жас әнші Сауран Өмірғали
дереккөз

Өтенай ауылдық мәдениет үйінде Талдықорған қаласы әкімінің жүлдесі үшін  дәстүрлі «Балдәурен-2019» балалар шығармашылық жобасының гала концерті өткізілді. Бұл жоба жас таланттардың өнерін шыңдап, болашағына жол ашу мақсатында қала әкімінің қолдауымен жетінші жыл қатарынан ұйымдастырылып, қолға алынды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, жоба ережесі бойынша барлық қатысушы үміткерлеріміз жас ерекшеліктеріне байланысты әр номинация бойынша екі категорияға бөлініп сайысты.  Бірінші категорияға 4-6 жас аралығындағылар , ал  екінші  категорияға 7-10 жас аралығындағы өнерпаздар қатысты.

—  Бұл балалардың  өнерін шыңдайтын байқау. 120 үміткер  жобаға қатысуға сұраныс берді. Сол таланттардың қанатын қақтырған, мөлдір бұлақтың көзін аштырған, «Балдәурен-2019» балалар шығармашылық жобасы Жастар жылына арналды.   Өнер әлеміне ұмтылған балдырғандардың жолын  ашуға көмек болатын  шығармашылық жоба қала әкімінің қолдауымен жыл  сайын өтіп келеді,- дейді  Қазақстан Республикасының Мәдениет саласының үздігі, Талдықорған қалалық мәслихатының депутаты,  Өтенай ауылындағы мәдениет үйінің директоры Б.Түстікбаев.

 Әр аталым бойынша жүлделі орын алған үздіктердің әндері мен билері, сән көрсетілімі гала концертке арқау болды.  Бұл шараның жанымызға жыр, көңілімізге нұр сыйлағандығын көрермендер шапалағынан байқадық. Жоба жас дарындардың  жолын ашуда өзіндік орны бар өнер мерекесіне айналды.

Ерекшелеп айтар болсақ, кішкентай өнерпаздардың жасы  нәбірі 4-5-те екен. Олар да ән салды, би  биледі, сән көрсетті. Жас әншінің бірі-   төрт жастағы Сауран Өмірғали  бірден көзге түсті.

— Сауран — Өтенай ауылындағы «Бәйтерек»  бөбекжайының тәрбиеленушісі.  Талдықорған қаласы әкімінің жүлдесі үшін байқау өтеді деп естіп, қатысып бағымызды сынауға бардық. Ол байқауда   «Әжемнің шәйі», « Әсем қала Астана» атты екі  әнді  жанды дауыста орындады.  Әділқазылар  алқасының  ұйғарымымен екінші орынды иеленді.  Гала концертке жолдама алып, ол жерде де тамаша өнерін көрсетті. Мен музыка жетекшісі  ретінде даярлап жүрмін. Мұның алдында  талай өнер додасына қатысып, бас жүлде мен бірінші орындарды иеленді. Қабілеті зор бала, үйреткеніңді қағып алады.  «Бұлақ көрсең көзін аш»- дегендей, өнерге бейім баланы тәрбиелеп келеміз,- дейді Майра Тойшубекова.

Музыка сабағында  сәбилер тобындағы балдырғандар  дұрыс сөйлей де алмайды.  Алайда, Сауран  музыка  жетекшісінің айтқан әуендері мен қимылына, ырғаққа ілесіп,  дидактикалық  ойындарына  қызығушылықпен  қатысқанды  жақсы  көреді.

Бала  сәби  кезінен  бастап  музыканы  тыңдап, сезіне  білетіндігін  мамандар байқайды.  Оның үстіне балабақша  тәрбиешісі  Сандуғаш  Шідербаева  ертеңгіліктерде, сабақтарда    әннің  сөздері мен   тақпақтарды қағілез бала     Сауран тез  жаттап  алатын   және  сөзді  байланыстырып  сөйлейді,  сөйлеу  дағдысы, ойлау қабілеті  ерекше екенін  айтып өтті.

Сауранның  әжесі  немересін  бесікке  бөлеп,  бесік  жырымен,  қазақтың халық  ертегілерімен  сусындатып  өсірген.  Балдырған   бойында нағашыларынан  дарыған  музыкаға  деген  қызығушылығы  қалыптасқан екен. Ағасы  домбырамен  ән айтып, күй тартады. Бесік жырын құлағына  сіңірген кішкентай  Сауран  музыкаға деген қызығушылық қабілетінің арқасында  бір-екі  жылдың ішінде, әуенді тындау, есте сақтау, ырғақты ажырату, әуеннің  ырғағына  сай қимыл- қозғалыс жасауға дағдыланыпты.

 Музыка жетекшісінің айтуынша, ынтасы  бар  дарынды  балалармен  сабақтан тыс қосымша жұмыс  жүргізе  отырып,  үстіміздегі жылдың 16-17  ақпанында   өткен «Ұлы дала ұрпағы»  II республикалық  байқауына 4  баланы апарған. Бүлдіршіндер,  мектеп оқушылары  мен  жасөспірімдер  арасында ұйымдастырылған     байқауда вокал номинация  бойынша  өнер  көрсетіп, қабілетімен  ерекше көзге  түскен 4-6 жас аралығында   Сауран Өмірғали  мен  Гүлзере Мұхамедияр  бас жүлдеге лайық болған.  Тіпті,  «Атадан — мұра»  қорының  республикалық  байқауларының   қорытынды  финалына  екі   қатысушы да  жолдама    алады  және  шет мемлекеттерде   өтетін   байқауға   қордың  атынан жеңілдікпен   қатыса  алатындығы   хабарланған. Қабілетті өнерпаз шәкірттерді тәрбиелегені үшін музыкалық  жетекші Майра Тойшубековаға  Алғыс хат  берілген. Мұнан өзге  Астана  қаласының  20  жылдығына,  қосымша  білім  берудің 100 жылдығына «Бала әлемі — 2018» атты   байқауда  жоғары  өнерлі  шәкірт дайындап,  жас  ұрпақты  өнерге  қосқан  үлесі де ескерусіз қалмаған. Майрадай өнер жанашырының шәкірттері  республикалық «Дала сазы»  байқауында  I-орынды  иеленді.  Енді олар  осы жылдың 18-19  мамырында     Алматы  қаласында өтетін   «Біз бақытты баламыз»  халықаралық  байқауына  және  «Алакөлдегі  көңілді  жаз-2019»  байқау-фестиваліне  жолдама  алған.

Кішкентай болса да киелі сахна төріне шығып, әнші балапан атанған Сауранның қадамына сәттілік тілейміз.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK