«Біздің өңір ақпараттық алаңда алдыңғы қатарда»

189
Дереккөз

Әр саланың жетістігі, мемлекеттің даму деңгейі кәсіби мамандарға тікелей байланысты. Өз саласында өнімді еңбек етіп, облысымыздың өркендеуіне үлес қосып жүрген жандардың қатары баршылық.  Солардың бірі — нәзік болмысына қарамастан талабы жоғары қызметтің  тізгінін ұстаған Алматы облысының өңірлік коммуникациялар қызметінің  директоры Жанна Арынбекова. Жанна Сержанқызымен төл мерекесі қарсаңында сұхбаттасқан болатынбыз.

Дереккөз
  • Сіздің негізгі мамандығыңыз филолог. Филологиядан мемлекеттік және  қазіргі  қызметке қалай келдіңіз?

Бала кезімде полиция  немесе әскери қызметте жұмыс істеуді армандағанмын. Мектепте ғылыми бағыттағы еңбектерді оқығанды жақсы көрдім. Көбіне, қазақ әдебиетіне деген қызығушылығым басым болғандықтан,  «Қазақ тілі мен әдебиеті» пәнінің мұғалімі мамандығына түсуді жөн деп санадым. Жалпы, отбасымызда ұстаз статусын иеленгендер баршылық. Мені тәрбиелеген апам  Күләш Мұхаметқалиқызы да осы салада 40 жыл дәріс берген құрметті ұстаздардың бірі.  Тіпті, әулетімізге келін болып түскен жеңгелерімнің де басым бөлігі ұстаз. Көбіне халық ауыз әдебиеті мен аңыздар, тарихқа негізделген шығармаларды оқитынмын. 2010 жылы магистратурада оқығанда да осы бағыттағы, яғни «Тоқтар Бейісқұлов –публицист, әдебиетші» тақырыбында  магистрлік диссертация қорғадым. Оқу барысында аударма ісімен де шұғылданатынмын. Оқуымды аяқтар кезде жастар іс-тәжірибесі туралы естіп, осы бағдарлама арқылы бағымды сынап көрмек болып, 2011 жылы «Талдықорған қаласының ішкі саясат бөлімі» мемлекеттік мекемесінде 6 ай іс-тәжірибеден өттім. 2012 жылдың 1 наурызынан бастап аталмыш  мекемеде инспектор, бір жылдан кейін бас маман болып қызметке алындым. 2013-2014 жылдар аралығында Талдықорған қаласы әкімдігінің  аппаратында бас маман, ал 2015 жылы  Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының бас маманы болып қызмет атқардым. Бұл кезеңдер  мен үшін өте қызықты, әрі біліктілігімді жетілдіруге мол мүмкіндік сыйлаған сәт болып есте қалды. Себебі, Ата заңымыздан бастап, әлеуметтік және экономикалық заңдардың барлығын оқып, тәжірибелік тұрғыда   қолдануды, құжаттармен жұмыс жасау, ең бастысы халықпен  тығыз  байланыста болуды үйрендім. Тұрғындардың  тұрмыс-тіршілігін жақсартатын тың жобаларды, рухани азық болар шараларды жүзеге асырдық. 2016 жылдан бері «Алматы облысының өңірлік коммуникациялар қызметі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде қызмет етудемін. Мекеменің басты мақсаты — мемлекеттік органдардың жұмысындағы ашықтық деңгейін көтеру, қоғамдағы мемлекеттік қызмет тарапынан атқарылған жұмыстарды жариялау және онымен халықтың толық хабардар болуын қамтамасыз ету болып табылады. Мекеме құрылған сәттен бастап республика  бойынша біздің өңір  ақпараттық алаңда облыстың оң имиджін қалыптастыруға және әлеуметтік-маңызды мәселелерге нәтижелі ықпал ететін бірқатар  шараларды өткізу бойынша көшбасшы болуда, алдағы уақытта да біз осы үрдісті жалғастыру бойынша жұмыс жасайтын боламыз.

Дереккөз
  • Қарапайым халықтың жауапты  қызметке орналасу жайлы  түсінігі әртүрлі.   
  • «Танысың болмаса  мемлекеттік қызметке орналаса алмайсың» деген пікірді ел ішінде, басқа да орталарда жиі естимін. Алайда, бұл пікірмен мүлде келіспеймін. Мен анам мен апамнан «Еңбектенсең, біліміңді ұштасаң, алдыңа нақты мақсат қойсаң, әрі адамгершілік пен қарапайымдылық жолынан танбасаң  әрбір істі дөңгелендіріп алып кетесің» деген сөздерін жиі естіп өстім. Сондықтан мұның бәрі  адамның тікелей өзіне байланысты. Қазір сыбайлас жемқорлық орын алатын заман емес. Әрбір мекеме өз қызметкерінің білімді, білікті, жұмысын тиянақты атқарар алғыр болғанын қалайды.  Сынақтардан сүрінбей өтсеңіз, мемлекеттік қызметтің есігі әрдайым ашық. Жалпы, жұмыс іздеген адам өз ісін міндетті түрде табады. Бүгінде  өкінішке орай,  бірден басшы болуға талпынатын  азаматтар да баршылық. Жақсы нәтижеге қол жеткізу үшін маңдай теріңді төгіп, көп еңбектену, түрлі кезеңдерден өту арқылы шыңдалып, бейімделу қажет деп ойлаймын.
Дереккөз
  • Жұмыс барысындағы қызықты әрі қиын сәттермен бөлісе отырсаңыз.

Ең маңыздысы   терең ойлай білетін, идеялары тың, креативті жандардан құралған командада  қызмет атқару. Жалпы, қызмет ететін  ортада  ауызбіршілік пен өзара бір-бірін құрметтеу, қолдау  болса  көшбасшылар қатарынан  көріну қиын емес. Мен үшін коммуникациялар қызметінің алаңына модератор болып шығу қиын, әрі қызықты сәттердің бірі болып қалмақ. Себебі, мен өткізген алғашқы баспасөз конференциясы Алматы облысының әкімі Амандық Ғаббасұлымен өткен болатын. Тура сол сәтте мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен етене байланыста екенімді сезініп, жауапкершілігім одан әрмен арта түсті. Залда отырған 35 журналист пен оператор, басшылардың, инженерлердің, осы саладағы барлық мамандардың қолдауын көрдім.  Өңір басшысы Амандық Ғаббасұлы  да  шара басталмас бұрын жігерлендіріп, өзінің сенім білдіретіндігін айтуы мені шабыттандырды.  Біздің алаңға түрлі саланың жілігін шағып, майын ішкен мамандар келеді. Олардың арасында алғашқы жетістіктерімен бөлісер мектеп оқушылары да бар. Бірі сөзге шебер болса, енді бірі сұхбаттасу барысында ойын ашық жеткізе алмайды.  Біз әрдайым спикерге  10-15 минут уақыт бөлеміз. Кейбірі  40 минуттан астам сөз сөйлесе, өзгелері 2-3 минут қана баяндама жасайды. Сол кезде модератор тақырыпқа орай  сауалдар қойып, өрбітуі қажет. Өздеріңізге белгілі Алматы облысының ішкі саясат басқармасы әр екі апта сайын өз кәсібінде жетістікке жеткен, айтары бар танымал тұлғалармен арнайы кездесу ұйымдастырады. Осы шараларға қатысқан меймандарымыздың тұжырымды ойлары, еңбек жолындағы жетістіктері  маған мотивация сыйлайды. Жақында ғана танымал тележүргізуші,  кәсіпкер, бақытты ана Динара Сәтжан, «Қазақстан» ұлттық арнасының жаңалықтар жүргізушісі Қымбат Досжан, «Хабар» агенттігі Алматы бюросының жетекшісі  Қымбат Хангелдина келіп, тәжірибелерімен бөлісті. Жалпы, әр шара өзінің қызықты сәттерімен есте қалады.

Дереккөз

                                      Кейіпкер жайлы қызықты дерек

  • 8  ғылыми мақаланың  авторы;
  • Қос мақаласы  шет елдік баспасөзде  жарияланған;
  • 2012 жылы Қытай Халық Республикасындағы Іле педагогикалық университетінің Филология институты «Қазақ тілі мен әдебиеті» кафедрасында біліктілігін арттыру  мақсатында іс-тәжірибеден өткен;
  • Қазіргі таңда 365 инфо сайтында журналист;
  • Түрлі әшекей бұйымдарын жасайды.
Дереккөз

                                                     Қысқа әрі нұсқа

  • Үй шаруашылығына, аспаздыққа қаншалықты бейімсіз?

Үйге кіргеннен бастап өзге арулар сынды барлық жұмысты атқарамын. Тамақты дәмді дайындай аламын. Әсіресе құймақты.

  • Сиқырлы таяқша иесі атансаңыз?

Тұрмысы төмен отбасыларға қолдау көрсетіп, барша адамның денсаулығын жақсартар едім.

  • Үлгі тұтар жан?

Ең әуелі апам мен анам. Мен қасымда жүрген әр адамның жақсы қасиеттерін өзіме сіңіруге тырысамын. Бұл ретте Рустам Әлиұлы, Ғалиасқар Сарыбаев, Сәуле Аманбайқызы, Әділет Рымтайұлы, Гаухар Өтелбаева, Махаббат Есен бар.

  • Бос уақытыңызды қалай өткізесіз?

Бос уақыт көп бола бермейді. Демалыстарда отбасыммен бірге табиғат аясында серуендеймін.

  • Қызмет немесе отбасы?

Екеуі де. Қазір XXI ғасырда барлығын қатар алып жүретін, жан-жақты дамыған тұлға болу керек деп есептеймін.

  • Алдағы басты мақсат?

Тұрмысқа шығып, бір әулеттің үлгілі келіні, аяулы ана  атану.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK