Майдангерлерге мың тағзым!

248

Отан соғысындағы Жеңіске биыл 74 жыл толып отыр.  Сонау 1941 жылдың 22 маусымында   басталған  соғыстың салдарынан  талай   қыршын жастың өмірі  қиылып, ана баладан, бала әкеден, бауырдан  айырылды.  «Бәрі де майдан үшін, бәрі де Жеңіс үшін» деген ұранмен  еңбектеген баладан, еңкейген қарияға дейін еңбек етті. Ұлы Отан соғысына қатысқан майдангерлердің өмірі, ерліктері  жазылды, кітап болып басылды. Жетісу жерінен   сан мыңдаған боздақтарымыз аттанған.  Олардың   ерлігі  жүрегімізде мәңгі сақталады.  

Бүгінде  қатары сиреп бара жатқан  майдангерлер туралы деректі  Талдықорған мемлекеттік мұрағатынан сұрастырып білген едік. Мұнда Елбасының  “Болашаққа бағдар — рухани жаңғыру” мақаласында   көрсетілген міндеттерді жүзеге асыру мақсатында   Алматы облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының бастамасымен әзірленген  4 жоба қолға алыныпты. Соның  бірі  — «Тарихи тұлғалар»  деп аталады.

Мұрағат қызметкерлерінің айтуынша, жеке адамның қалыптасу қоры деп жеке тұлға  немесе отбасының өмір сүру және қызмет ету барысында жинақталған құжаттардан тұратын архивтік қорды атайды.  Осы мақсатта өлкенің тарихы,  облыстың дамуына үлес қосқан көрнекті тұлғалардың өмірі және қызметі жайында   деректер қатары  толыға түсуде.

 Қазіргі таңда   архивте сақтауда   1902-2016 жылдар аралығын қамтитын 38 жеке қор бар.

Оған қоса  Талдықорған мемлекеттік архиві белгілі мемлекеттік және қоғам қайраткерлерінің, Алматы облысының құрметті азаматтарының, оқымыстылардың,  Ұлы Отан соғысының ардагерлері, ауылшаруашылық, халыққа білім беру және мәдениет саласы қызметкерлерінің, жазушылар мен журналистердің жеке қорларын сақтап отыр.  Отан соғысына қатысып,  одан әрі партия-кеңес жұмыстарын атқарған майдангерлердің  естеліктері мен  суреттерін, маңызды  құжаттарын осы жерден алып, жариялауды жөн көрдік.

Қалам мен қаруды қатар ұстаған

Жангөбек Сұлтан Ілиясұлы  1942- 1946 жылдары  Ұлы Отан соғысына қатысқан. Батылдық  істері  үшін  бірнеше орден мен медальдар иеленді. Оның ішінде Отан соғысының 1-2 дәрежелі екі ордені, Украина жерін,  Прага қаласын азат  ету, Германиядағы Жеңіс, ерлік пен батылдық үшін медалдары бар. Семей аймағындағы Жарма ауданы  Малай батыр ауылында  қарпайым отбасында дүниеге келеді. Әкесі Ілияс та  Мәскеу үшін болған майданда қаза табады . Анасы  Қадиша колхоз шаруашылығында жұмыс жасайды.

Сұлтан Ілиясұлы бала күнінен  әдебиетке әуес болып өседі.  Ол  дастан-жырларды жатқа айтатын. Сондықтан да, үлкендер  оны  қастарына шақырып алып, жыр оқытатын еді. Мектептегі қабырға газеттерінде қысқа әңгімелері, өлеңдері жарияланып тұратын.  Соғыста  қарумен бірге қаламы да қолынан түспеді. Майдан шебінде жарық көрген  «Отан үшін», «Қызыл әскер», « За Родину», «Красноармеец» деп аталатын  газеттерге өлең-мақала беріп тұруды ұмытпады. Осылайша,  қандыкөйлек серіктестерінің рухын көтерді. Әскери шені –полковник.

Соғыс аяқталып, елге оралған  соң  ішкі істер мекемесінде  табан аудармай 27 жыл  қызмет атқарды. «Жігерлі қызметі үшін» медалымен қоса, қоғам тәртібін қорғаудың үздігі, ішкі істер ардагері атағын иеленді.  20-ның үстіндегі медальдармен марапатталыпты.

Қаламгер ретінде   шығармашылығын  ұштап, өткен ғасырдың 60-70-80 жылдарында Семей мен Талдықорған өңірінде шығатын «Семей правдасы», «Заря коммунизма», «Октябрь туы» газеттерінде өнегеге толы мақалалары жарияланды. Одан кейін де  Талдықорған қалалық « Талдықорған» газетінде, «Ана тілі» тағы да басқа басылымдарда 150-дей әңгіме мен өлеңдері  оқырманға жол тартты.  Бүгінгі күнге дейін 8 кітаптың авторы.  Повесть, драма, жыр жинақтары бар. «Дала академигі» атанған екі мәрте социалистік Еңбек ері атағының иегері, Ұлы Отан соғысының ардагері  Нұрмолда Алдабергенов  туралы «Ақиқат», «Аманат», «Арпалыс» атты үш кітап жазылып, жарық көрді.

Ал  Отан соғысындағы адамдардың тартқан қасіреті ғана емес, ерлердің ерлік істері мен қажыр-қайраты, бірлік арқау болған естелік кітап «Жүрек сыры» деп аталды.

Ішкі істер органында қызмет атқарған майдангер зейнеткерлікке шыққан соң Талдықорған қаласындағы аккумулятор өндірістік бірлестігінде  ұзақ жыл  еңбек етті. Облыс көлемінде қоғамдық жұмыстар да атқарды. Ақсақалдар алқасының мүшесі, «Қазақ тілі» қоғамының белсендісі болған ардагер жастармен кездесуден қалмайтын. Қазіргі таңда   майдангер ата Сұлтан Ілияұлы  Елордадағы балаларына қоныс аударған.

Төменде  Сұлтан атаның  майданда жазған өлеңдерін оқырман назарына ұсынамыз.

                        Жеңіс күні 

Естідік соғыс бітті бүгін түнде,

Әркімнің арманы еді тосқан күнде,

Жадырап езулерге күлкі оралды.

Бақытты өлшемей ме  күлкі келсе.

Солдаттар құшып сүйді бірін –бірі

Еске түсіп өлгендер, бізге тірі,

Әп-сәтте соғыс деген сөзді ұмытып,

Кеткендей болды емес пе қолдың кірі…

Көбейді арман орындайтын ойлағандай,

Оқтар қалды шашылып қолға алынбай.

Тазаладық киімді, жалтыратып етікті

Қыз ұзатып, қызықты тойлағандай.

Соғыс бітті, мінеки аспан ашық

Бой жазылды, жетектеп үміт, жігер тасып,

Шіркін-ай, жеттік  пе, жетпедік пе, осы күнге

Төрт жыл бойы тілеген болып ғашық.

 Соғыста қаза болған ардагерге

Өлді деп оны қалай сенім етем,

Ерлігін көзім көрді оның еткен.

Ойнатып жау басына от найзағай.

Қайтарған кек-намысты елдің кеткен.

Өтеді абыроймен ата-анаға,

Арқалап сапар шеккен аманаты.

Көтерді жеңіс туын шаңыраққа,

Шығармай қас пен досқа жаман атын…

Өлді деп қалай айтам оның атын,

Аңыз боп ұрпақтарға жатталатын.

Қалдырды өшпес мұра тігіп басын

Ұмтылмай көз алдымда сақталатын.

Өлді деп оны қалай айта аламын,

Ол тірі күнде  оысыны қайталаймын.

Етсем де күнде тәжім аруағына

Мойнымда қарызы  көп қайтаратын.

                             I.XII. 1949 жыл.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK