І.Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында «Жаңғыру мен дамудың негізі – әлеуметтік бірлік» тақырыбында облыстық Қазақстан халқы Асссамблеясының ХХV сессиясы өтті. Жиынға Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары, хатшылық меңгерушісі Жансейіт ТҮЙМЕБАЕВ, облыс әкімі Амандық БАТАЛОВ және Татарстаннан келген делегация арнайы қатысты.

Шараны ашқан облыс әкімі Амандық Баталов 29 сәуірде Нұр-Сұлтан қаласында Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХVІІ сессиясы өткендігін, бүгінгі жиында сонда айтылған мәселелер пысықталып, алдағы уақытта атқарылатын жұмыстар айқындалатындығын атап өтті.

— Этномәдени орталықтар қоғамдық тұрақтылық пен ұлтаралық қатынастарды сақтауға өлшеусіз үлес қосуда. Бұл орайда облыстық Ассамблея аясындағы қоғамдық кеңес, аналар кеңесі, ғылыми-сараптау тобы, медиация орталығы және жетекші журналистер клубының жұмысын атап өтуге болады. Достық үйінің салынғанына да биыл 10 жыл толып отыр. Осы уақыт ішінде аталмыш шаңырақ мәдени және ұлтаралық қатынастардың мекеніне айналды, – деді ол.

Негізгі баяндаманы жасаған облыстық Қазақстан халқы Асссамблеясы төрағасының орынбасары, хатшылық меңгерушісі Ғабит Тұрсынбай ұлттар тұтастығы мен бірлігі аясында атқарылып жатқан шараларға тоқталып өтті. Бүгінгі таңда облыстық Қазақстан халқы Асссамблеясы 60 мыңнан аса адамды қамтып, 71 этномәдени орталықтың басын біріктіріп отырғанын тілге тиек етті.

Келесі кезекте сөз алған облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Атсалим Идигов қазақ жерінде туып-өскен әрбір ұлт өкілінің тұрғылықты халықтың салт-дәстүрін, мәдениетін, тілін біліп, құрметпен қарауы қажеттігін еске салды. Осы орайда «Мемлекеттік тілді ұлықтайық» атты акция өткізу туралы бастама көтерді.

Жарыссөзге шыққан Іле ауданы №18 орта мектептің педагог-психологі Валентина Талюс елімізде өзге ұлт өкілдері үшін мейлінше жағдай жасалып жатқанын, олардың діні мен ділін, салт-дәстүрін насихаттауына барынша мүмкіндік ашылып отырғанын алға тартты. Бұл орайда Ассамблеяның атқарып жатқан жұмысының маңызы зор екенін айта кетті.

Әр ұлт өкілі балаларының басын қосып, бір шаңырақта аналық қамқорлығын танытып отырған Жамбыл ауданы, Қарғалы ауылының тұрғыны, Республикалық «Мерейлі отбасы» байқауының финалисі Әлия Әбсеметова да тоғыз жеткіншекті бір үйде тоғыстырған күш бірлік пен достық екендігін баса айтты.

«Қазақстан» телеарнасының Алматы облысы бойынша меншікті тілшісі Қуаныш Серікханов этномәдени орталықтардың жұмысын насихаттаудағы журналистік ой-толғамын ортаға салды.

Сессия барысында Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі Дамир Дигай, Үшарал шекара отрядының кавалерия бөлімінің командирі Исмагиль Атчабаров, облыстық орыс мәдени орталығы төрағасының орынбасары Лариса Котельникова ұлттар тұтастығы мен достығын арттырудағы өз ойларымен бөлісті.

Алқалы басқосуда сөз алған Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары, хатшылық меңгерушісі Жансейіт Түймебаев Алматы облысының елімізде бейбітшілік пен бақуаттылықты қалыптастырған Елбасының туған жері екенін алға тартты. Осыған орай Ассамблеяның «Бірінші Президент жолы» атты бастама көтеріп жатқанын, ол бойынша Елбасының жүріп өткен жолы паш етілетінін және оның Жетісу жерінен бастау алатынын жеткізді. Облыстағы саяси ахуалды тұрақты ұстап, елдің бірлігі мен берекесін арттыруда өңір басшысы Амандық Баталовтың да еңбегі зор екенін атап өтіп, «Мейірім» медалімен марапаттады. Сондай-ақ, ұлттар достығы жолында елеулі еңбек етіп жүрген жандарға Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының Алғыс хатын тапсырды. Бірқатар азамат облыс әкімінің Құрмет грамотасы және Алғыс хатына ие болды.

Жиын соңында облыс әкімі алда атқарылар міндеттерді пысықтап, басқарма басшыларына бірқатар тапсырма берді, сессия қарары қабылданды.

«Жетісу» газеті.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK