Талдықорғанда қазақтан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы, КСРО-ның Еңбек сіңірген спорт шебері Жақсылық Үшкемпіровтың жүлдесіне арналған грек-рим күресінен жастар арасында халықаралық турнир жалауын желбіретті. Байрақты бәсекеге Қырғызстан, Ресей, Өзбекстан, Тəжікстан және еліміздің әр өңірінен балуандар келді, — деп хабарлайды taldykorgan-online.kz

«Жастар» спорт кешенінде өткен доданың ашылу рәсіміне қазақтың даңқты балуаны, әлемдік күрес UWW бюро мүшесі Дәулет Тұрлыханов, бокстан Лондон Олимпиадасының чемпионы, ҚР спорт істері комитетінің төрағасы Серік Сапиев, бокстан Сидней Олимпиадасының чемпионы Ермахан Ыбраимов, бокстан Афина Олимпиадасының чемпионы, Вэл Баркер кубогының иегері Бақтияр Артаев және Мәулен Мамыров, Арман Оспанов, Қайрат Аxметов, Марғұлан Әсембеков, Әсет Иманбаев, Ербол Қоңыратов, Дамир Күзембаев сынды бір топ спорт жұлдыздары келді. Сондай-ақ, құрметті қонақтардың қатарында ҚР грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясының вице президенті Бауыржан Оспанов, Алматы облысы әкімінің орынбасары Лаззат Тұрлашов болды.

Салтанатты шарада алғаш сөз алған Лаззат Махатұлы елімізде спорт саласына сіңірген еңбегі үшін Жақсылық Үшкемпіровке Алматы облысы әкімінің Құрмет громатасын табыстады. Ыстық ықыласын білдіріп, ардагер спортшының иығына шапан жапты. Өз кезегінде құрметті қонақтар да ақ тілегін ақтарып, жарыс қатысушыларына сәттілік тіледі.

Жарысқа келген балуандар мамыр айының 4 – 6 күндері аралығында боз кілемге шығып, өзара мықтыны анықтайды. Сайыста бірінші орын алғандар – 300 мың, екінші орын алғандар – 200 мың, ал, үздік үштіктен көрінген балуандар 100 мың теңге ақшалай сыйлықтармен марапатталатын болады.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK