Бүгін Талдықорған қаласының әкімі Ғалымжан Әбдірайымов қала әкімдігіне қарасты жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары, кәсіпкерлік, сәулет және қала құрылысы бөлімдерінің өкілдерімен және жергілікті полиция қызметкерлерімен бірге облыс орталығының көшелерін аралап шықты, — деп хабарлайды taldykorgan-online.kz

Шаһар басшысы алдымен «Шығыс» шағын ауданындағы «Көктем» скверіне барды. Қазір мұндағы демалыс аймағы жасыл желекке оранып, қала келбетіне сән қосқан. Алайда, алаңқайдың кейбір қоршаулары тозығы жеткен, құлаудың алдында тұр. Осыны байқаған Ғалымжан Әбдірайымов олқылықты дереу ретке келтіру керектігін айтты.

Сондай-ақ, ол жердегі айналма жолдың бойындағы көзге оғаш көрініп тұрған ағаштардың жабайы бұтақтарын алып тастауды және күнге әбден оңалып кеткен жол белгілерін ауыстыруды жауапты мамандарға тапсырды. Одан бөлек, әкімнің назары қалаға кіретін жолдың жиегіндегі қоқыс үйінділеріне де түсті. Мұның барлығы шаһар көркіне айтарлықтай нұқсан келтіретіндігін айтқан Ғ.Әбдірайымов жанындағы қызметкерлерге тапсырма жүктеді.

Осыдан кейін Ғалымжан Райылұлы айналасы абаттандырылып жатқан Қабанбай батыр ескерткішіне аялдады. Қазір онда ескерткіштің ажырап кеткен тақтайшалары желімделіп, жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Талдықорғандағы ең әдемі ескерткіштердің бірі саналатын нысанға әкім ерекше көңіл бөлу керектігін айтты. Сонымен қатар, сол маңайдағы тозығы жеткен шамдарды ауыстыру мәселесіне тоқталды.

Көктем келіп, күн жылығылы бері автомобиль жолдарына және жаяу жүргіншілер өтетін жерлерге бояу жұмыстары жүргізілуде. Негізінде, жол сызықтары ұзақ мерзімге дейін бояуын жоғалтпай тұруы тиіс. Дегенмен, кейбір жерлер қазірдің өзінде бояуын жоғалтып жатқанын көруге болады. Осыны байқаған қала әкімі жол саласы мамандарының ісіне қатаң сын тақты.

Ғ.Әбдірайымов «Мактуб» (SMALL) сауда орталығының маңында жыртығы жалбырап тұрған жарнама плакаттарына да біраз шүйлікті. Кәсіпкерлік бөлімінің басшысына ескерту айтып, жарнама иелерімен тез арада бұл жұмысты қолға алуды міндеттеді.

Бүгінде қала орталығында да жарнамалар жаңбырдан кейін шығатын саңырауқұлақ секілді қаптап тұр. Қала әкіміне бұл жерде де сын айтуына тура келді.

«Біздің қала – Талдықорған емес, құдды бір жарнама мекені сияқты. Қызылды, жасылды бей-берекет ілінген жарнамалардан көз сүрінеді. Мұның барлығы шаһар келбетіне айтарлықтай сын. Бізге талапқа сай емес, заңсыз ілінген барлық жарнамаларды құрту керек», — деген Ғалымжан Әбдірайымов бұл жолы да кәсіпкерлік бөліміне тапсырма берді.

Сондай-ақ, «Қазақтелеком» ғимаратының жанынан өткен қала әкімі: — Мына қоршаулар, орындықтар, қоқыс жәшіктері бүгінгі күннің талабына сай емес. Халық көп жүретін жер. Осыны айтқызбай реттеуге болады ғой? Меншік иесіне хабарлама беріңіздер, тез арада осыны қолға алсын», — деді.

Келесіде қала әкімі орталық арбатқа соғып, ондағы арықтардың өсіп кеткен шөбіне, жарнамаларға және орталық әмбебап дүкенінің ескіріп кеткен қасбетіне мін тақты. «Керуен» сауда орталығының жазуын ауыстыруды тапсырды.

Сонымен қатар, арбатқа кіреберіс жерде түтінін бұрқыратып кәуап пісіріп отырғандарға наразылығын айтты.

«Арбат — адамдар демалып отыратын жер. Осында кәуап сатуға бұлар қалай рұқсат алған? Түтіні айналаға жайылып, экологияға кесірін тигізуде. Түсінбеймін», — деген Ғ.Әбдірайымов мұның қаншалық заңды екендігін анықтауды тапсырды.

Осыдан кейін әкім «Дәулет» сауда орталығына қарай барды. Ондағы тазалыққа және ойылып кеткен жолдарға мән беріп, атқарылуы тиіс шаруаларды назарға алды. Д.Қонаев ескерткішінен төмен қарай орналасқан сквердегі жүргізіліп жатқан суғару желісінің жұмысымен танысты.

Жалпы, Ғалымжан Әбдірайымов қаланы аралау барысында қол астындағы әр салаға жауапты бөлім басшыларына нақты тапсырма берді. Аталған олқылықтарды бір аптаның көлемінде ретке келтіруді міндеттеді. Әкімнің айтуынша, қаланы аралау жұмыстары ендігіде әр апта сайын болып тұрмақ. Егер де белгілі бір мерзімде айтылған жұмыстар орындалмайтын болса, қала әкімі бөлім басшыларына қатаң шара қолданатындығын айтты.

Айта кетейік, шаһар басшысы келесі аптада Талдықорғанға қарасты ауылдық округтерді аралайтын болады.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK