Жуырда «ЖетісуОблГаз» ЖШС көпбалалы отбасыларға табиғи газды тегін қосуды жоспарлап отыр, — деп хабарлайды taldykorgan-online.kz

Бір ескеретіні, бұл әлеуметтік жеңілдік Талдықорған қаласы бойынша «Алматы облысы Талдықорған қаласы әкімдігінің жұмыспен қамту орталығы» ҚММ арқылы атаулы әлеуметтік көмек алатын көпбалалы отбасыларына ғана жасалады. Сондай-ақ, көгілдір отын тартылатын тұрғын үй көпбалалы отбасы иесінің өз атында болуы міндетті. Талдықорған қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің бас маманы Алмас Барлыбековтың айтуынша, жұмыстар шамамен маусым айында басталмақ.

Сонымен қатар, «ҚазТрансГаз Аймақ» акцио­нерлік қоғамының Жетісу өндірістік филиалы да Талдықорған қаласындағы әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға табиғи газды тегін қосуды қарастыруда. Компания бүгінгі күннің өзінде Ескелді би көшесінде тұратын 6 баласы бар С.Н.Слуповтың жанұясына газ құрылғыларын үйге тегін орнатып берген. «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ алдағы уақытта облыс орталығындағы тұрмысы төмен тағы екі отбасының үйіне көгілдір отынды өз қаражаттары есебінен қосуды жоспарлап қойыпты. Олардың қатарында Балпық би көшесінде тұратын А.В.Хребтова және Қожамярова көшесінің тұрғыны Г.У.Бозтемирова бар.

Айта кетейік, бүгінде Талдықорған қаласында 3335 абонет табиғи газға қосылып үлгерген. Оның ішіндегі 2783 абонет жеке сектор болса, көпқабатты тұрғын үйдің 552 пәтері көгілдір отынның қызығын көріп отыр.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK