Талдықорғанда қазақ күресінен облыстық «Жетісу бөрісі» турнирі жалауын желбіретті. «Жастар» спорт сарайында өткен дүбірлі додаға 16 аудан және 3 қаладан жалпы саны 40 балуан келіп, бәсеке көркін қыздырды, — деп хабарлайды taldykorgan-online.kz

Дәстүрге айналған төл өнеріміз жылдан жылға төрге озып келеді. Сайысқа түскендердің арасында осалы жоқ. Әр өңірден сайдың тасындай іріктеліп келген мықтылар қарсыластарын алып та, шалып та жығып, көрермендердің делебесін қоздырды.

Суретті түсірген Жеңіс Ысқабай

Жалпы, биылғы додада жаңа есімдер мен үздік балуандарымыз боз кілемде бой көр­сетіп, өздерінің өзгеше әдіс-тәсілдерімен жиналған қауымды тәнті етті. Солардың ішінде ширек финалға шыққан Ернар Қабдолдаев, Жәнібек Дүйсембаев, Мұхит Қойшыман, Нұрсұлтан Аманжоловтар белдесудің шырайын кіргізді. Айта кетейік, жуырда ғана «Талдықорған барысы» атанған Александр Касачаев ширек финал үшін өткен бәсекеде Мухит Қойшыманға есе жіберіп қойды.

Суретті түсірген Жеңіс Ысқабай

Ал, Алакөл ауданының намысын қорғап келген Ернар боз кілемде Мухиттың мысын басып, ақтық бәсекеде күресуге мүмкіндік алды. Сонымен қатар, жартылай финалда Талдықорғанның атынан шыққан Жәнібек Дүйсембаев Текелі қаласының балуаны Нұрсұлтан Аманжоловты ұтып кетті. Дегенмен, Нұрсұлтан Кербұлақ ауданының балуаны Мухитты сан соқтырып, үздік үштіктен көрінді.

Ақтық сынға жолдама алған балуандар бар күш жігерін жұмсады. Финалда Ернар мен Жәнібек кездесіп, тартысты белдесу өнерін көрсетті. Бұл уақытта көрермендер демін ішке тартып, әліптің артын бағып отырған. Осы сәтте Е.Қабдолдаев қарсыласын ұпай санымен ұтып, жеңісті жұлып алды. Осылайша, дүбірлі додада топ жарған Ернар Қабдолдаев «Жетісу бөрісі» турнирінің бас жүлдесін иеленді.

Жеңімпаздарды Алматы облысының құрметті азаматы Əлімғазы Райымбеков пен күрес ардагерлері Нұрбай Жармұханбетов, Саят Құдайбергенов жəне облыстық дене шынықтыру жəне спорт басқармасының басшысы Нұрбақыт Теңізбаев марапаттады. Жеңіске жеткен Ернарға жарыс ұйымдастырушылары «Нива» автокөлігі мен қатар алтын белбеуді сыйға тартты. Ал, күмістен алқа тағынған Жәнібек 1 млн. теңгені қанжығасына басса, үшінші орын алған Нұрсұлтан Аманжолов 500 мың теңгенің сертифакатын алды.

Енді Ернар Қабдолдаев пен Жәнібек Дүйсембаев алдағы уақытта Президент жүлдесіне орай ұйымдастырылатын республикалық «Қазақстан барысы» турнирінде Алматы облысының намысын қорғау үшін бәскеге түсетін болады. Балуандарымызға сәттілік!

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK