жобаның авторы Мұхаметжан Тынышбаев салтанатқа қатыса алмады. Оның қатысуға құқығы да жоқ болатын. Өйткені оны «Түрксіб» теміржолының тағаны төселіп біткенше «қалпақ астында» ұстады.  Кезінде  жоба «халық жауының қастандық əрекеті» ретінде бағаланды. Ал, мұндай «қастандық əрекеті» үшін М.Тынышбаевтың тергеуге тартылмауы мүмкін емес еді. Сондықтан да ол түрмеге қамалды.

Тәуелсіздік алған жылдары Елбасы  Н. Назарбаев  сапарлап Уфаға барады. Сол жерде  Мұхаметжан Тынышбаевтың ұлы  Дәулет  Шейх-Алиді жолықтырып, елге шақырады.   Дәулет Мұхаметжанұлы  150-ден аса ғылыми еңбектер мен авторлық куәліктердің иесі, техника ғылымдарының докторы, профессор . Елге шақырылған ғалым жоғары оқу орындарында дәріс оқиды.  ҚБТУ мен ҚазҰТУ-дың докторлық қорғау бойынша бірлес­кен диссертациялық кеңесінің де мүшесі болып сайланады.Мұнай-газ саласындағы математикалық зерттеулер ғылыми-зерттеу зертханасы жетекшісінің орынбасары қызметін атқарды. «Құрмет» орденінің иегері.

Кездесуге келген Мұхаметжан атамыздың немересі Адиля Дәулетқызы,  бүгінде АҚШ-та  тұрады. Медицина ғылымының докторы, дәрігер. «Шетелде  Қазақстан жайлы көп айтамыз. Қазақ халқының тарихын кең көлемде  өзіміз де білгіміз келеді.  Қазақстанға әр келген сапарым сағынышқа толы.  Міне, атамыздың кіндік қаны тамған туған өлкесіне жолымыз түсті.  Жолай  Жаңалықтағы қуғын-сүргін  құрбандарына арналып қойылған ескерткіш пен мұражайға ат басын бұрдық.  Тарихи шежіремізді білуге тиіспіз деп ойлаймын. Мәселен Мұхаметжан Тынышбаев қазақ тарихына қатысты мол деректер жинап, қазақ шежірелерін ғылыми жүйеге түсіруге талпыныстар жасаған. Түрксіб теміржолының салынуына атсалысқан. Елден жырақ өскендіктен қазақ тілін білмеймін, өкінішті. Алайда, атамыз жайлы деректі кітаптар басылып шықты. Соған қуанамыз»-дейді А. Дәулетқызы.

Талдықорғандағы мұражай
Дәулет Мұхаметжанұлы қызы Адилямен

Нұршәйкен Жүнісқызы:- Мұхаметжан атамыздың атындағы қор Алматыда және Талдықорғанда  қолға алынған. Жетісулықтарға өте ризамыз. Мұхаметжан Тынышбаев бір ғана қазақ халқының ғана емес, Орта Азия еліне белгілі теміржолшы ғалым еді. Қазіргі таңда оның еңбектері шығарылып жатыр, бірнеше кітап жарық көрді. Жазықсыз жапа шекті. Ұрпақтары елден жырақта қалды. Көптеген арыстарымыздың артында ұрпақтары да жоқ. Мұхаметжан атамыздан тараған ұрпақтары білімді ғалымдар. Ата ізін жалғастырып жатыр. Дәулет Мұхаметжаннан тараған балалар жоғары білімді, білікті мамандар.  Тәуелсіздіктің арқасында ақтаңдақтың орны толтырылып жатыр. Атамыздың мерейтойына орай атқарылатын жұмыс көп,-деді.

«Үлкен  террордың» құрбаны болған Мұхаметжан Тынышбаев 1938 жылы Ташкент түрмесінде атылды. Қатыгез қоғам жазықсыз көзін жойған азамат кейін екі рет — 1959 жылы жəне 1970 жылы ақталды. Амал нешік,  əсіреқырағы саясатшыларымыз  «саяси ақталған» жоқ деп, оның аяулы есімі мен айтулы еңбегін туған халқымен қайта табыстыруға жол бермеді. Тек еліміз  тәуелсіздік  алғаннан кейін ғана оның асыл есімі мен ғылыми мұрасы қайтадан халқымен қауышты. Бұл күндері Алматы, Талдықорған қаласы мен туған жерінде көшелер, ірі оқу орны,  мұражай оның есімімен аталады.

Туған халқының болашағы үшін соңғы демі біткенше аянбай еңбек етіп, артына үлгі боларлық тамаша іс, кəделі ғылыми еңбектер қалдырған Мұхаметжан Тынышбаев жөнінде деректі құжаттар негізінде жазылған кітапты құрастырған  Дәулет   Мұхаметжанұлы мен  Асқар Дәулетұлы қолтаңба қойып, шараны  ұйымдастырушыларға құрметпен табыстады.

                                                  

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK