Біздің рухани құндылығымыз не?

567
дереккөз

Сіз үшін құнды дүние не?! Ата-анаңыз, балаңыз, жақын жандарыңыз…бұл тізімді жалғастыра берсеңіз өте көп. Ал, мемлекетке ортақ, рухани құндылықтар жайлы ойланып көрдіңіз бе?! Ана тіліміз, дініміз, салт-дәстүріміз, киелі жеріміз, тарихымыз…

Біздер бұларды жеке бастың құндылықтарынан әлбетте, жоғары қоямыз. Себебі, біздің болашағымыз, ұрпағымыз тікелей осы құндылықтарға қарап бой түзейді. Ұрпақтар сабақтастығы құндылықтар арқылы жалғасады. Ұлт тарихы үшін осы сабақтастықтың маңызы зор. Әр буын өзіне дейінгі ұлт тәжірибесін бойына сіңіріп, ары қарай дамыта білмесе, тарихын екшеп-саралау арқылы болашағына бағдар жасамаса – ол қоғам кері кеткен қоғамға айналады. Өткенді мансұқтап, тарихты өзінен бастаған, құндылықтарды құнсыздандырған өскелең ұрпақ өссе ертеңіміз бұлыңғыр.

Біздің мемлекеттің ең басты құндылығы – адам. Жеке тұлға – жеке құндылық. Мемлекеттің байлығы да, мемлекеттің мемлекет болып өмір сүруі де тікелей сол елде өмір сүріп жатқан адамға байланысты.

Одан кейінгі құндылық – жер.  Ата-бабаларымыз найзаның ұшымен, білектің күшімен, ақылдың ұшқырлығымен, қанын, терін төгіп бізге мұра етіп қалдырған  қасиетті қара жер қалайша бізге құнды болмасын?! Кең-байтақ даласының, ұлан-ғайыр атырабының, иісі аңқыған жусанының жұпарын жұтып жүрген біздер бақытты ұрпақпыз.

Құндылықтарымыздың асылы – ана тіліміз. Тіліміз барда берекеміз бұзылмақ емес. «Тіл жоғалса заман туар, ит мөңіреп, сиыр үрген». Тіл жоғалса – ұғымдар жоғалады, ұғымдармен бірге құндылықтар күйрейді, құндылықтармен қоса мәдениет те жоғалады. Қазағымыздың пейіліндей шексіз, шүлдірлеп-былдырлауды білмейтін ана тіліміздің қадірін қашырмай ұстау біздің міндет.

Дінімзіді де тілімізден бөле-жара қарауға болмас. Бір ғана «иман» ұғымын алайық. «Иманды» деп қазақ жүректегі «Құдай — бір, пайғамбар — хақ» деген берік сеніміне қоса терең адамгершілік қасиетке ие, ізгі мінез-құлықты жанды ғана атаған. «Жүзінен иманы төгілген» деп жүректегі жылуы жүзінен танылатын нұр келбетті жандарға сүйсінген.  Қазақ қашанда жүректегі иманды басты орынға қойған, ішкі сенімі берік, ниеті түзу адамның мұсылмандығына шүбә келтірмеген. Қазіргі шым-шытырық заманда, дінге деген әртүрлі сенімдер қалыптасқан тұста иманымызды жоғалтпай өмір сүрудің өзі құндылықтың ең қастерлісі.

Тарихымыз тасқа жазылған Көк Түріктің ұрпағымыз. Тарих қойнауына көз жүгіртсек, қаншама зұлмат кезеңдерді басынан өткеріп, бізге Тәуелсіздікті алып берген ата-бабаларымыздың еңбегін қалайша бағаламасқа деген сауал сайрайды көкейімде. Біз үшін ең құнды дүние – ата-бабаларымздың келер ұрпақ үшін төккен тері мен еңбегі болмақ.

Қай заманда болмасын адамзат алдында тұратын ұлы мұрат бар. Ол – ұрпақ өсіру. Ұрпағымыз біздің – ең басты құндылығымыз. Ертеңіне сеніммен қарайтын өскелең ұрпақ қашанда өткен тарихын зерделей алуы қажет. «Мен кіммін? Кім болдым? Бұрын кім едім?» деген сауалдарға жауап бере алуы тиіс. Міне, біздің құндылықтар қалай сақталмақ. Елбасымыз «Тәуелсіздік толғауы» атты мақаласында рухани құндылықтарымызға аса мән берген. Тарих пен бүгінгі күн тоғысқан шақта өткенімізді ұмытып кетпеуіміз туралы атап өтті. Мәдениетіміз бен өнерімізге, ғылым-білімімізге, әдебиетімізге құрметпен қарауды ескерте отырып, өзінің Тәуелсіздік жайлы толғауын жеткізді.

Құндылық – тәрбие мен оқытудағы адамгершілікке бағытталған мұраттар. Оларға меймандостық, имандылық, кішіпейілділік, ақжүректілік жатады. Біз осы қасиеттерімзді сақтай білсек құндылықтарымыздың құнсыздануына жол бермейміз. Неміс жазушысы Герольд Бельгер «Қазақстан – қазақтың елі, қазақтың жері, қазақтың атамекені, ана тілінің өркендер, өсер ежелгі қара орманы. Қазаққа ағылшын, американдық, неміс болуға ұмтылудың түкке де қажеті жоқ. Ең бастысы өзіңнің қазақтығыңды сақтау. Өзін жоғалтқан – өзге болып та жарытпайды» деген. Қасиетті құндылықтарымызды қастерлей білейік. Сонда ғана рухы биік еліміз мәңгі жасамақ.

Алмас ТҰРСЫНҒАЛИҰЛЫ Талдықорған қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK