дереккөз

Ұлы Отан соғысының  ардагері Тоқтарбай Қанапияновтың өз қолымен табыстаған деректері мұрағатта сақтаулы. Өскелең ұрпақты тәрбиелеуге қосқан орасан үлесін, белсенді өмірлік ұстанымын  паш еткен  жазбалар мен фотолары  бар екен.  Майдангердің  ерлігі,  айбынды қайраты, ұстаздық жолы   жастар үшін әрдайым үлгі.

 Соғыс және еңбек  ардагері  Тоқтарбай Қанапиянов   І дәрежелі Отан соғысы ордені, «Құрмет» ордені, 20-дан астам медаль, Президенттің алғыс хаттарымен  марапатталды. Сондай-ақ,  «Ақсу және Көксу аудандарының құрметті азаматы» атағының иегері. Облыстық Ардагерлер төралқасының мүшесі болды.

 Орталау мектепті аяқтап, Қапалдағы педучилищеге оқуға түседі. 1942 жылы тамызда Қызыл армия қатарына шақырылады. Ташкент қаласында арнайы даярлықтан өтіп,  курсант жауынгерлермен бірге алдыңғы шепте соғысқа аттанады.  Днепр өзеніндегі кескілескен шайқаста байланысшы болады.  Майдангер соғыс кезінде тапсырмаларды  ойдағыдай орындағаны үшін   3-дәрежелі «Даңқ» ордені мен бірнеше медалдарын иеленген.

Осы Украина жеріндегі майданда  оң қолынан ауыр жарақат алады.  Госпитальда жатып бірнеше ай ем  қабылдайды. 1944 жылы соғыс мүгедегі ретінде елге қайтады.  Мұғалімдік  жолды жалғастыруды мақсат етеді.  Педагогикалық училищені аяқтап, оқу бөлімінің жолдамасымен  облыстың бірнеше аудандарының білім саласында қызмет атқарады. 1954 жылы Алматыдағы Абай атындағы  педагогикалық институтта оқып, тарих пәнінің мамандығы бойынша жоғары білім алып шықты.

Білім беру саласында қарапайым  мұғалімдіктен бастап, мектеп директоры қызметін атқарды. Арнаулы  оқу орындарында оқытушы болды.  Еліміздің Еңбек сіңірген мұғалімі деген құрметті атақты иеленді.  Бүкілодақтық «Білім» қоғамының арнаулы төсбелгісінің иегері.

Облыстық ақсақалдар,  қалалық соғыс және еңбек  ардагерлері кеңесінің құрметті мүшесі болды. Соғыс  және еңбек ардагері  Тоқтарбай Қанапияновтың  артындағы ұрпағы балалары  және олардан тараған  немере мен шөберелері, шәкірттері  оның  ерлік істері мен өнегесін мақтан етеді.

 

 

 

 

 

 

 

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK