Талдықорғандағы  атшабар алаңда Жеңіс күнінің құрметіне ұлттық ат спорты түрлерінен республикалық жарыс өтті. Дүбірлі  додаға еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған 110-нан астам сәйгүлік қатысып бақ сынады. Онда 5 шақырымдық тай,  9 шақырымдық құнан, 15 шақырымдық топ бәйге, 25 шақырымдық аламан, 7 шақырымдық жорға жарысы ұйымдастырылып, жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шыққандары анықталды.

Жарыс қорытындысында жүлделі орындарға қаржылай сыйақы табыс етілді. Нақтырақ айтсақ, 25 шақырымда шашасына шаң жұқтырмай топ жарып келген Жамбыл ауданының тұрғыны Мұрат Қозыбаевтың «Ақмоншақ» есімді сәйгүлігі бас жүлдені еншілеп 1.5 млн. теңгеге ие болса, 15 шақырымдық топ бәйгеден  басқа аттарды шаң қаптырған Қаратал ауданының тұрғыны Жеңіс Смайловтың тұлпары 1млн. теңгені қанжығалады. Сондай-ақ,  7 шақырымдық жорға жарысында алматылық Елена Игорушкинаның, 9 шақырымдық құнан жарысында  Жамбыл облысының тұрғыны Әлібек Жұмабектің  бәйгесінің бағы жанды. Ат иелеріне 1 млн. теңгеден үлестірілсе, тай жарысында жамбылдық Ғалым Рысқұловтың жирен қасқасы жүлдегер атанды. Жалпы жүлде қоры 7.5 млн құрады. Сонымен бірге теңге ілу, жамбы ату, аударыспақ, көкпар тарту сынды қазақтың ұлттық спорт ойын түрлерінен тартысты өнер көрсетілді.

 

 

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK