Алматы облысының әкімі А.Баталов ардагерлерді құттықтады

98
Дереккөз

Алматы облысының әкімі Амандық Баталов Жеңіс күні мерекесі қарсаңында Ұлы Отан  және Ауған соғысы ардагерлерін құттықтады.

Тұтас елдің азаттығы үшін Жетісу жерінен майданға 120 мыңнан астам адам аттанып, олардың 50 мыңы туған жерге оралмады. 52 жерлесіміз Кеңес Одағының Батыры атағына ие болды. Қазіргі таңда өңірімізде 91 Ұлы Отан соғысының ардагері, 10 мыңнан астам тыл еңбеккері бар. Мемлекет басшысының қолдауымен  ардагерлерге және басқа да санаттағы азаматтарға шипажайларға тегін емделуге, оңалтуға биылғы жылы 470 млн. теңге қаражат  бөлінді. Ал, облыстық бюджеттен мерекеге орай әрбір соғыс ардагеріне 500 мың теңге көлемінде біржолғы материалдық көмек берілмек. Салтанатты қабылдауға қатысқан облыс басшысы Амандық Ғаббасұлы «Жыл сайын мереке қарсаңында сіздермен кездесу жақсы дәстүрге айналып отыр. Біз үшін 9 мамыр – батырлық пен ерліктің символына айналған ең қастерлі мереке. Бұл – аға ұрпақтың ерлігі мен рухының жеңісі. Ел басына күн туған уақытта, етігімен су кешіп, «Бәрі де майдан үшін, бәрі де жеңіс үшін» деген ұранмен бүкіл еліміз бір кісінің баласындай, күні-түні еңбек етті. Біз – соғысты көрмеген ұрпақпыз. Бірақ оның бар ауыртпалығын көтерген барлық ардагерлерге, Сіздерге бас иеміз. Бір нәрсе анық – жас ұрпақтың ардагерлерге деген құрметі, үлкендерге деген ізеті ешқашан жоғалмайды. Жыл өткен сайын тарихи оқиғалардың маңызы арта береді. Ұлы Жеңістің адамзат өміріндегі орны бөлек. Бейбіт заманда отансүйгіш ұрпақтың бойларында ерлік, намыс, жігер, қайрат болуы елдің тарихи сәттерімен сабақтасып жатады. Сіздер, ардагерлер, жас ұрпаққа – темірқазықсыздар»- деп келер жылғы Ұлы Жеңістің 75 жылдығына дайындық жұмыстары басталып кеткендігін атап өтті. Сонымен қатар, облыс басшысы Отан қорғаушылар ең озық, жаңа әскери техникамен, қару-жарақпен жабдықталғанын тілге тиек етті. «Біздің Қарулы күштеріміз ел тәуелсіздігінің сенімді қорғаны, ел тыныштығының басты тірегі. Биылғы жылы 15 сәуір-5 мамыр аралығында Панфилов ауданындағы Көктал полигонында республикалық «Айбалта-2019» жедел-стратегиялық командалық-штабтық оқу жаттығуы өтті. Еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ел қарулы күштерінің жоғары әскери шеберлігін және кез келген қатерге қарсы тұра алатынын атап өтті»-деді. Сұрапыл соғысқа 17 жасында аттанған, Сарқан ауданының тумасы 96 жасар Берлібек Ысқақов «Барлығыңа зор денсаулық, баянды бақыт, сарқылмайтын дәулет берсін. Отанымның іргесі аман болып, тыныштық заман болсын. Аспандарың ашық, еңбектерің жемісті, осы бақытты, бейбіт өміріміз мәңгілік болсын»-деп ақ батасын берді.

Дереккөз

Сондай-ақ, Амандық Баталов Ауған соғысының ардагері Қазбек Бейісбековті ҚР Президентінің Жарлығына сәйкес, әскери және қызмет бабындағы парызын өтеуде көрсеткен батылдығы мен жанқиярлығы, мемлекет мүддесін қорғауда жасаған ерлігі үшін II дәрежелі «Айбын» орденімен  марапаттады. Қазбек Қантайұлы Ауған соғысы ардагерлері ұйымының іргетасын қалаушылардың бірі. Айта кетейік, бүгінгі таңда облыс аумағында 1876 Ауған соғысы ардагері бар. Олардың құқықтарын қорғау, әлеуметтік бейімдеу, медициналық оңалтумен айналысар 5 облыстық қоғамдық ұйымдары жұмыс істейді. Шара барысында Амандық Ғаббасұлы  «Тарих беттерінде орын алған ауыр оқиғалардың бірі – Ауған соғысы. Оған Кеңес әскері, соның ішінде қазақ даласынан қаншама жауынгерлер қатысты. Қатерге бел буып, қан майданда ерлік көрсеткен жандар бүгін біздің арамызда. Қиын сәттерде, өмір мен өлім белдескен шайқасқа қатысқан біздің жерлестеріміздің ерлігі ұмытылмайды. «Ел намысы – ер намысы» дегендей, намыс пен жігерді ту еткен ерлер – ел қорғандары. Бүгін де олар мемлекетіміздің өсіп-өркендеуіне үлес қосып, ұрпаққа өнеге көрсетіп келеді»-деді.

 

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK