Талдықорған қаласындағы орталық «Иман» мешітінде 1500 адамға арналған «Рамазан — Раббымыздың сыйы» атты ауызашар дастарқаны жайылды. Ауызашарға Алматы облысы мен Талдықорған қаласы әкімдігінің өкілдері, ардагерлер кеңесінің мүшелері, қалалық мешіттердің жамағаты қатысты. Сондай-ақ, сауапты іске «Нұр-Мүбәрәк» университетінің аға оқытушысы, дінтанушы ғалым Жасұлан ЖҮСІПБЕКОВ, ережесіз жекпе-жектен еліміздің екі дүркін чемпионы Ардақ НАЗАРОВ арнайы келіп, ораза ұстаған қауымға жүрекжарды лебізін білдірді.

Мешіт ауласындағы ауызашарға күннің салқындығына қарамастан қала тұрғындары мен қонақтары көп жиналды. Ауызашардың ақ батасын Талдықорған қаласының қадірменді ақсақалы, белгілі киноактер, «Тақиялы періште» атанып кеткен Әлімғазы Райымбеков берді. Одан кейін сөз алған Талдықорған қаласының әкімі Ғалымжан Әбдірайымов: «Армысыздар, ауыз бекіткен ағайын! Мен бүгін қатты қуанып тұрмын. Дастарқан басына жиналып, ата дінімізге, қасиетті Рамазан айына құрмет көрсетіп жатқан ел-жұртқа ризашылығымды жеткізгім келеді», — деді. Ал «Нұр-Мүбәрәк» университетінің аға оқытушысы Жасұлан Жүсіпбеков Рамазан айының қадір-қасиеті жайлы кеңінен әңгіме қозғап, ауыз бекіту тек ішіп-жеуден тыйылу емес екендігін, сонымен бірге, көз бен құлақты да адам ойын бұзатын әрекеттерден сақтап, өсек-аяңнан, ашу-ызадан, нәпсіге еріп кетуден аулақ жүру қажеттігін алға тартты. Рухани әңгіме айтылған дастарқан басында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Талдықорған өңірлік өкіл имамы Ардақ Оразбаев та он екі айдың сұлтаны — Рамазан турасында сөз сөйлеп, ниеттес ағайынға ізгі тілегін білдірді.

Ауызашарда ізгі ниетін жеткізген ел чемпионы Ардақ Назаров Алаштың арысы Әлихан Бөкейханның әйгілі «Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын» деген сөзін мысалға келтіріп, қанат жайған Ислам діні тек татулық пен бірлікке, бейбітшілікке шақыратынын, үлкен көлемдегі осындай ауызашарға бірінші рет қатысып отырғанын айтты.

«Жетпіс жыл ашық аспан астында ауызашар бермек түгілі «Құдай» сөзін айта алмайтын едік. Аллаға сансыз шүкір», — десті ақ дастарқанда отырған аға буын. Олар кешегі кеңестік қоғамның ауыртпалықтарын, тәуелсіздік таңында Рамазан айын асыға күтіп, ауыз бекітетін жамағаттың қатары күн санап артып келе жатқанын әңгімеледі. Әсіресе, дінге бет бұрып, дәстүрін дәріптеп жүрген жастардың қарасы қалың. «Қыстың қақаған аязында сағаттап шыршаны айналғанда бірауыз артық сөз айтпаймыз. Жарты сағатқа көктемнің ызғарына шыдамасақ, Аллаға деген құрметіміз қайда?» — дескен жұртшылық бір-біріне бауырмалдық танытып, игі іске мұрындық болған азаматтарға алғыс жаудырды.

Ауызашар соңынан жиналған жамағат «Рамазан айындағы рух тәрбиесі» тақырыбындағы дәріске қатысып, асыл дініміз туралы ғылыми дәлелдер мен нақты мысалдарға қанықты.

«Жетісу» газеті.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK