Талдықорғанда ҚР ардагерлер  ұйымы  қоғамдық бірлестігі Алматы облыстық филиалының  IV пленумы өтті. Облыс әкімінің орынбасары Ақан Әбдуәлиевтің қатысуымен өткен жиында алдымен аймақтық ардагерлер  кеңесінің төрағасы Ермек Келемсейт баяндама жасап екі мәселеге кеңінен тоқталды. Оның бірі – ұйымның осыған дейін  атқарылған істері жөніндегі қорытынды болса, екіншісі, алда тұрған басты міндеттердің бірі Жеңістің 75 жылдығын атап өтуге дайдық жұмыстарын пысықтау.

Жиналған қауым алдында сөз алған ұйым төрағасы: «Бүгінде Жетісу өңірінде  220 мыңнан астам зейнеткер тұрады. Оның  93 Ұлы Отан соғысының ардагері болса, 12 мыңнан астамы соғыс жылдарында тылда еңбек еткендер. Аймақтағы жалпы ардагерлер — 922 бастауыш, 17 аудандық және 3 қалалық ұйымға біріктірілген. Ұйымның басты міндеті береке бірлікті бекемдеп,  жастарға ұлттық салт-дәстүр сабақтастығын жалғастырып, қарттарға көмек көрсету. Мәселен,  қазір өңірдегі ардагерлердің әлеуметтік, мәдени-тұрмыстық жағдайларын жақсарту үшін барлық аудандар мен қалаларда комиссиялар құрылып, әрбір ардагерге әлеуметтік карта ашылған. Бұл  карта арқылы  кімнің қандай мұқтаждығы бар екенін анықтауға болады.Соның нәтижесінде облыс бойынша Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне жылу, ыстық, суық сумен, газ, жарықпен қамтамасыз ету сынды коммуналдық шығындары үшін жылына жергілікті бюджеттен 12,1 млн. теңге жұмсалуда. Сонымен бірге олардың тегін ем алуына, басқа да тұрмыстық көмек көрсетіліп, ауылдық жерлерде тұрмысы төмен зейнеткерлер демеушілер көмегімен малға жем-шөп, отынмен тегін қамтамасыз етілуде. Мұндай жұмыстар бұдан былайда жалғаса береді. Атап айтсақ, алдағы уақытта ардагерлер елдің дамуы мен өңірдің өркендеуіне өз үлестерін қосумен қатар ұрпақ тәрбиесіне баса мән беріп, келе жатқан Жеңістің 75 жылдығын атап өту қамына кірісетін болады» — деді.

Осыдан соң жеке-жеке сөз алған қариялар әрбір іске ағалық ақыл-кеңесін беріп, белсене ат салысатындарын білдірді. Басқосу соңы І.Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында ардагерлер ансамблінің концерттік бағдарламасына ұласты.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK