Қазақ елі – бейбітшілік символы

240
Дереккөз

Мемлекетіміз түрі басқа болса да, тілегі бір, жүзі басқа болса да, жүрегі бір бірнеше ұлт өкілдерін бір арнада тоғыстыра білген бейбітшіліктің символы. Рухы биік қара шаңырағымыз  қашанда татулық пен бірлікті басты байлық деп санаған. Талдықорғанда 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі мерекесіне орай салтанатты шара өтті.

Дереккөз

Мерекелік шара барысында ұлттық спорт ойындары, «Шебердің қолы ортақ» қолөнер көрмесі, «Караоке-батл» байқауы ұйымдастырылды. Сондай-ақ, «Достық Сюитасы» музыкалық-хореографиялық көрінісі қойылды.

Дереккөз

Сахна төріне көтерілген Талдықорған қаласының әкімі Ғалымжан Әбдірайымов «Баршаңызды күннің нұры мен көктемнің шуағын ала келетін 1 мамыр мерекесімен құттықтаймын. Бұл мереке ең алдымен сындарлы да салиқалы мемлекеттік саясаттың нақты жемісі. Елбасы, Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағасы Н.Ә.Назарбаев атап өткендей «Ынтымақтастық пен бірлік, ел тағдыры үшін жауапкершілік — бұл біздің қуатымыз бен ертеңгі күнге деген сеніміміздің қайнар көзі». Халқымызда «Бірлік түбі – береке» деген ұлағатты ұғым бар. Бұл мерекенің арқасында бүкіл ел болып бірлік тойын салтанатты түрде тойлаудамыз. Айбынды Туымыз көкте желбіреп, ашық аспан астында Әнұранымыз шырқалғанда жүрегімізді айрықша мақтаныш сезімі кернейді. Сондықтан да бұл мереке біз үшін аса қымбат, әрі маңызы зор. Әлемде өз орнын ойып тұрып алған қазақ елінің басты құндылығы да, барлық жетістіктеріміздің кілті де жарасты ынтымағымызда жатыр. Ұлтаралық татулық пен тұрақтылықтың феномені Қазақстан халқы Ассамблеясы Елбасымыздың бастамасымен 1995 жылдың наурызында құрылып, Қазақстанда шынайы достықты қамтамасыз ететін ортақ үйіміз болып келеді. Оның айқын көрінісі ретінде облыс орталығында тату-тәтті өмір сүріп жатқан 105-тен астам ұлт өкілдерінің басын біріктіріп отырған облыстық Ассамблея жұмысын ерекше атауымыз керек. Ассамблеяда бас қосқан 26 этно-мәдени орталық қоғамдық-саяси, мәдени-көпшілік, бұқаралық шараларға ұйытқы болып, елдің бірлігін нығайтуға жемісті еңбек етуде. Ел бірлігі ең асыл қасиет екенін естен шығармасақ, алынбайтын қамал, аспайтын асу жоқ. Төртеу түгел болса, төбедегі келеді. Яғни, тату елде тыныштық орнап, бірлігі бекем елдің болашағы нұрлы, келешегі кемел болады. Сондықтан, әрдайым осы бірлігімізден айнымай, татулығымыздан танбай болашаққа бірге қадам баса берейік»-деп барша жиналған қауымды құттықтады. Мерекелік жиын Сүйінбай атындағы Алматы облыстық филармониясы, «Талдықорған әуендері» халықтық, фольклорлық-этнографиялық ән-би ансамблі мен аудан орталықтарынан келген өнерпаздардың концерттік бағдарламасына ұласты. Сонымен қатар талдықорғандықтарды құттықтауға арнайы келген «Арнау» тобы әсем әннен шашу шашты.

Дереккөз

Ғабит Тұрсынбай, Алматы облыстық  Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары, хатшылық  меңгерушісі: Алматы облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы облыс әкімі  Амандық Баталовтың төрағалығымен халқымыздың бірлігі мен татулығын нығайту мақсатында табысты еңбек етіп  келеді. Облысымызда этносаралық және конфессияаралық келісімді, қоғамдық-саяси тұрақтылықты және Қазақстан халқының бірегейлігін сақтау  ұдайы басты назарда. Этномәдени бірлестіктердің бастамасымен Жастар жылы аясында  әртүрлі этностардың тілін, дәстүрлерін, мәдениетін дамыту, өскелең ұрпақтың бүгінгі қоғамдағы белсенділігін арттыру мақсатында  126  маңызды іс-шара өткізілді. Киелі Жетісу жерінде бірлік пен берекенің алтын көпіріне айналған 422 Қоғамдық келісім кеңестері, олардың құрамындағы қоғамдық пікір көшбасшылары, этномәдени бірлестіктердің, үкіметтік емес ұйымдар, аналар кеңесінің, Кәсіподақ және жастар бірлестіктерінің өкілдері, ауылдық округ әкімдері, учаскелік полиция инспекторлары өзара бірлесіп нәтижелі жұмыстар атқаруда. Ұлы даланы мекендеген бабаларымыз жетімін жылатпаған, жесірін қаңғыртпаған. Кең пейілімен, мол мейірімімен ізгілікті жолынан айнымаған. Негізгі қызмет бағытының бірі ретінде,  Қазақстан халқы Ассамблеясы облыс аумағында өткізілетін барлық қайырымдылық іс-шараларды үйлестіріп келеді. Өзге этнос өкілдеріне халқымыздың дәстүрін, ұлттық құндылықтарын кеңінен таныстыратын «Қазақтану» ғылыми-ағартушылық жобасы аясында «Ұлы парасат иесі Мұқағали» әдеби-сазды кеш,  өскелең ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеуге бағытталған «101 сөз» атты дөңгелек үстел өткізілді. Қазақстан халқы Ассамблеясы еліміздегі халықтардың тұрмыстық деңгейдегі ұлтшылдықтың, өзара келеңсіз жағдайлардың  пайда болуына жол бермейтін, бір-біріне төзімділікке, шыдамдылыққа тәрбиелеуді дәріптейтін әлемде баламасы жоқ теңдессіз институт.  Қазақстанның әрбір тұрғынына қоғамдық келісім, жалпыұлттық бірлік деген баға жетпес құндылықтарды дәріптеп келеді.  Этносаралық татулық пен өзара түсіністікті нақты нәтижелі игілікті істермен насихаттап, Елбасының сындарлы саясатын   жүйелі жүзеге асырып келеді. Тәуелсіздіктің алғашқы күнінен-ақ Тұңғыш Президентіміз Н.Ә.Назарбаев татулықты сақтауға барынша көңіл бөлді. Нәтижесінде бүгінгі таңда Қазақстан бірлік пен ынтымақтың айрықша үлгісі.   Дана халқымызда: «Үдере көшкен уығын сындырады, бірлігі бекем жұмысын тындырады» деген қанатты сөз бар. Тәңірден келген тәтті сыйға бағаланып жүрген тәуелсіздігімізді, береке-бірлігімізді бағалап, әрдайым ұлт болып ұйысып, халық болып қайрат танытайық.

Валентина Талюс: Ана тіліміз — Туымыз, Елтаңбамыз, Әнұранымызбен  қатар біздің елдігіміздің басты белгілерінің бірі болып саналады. Ұлтым литовка, бірақ өзге ұлт болсам да, біздің мемлекеттік тілімізді меңгеріп және құрметтеп келемін. 5 жасымнан бастап қазақ тілінде сөйлей бастадым,бірге жүрген достарымнан, көршілерімнен мемлекеттік тілімізді үйрендім. Қазақ тілі  менің өмірімде ерекше орын алады. Мектепті және жоғары оқу орнын орыс тілінде бітірсем де, мен мемлекеттік тілге байланысты көптеген олимпиада, сайыстарға қатысып, жүлделі орындарды иелендім. Менің ойымша, мемлекеттік тіл  тек қазақ халқының ғана  емес, Қазақстанда тұратын барлық ұлттардың  ұлтаралық ортақ тілі. Осы сәтті пайдалана отырып барлық қазақстандықтарды 1 мамыр мерекесімен құттықтағым келеді. Бір шаңырақтың астындағы халқымыздың достығы мен өзара түсіністігі одан әрі жалғасып, еліміздегі ұлтаралық татулық әрдайым берік болып, қашанда ынтымақ, бірлік мәңгі жасай берсін!

Эмиль Курбанов: Кіндік ата-анам қазақ отбасы болды. Бала кезімнен олардың қазақ тілінде сөйлегенін естіп, қызықтым. Не айтып жатқанын түсініп, жауап берсем ғой деп ойладым. Сөйтіп қызығушылығым арта түсті. Оны байқаған анам да қазақ балабақшасына берді. Солай уақыт өте қазақ тілінің тазалығына көз жеткіздім. Төл дыбыстарды анық айтпасам да, өз ойымды жеткізіп, әңгімелесе алғаныма қуандым. Жастар саябағында мерекеге орай өткізілген шараға келгендердің әр түрлі ұлт өкілі емес, құдды бір ғана ұлтқа тиесілі болып елестеді. Тіл — xалықтың өмірі дер едім. Оны меңгеру арқылы туған топырағымды танимын. Тереңдей түскен сайын бойымды туып-өскен жеріме деген құрмет пен мақтаныш сезімі кернейді. Сөз соңында барлығын айтулы мерекемен, бірлік күнімен құттықтағым келеді.

 

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK