Алматы облысындағы Райымбек ауданына қарасты Сүмбе өзеніндегі су торабын реконструкциялау жұмыстары толықтай аяқталды. Аталған жоба 2017 жылы  Қазақстан мен Қытай мемлекеттері арасындағы су көздерін ортақ пайдалану  келісімдері аясында қолға алынған.  Осыған байланысты шекаралық аймақта жаңа нысанды ашуға арналған салтанатты шара өтті. Оған ҚР ауылшаруашылық министрлігінің вице министрі Ерлан Нысанбаев, ҚХР Су шаруашылығы министрінің орынбасары Тянь Сюебинь басқа да саланың жетекші-мамандары қатысты.

Нысанды ашу салтанатында сөз алған Ерлан Нұралыұлы: «Қазіргі уақытта Қазақстан мен Қытай арасындағы су қатынастары саласындағы ынтымақтастық екіжақты келісімдер негізінде сындарлы және жоспарлы түрде жүзеге асырылуда. Оған осы атқарылған жұмыстар куә. Сүмбе өзеніндегі бірлескен су құрылысын жаңарту, оны іске асыру мақсатында жеке үкіметаралық келісімге қол қойылған. Келісімге сәйкес, біз бұдан бір жыл бұрын жұмыс бастаған болатынбыз. Осы қысқа мерзім ішінде қос тараптың мамандары, жобалаушылары және құрылысшылары бар күш-жігерін жұмсап, жұмысты сәтті аяқтады. Құрылыс екі мемлекетке ортақ. Объектіні басқару және пайдалану жеке халықаралық келісіммен реттеледі. Су торабын қаржыландыруды тараптар тепе-тең жүзеге асырды. Болашақта гидротехникалық құрылым бірлесіп басқарылатын болады. Сонымен бірге  бұл Сүмбе өзенінің су ресурстарын тең үлеспен, тең құқықты негізде пайдалануға мүмкіндік береді. Сол себепті  нысанды іске қосу екі мемлекет арасындағы тариxи оқиға.  Жыл сайын трансшекаралық су ресурстарын қорғау мен ұтымды пайдалануға байланысты көптеген мәселелерді қамти отырып, біздің ынтымақтастығымыз артып келеді. Біз мұндай  тату көршілік, сенім мен өзара тиімділік негізіндегі ынтымақтастықты одан әрі жалғастыруға ниеттіміз» –деді.

 

Сөз кезегінде қытайлық меймандар жаңа тоған екі жаққа да тиімді. Себебі, ұзақ жылдардан бері Сүмбе өзенін екі елдің халқы тең пайдаланып келеді. Әрі қытай қазақ еліне нұқсан келтіретін ешқандай шараларға бармайды. Сондықтан бұл бастама тату достықты, өзара қарым-қатынасты негіз еткен оңтайлы шешім екені сөзсіз, — деп  атап өтті.

Мамандардың айтуынша, құрылыс жұмыстарына жалпы 160 млн. теңгеден астам қаражат жұмсалған. Жобаның өңірдің дамуына, Райымбек ауданының  экономикалық-әлеуметтік көрсеткіштерінің жоғарылауына тигізер пайдасы зор. Енді Сүмбе ауылының маңайындағы шаруа қожалықтарының 2000 гектардан астам егістік алқабы еш кедергісіз сумен қамтамасыз етілмек.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK