жалпыұлттық ата-аналар жиналысы Талдықорған қаласы
Суретті түсірген А.Нұршанов

15 мамыр күні  республика бо­йынша  жалпы білім беретін  мектептерде  жалпыұлт­тық ата-аналар жиналысы өтті. Әр ата-ананы бала тәрбиесіне белсене араластыру мақсатында ұйым­дастырылған іс-шара халықаралық Отбасы күні­не тура келді. Ата-ана мен ұстаздар арасындағы қарым-қатынастың берік болуы — баланың тәрбиесі, оқу үлгерімі мен болашағы үшін аса маңызды.

Талдықорған қаласында 28  орта мектеп болса, онда 28100-ден астам  оқушы  тәрбиеленіп, білім алуда. Қаланың  ата-аналары өз балалары оқитын  білім ошағында  өткен жалпы ата-аналар жиынына қатысты. Барлық мектепте бір мезгілде ұйымдастырылған жиналыстың  күн тәртібінде бірнеше мәселе қаралды. Ең алдымен ҰБТ-ға дайындық, оқушылардың білім сапасы, екінші,«Мектеп бітіру кеші», үшінші, балалардың жазғы демалысы мен қауіпсіздік  мәселесіне  маңыз берілді.

«Ата-аналардың көбісінің мектеп жиналыстарына қатыспайтыны жасырын емес. Сондықтан да, ата-аналардың жалпыұлттық жиналысы күніне барынша мән-мағына берілді. Бұл күні барлық ата-ана жаппай мектептерге келіп, балаларының сыныптарын аралап, өз көздерімен көріп, сынып жетекшілерімен, мұғалімдерімен, мектеп басшылығымен сөйлесіп, пікірлесулеріне жағдай жасап  отырмыз»,- дейді қалалық  білім бөлімінің мамандары.

Бүгінде білім  жүйесінде  өзгеріс жетерлік. Оқушылардың сапалы білім  алып,  болашақтары жарқын болуы  үшін жаңартылған мазмұн енгізіліп, мұғалімдердің біліктіліктерін арттыру бағытында көптеген шаралар қолға алынды. Оқушылардың оқу жетістігіне жаңаша  бағалау жүйесі енгізілді.  Мектеп бітіруші түлектер  ҰБТ-ны  2019 жылы  қаңтар, наурыз, маусым және тамыз айларында тапсыруға  мүмкіндік алып отыр. Білім сапасын тексеріп алуға ақылы түрде сынақ тапсырғандар да болды. Бірақ, қаңтар, наурыз және тамыз айларындағы  сынақтар  үміткерге жоғары оқу орындарының тек ақылы бөлімдеріне түсу құқығын береді. Бұл сертификаттар грант алуға жарамсыз. Егер үміткер мемлекеттік грантты алуға ниет білдірсе, онда ҰБТ сынағын маусым айында тапсыруы тиіс. Оның нәтижесі гранттық байқауға қатысуға толық мүмкіндік береді.

Биылғы мектеп   бітіру кешіне түлектердің    қымбат көйлек киюіне, көлік жалдап  қыдыруға, сыйлықтар жасауына тыйым  салынатындығы айтылды. Бұл туралы   Білім және ғылым министрлігінің  арнайы қаулысы болса, облыстық білім басқармасы мен қалалық білім бөлімдерінің де шешімдері шыққан. Сондықтан да ата-аналарға бұл туралы ескертілді.

Балалардың жазғы демалысы да жақындап  қалды. Қаладағы әр мектептің жанында күндізгі  демалыс лагерлері жұмыс жасайтын болады. Мұнан өзге тіл оқыту орталықтары, олимпиадалық мектептер оқушылардың  білімін  жетілдіру бағытында ашылады. Қаладан тыс аймақтардағы сауықтыру  лагерлерінде балалар  ақылы  демалуларына да болады. Сабақтан қолдары босап,  демалысқа шыққан  балалардың оқыс жағдайларға тап болмауы жөніндегі мәселеге де жиналыста  мектеп басшылары назар аударды. Мәселен, ата-аналардың  қарауынсыз үйде  қалған балалардың суға түсуге баруы, терезеден оқыстан құлап, қайғылы жағдайларға тап болмауы үшін сақтық шараларына назар аударуға, сақ болуға шақырды.

Жиын барысында  ата-аналар өздерін мазалаған  сұрақтарды   сынып жетекшілеріне және де психолог мамандарға қойды.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK