Тікұшақ апатынан қаза тапқан азаматтардың  отбасына мемлекеттік награда табысталды. Талдықорған қаласының әкімі Ғалымжан Әбдірайымов 7- мамыр Отан қорғаушылар күніне орай  арнайы басқосу ұйымдастырып, Қазақстан Республикасы Президентінің 2019 жылдың 29 сәуіріндегі №32 Жарлығына сәйкес, марқұм ефрейтор Айдын Төлендіұлының жұбайы Самал Серікқызына «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалін тақты.

Мұндай құрмет марқұм болған ефрейтор Мирас Алмасұлының, аға сержант Мұрат Рысбекұлының, кіші сержант Асхат Төкенұлының және ефрейтор Қуаныш Мейрамғалиұлының белгілі себептермен келе алмай қалған жұбайларына да табысталмақ.

Жиналған қауым алдында сөз алған Ғалымжан Райылұлы: «Дана халқымыз  «Уақыттың  жүрісі білінбегенімен жылдамдығына жан баласы ілесе алмайды» деген аталы сөз бар. Зулап өткен уақытқа тоқтау жоқ. Ажал біреуге ерте, біреуге кеш келеді. Осыдан біраз уақыт бұрын, яғни  2019 жылдың 27 наурызында Қызылорда облысында  Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінің МИ-8 тікұшағы апатқа ұшырап, елімізде қайғылы оқиға орын алды.  Апат салдарынан халқымыз ел қорғау қызметінде жүрген 13 боздағынан айырылып, қайғыда қалды. Қаза тапқандардың 8-і Алматы облысынан болса, оның  6-ы Талдықорған қаласының тұрғындары болатын. Оларға жан-жақты көмек көрсету – біздің мідетіміз. Мәселен, осыған дейін облыс және қала әкімдіктері тарапынан марқұмдардың әрбіріне 500 мың теңгеден жерлеу қаражаты, 1 млн. теңгеден қосымша көмек көрсетіліп,  балаларының балабақшаға бару мәселесі шешілді. Енді міне, мемлекеттік наградамен марапатталуда. Мұндай көмектер бұдан былай да  жалғасатын болады. Азаматтарымыздың жаны жәннатта, топырағы торқа болсын! Олардың әке-шеше, аға-бауыр, туыс-туған, бала-шағасына зор денсаулық, ұзақ ғұмыр тілеймін», — деді.

 Осыдан соң, Қазақстан Республикасы қарулы күштерінің ардагерлері Алматы облыстық  ұйымының төрағасы Рахым Қырғабақов біздің бұл жауынгерлер өздерінің азаматтық борышын өтеу барысында  өмірден озды.  Олардың жарқын бейнесі жұрт жүрегінде мәңгі сақталады деп атап өтті.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK