Бір адам қалада туып-өскен баласын қазақтың салт-дәстүрін, әдеп-ғұрпын көрсін, білсін, үйресін деген оймен біраз уақытқа ауылға жіберіпті. Баласы аттанар  алдында әкесі оған: — Балам сен нағыз табиғаты тамылжыған жайлаудағы елге бара жатырсың. Онда қаз-қатар тігілген киіз үйлер, мыңғырған төрт түлік мал болады. Сен барғанда біреулер түйеге жүк артып көшіп келе жатуы мүмкін. Ондайда, алдымен үлкендерге кішіпейлдікпен сәлем беріп, сосын: «Көш байсалды болсын!» деп айтасың. Ал, түйе шөгеріп, жүк түсіріп жатқандарды көрсең «Қоныс жайлы болсын!» — деп айт, деп білгенін үйретіпті. Бала жайлауға келіпті. Әкесі айтқандай мыңғырған малды ауыл, көркем табиғат. Бірде біреулер  қой қырқып жатыпты. Бала қырықтықшыларға сәлем берген соң: «Қырқар көбейсін!» -депті. Енді бір жерде жүн сабап жатқандарды көрген бала «Сабар көбейсін!» деп, ұққанын айтыпты.  Сонымен жайлаудағы жұрт балаға риза болып жүріпті. Бір күні жайлауда бір адам қайтыс болып, біреулер қабір қазып жатыпты. Сонда қабір басына барып қалған бала қабір қазушыларға:  «Қазар көбесін!» — деген екен.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK