Еліміздегі апатты су қоймаларды және гидротехникалық құрылыстарды қалпына келтіру бағытында көптеген жобалар жүзеге асырылуда. Жалпы ҚР АШМ СРК «Қазсушар» РМК жарғылық капиталын өсіру бойынша 15 нысанды қайта тұрғызу жоспарланған. Соның бірі 254 бағдарламасы аясында салынып жатқан Алматы облысындағы Қызылағаш су қоймасы.

Қызылағаш су қоймасы Алматы облысы Ақсу ауданы Қызылағаш ауылының аумағында. Яғни облыс орталығы Талдықорғанның шығыс солтүстігіндегі 60 шақырым жерге орналасқан. Көпке мәлім Қызылағаш су қоймасын 2010 жылдың 12-ші наурызында  сел бұзып бірнеше елдімекен зардап шеккен болатын. Арада бірнеше жыл өткенде әр аймақтағы апатты су қоймаларды анықтап  гидротехникалық құрылыстарды бастапқы қалпына келтіру бойынша жұмыстар басталған. Осыған байланысты, 2016 жылы Қызылағаш су бөгетін жаңадан салуға республикалық бюджеттен 5.9 миллиард теңге бөлініп, ірге тасы қаланған. Міне, содан бері әр жылғы  бөлінген қаржат  толығымен игеріліп, құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізіліп келеді. Мәселен, 2016 жылы 94,6 млн. теңге, 2017 жылы 1 миллиард 802 млн. теңге игерілсе, 2018 жылға 3 миллиард 732,1 млн. теңге бөлінген. Құрылысқа 70-тен астам техика 120 жұмысшы жұмылдырылған. Бөгеттің ұзындығы 310, биіктігі 55 метрден асады.  Бүгінгі күнде құрылыс жұмыстары аяқталу алдында. Алла бұйырса, үстіміздегі жылдың шілде айында қолданысқа беріледі, — дейді мамандар. Құрылысқа жауапты Талдықорғандағы «Қазсушар» мемлекеттік мекемесі Алматы филиалының берген мәліметінше, алдымен Қызылағаш су бөгетіне баратын 12 шақырым жол толық жөнделіп, 16 шақырым аумаққа электр желісі тартылған. Қоймаға жалпы 42  миллион текше метр су сақтауға болады.

Стратегиялық маңызды нысан қолданысқа берілген кезде  аймақтағы 7 мың гектар суармалы алқапты толық игеруге мүмкіндік берілмек. Бүгінде Ақсу ауданына қарасты диқан шаруалар Қызылағаш су бөгетінің іске қосылуын  тағатсыздана күтуде. Себебі, олар осыған дейін судың тапшылығынан  тек мал өсірумен айланысып келсе, енді қосымша егін егуге ден қоймақ.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK