Күллі мұсылман қауымы асыға күтетін Рамазан айы биыл 6 мамырда басталмақ. 5 мамырдан бастап барлық мешіттерде Тарауих намазы оқылады. Қадір түні 31 мамырдан 1 маусымға ауған түні — қасиетті жұмаға сәйкес келіп отыр. Пітір садақаның жан басына шаққандағы құны – 300 теңге болып бекітілген. Ал, 5 маусым күні Ораза айт мейрамы басталады. Осы және оразаға қатысты өзге де қажетті мәліметтерді сөз еткен Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасының Талдықорған өңірі бойынша өкіл имамы Ардақ Оразбаев және қалалық «Нұр» мешітінің бас имамы Алмас Данағұлов журналистермен баспасөз-мәслихатын өткізді, — деп хабарлайды taldykorgan-online.kz

Алматы облыстық өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен жиында Ардақ Нүсіпханұлы алғаш сөз алып, Рамазан айында ораза ұстау – адам баласы үшін парыз амал екендігіне кеңінен тоқталды.

«Рамазан – айлардың ішіндегі ең берекелі ай. Себебі, Алла бұл айдың дәрежесін Құранмен көтерген. Алдымызда келе жатқан осы Рамазан айы бүкіл адамзаттың бақытқа жетуіне себепші болады. Яғни, бұл кезеңде адамдар Алланың разылығын көздеп, жақсылыққа ұмтылып, жамандықтан тыйылады», — деген өкіл имам кімдерге ораза ұстау міндет екендігін нақтылап айтып берді.

Өкіл имамның айтуынша, Аллаға иман келтірген, ақыл-есі дұрыс және балиғат жасына толған адамға ораза ұстау – міндет. Жүкті, босанған немесе бала емізіп жүрген, сондай-ақ, хайзы келген әйел оразадан босатылады. Одан бөлек, науқас, сапарда жүрген адамның ауыз бекітпеуіне болады. Бірақ, бұл кісілер кейін басқа күндері оразаның қарызын өтейді. Ал, өте қатты қарттыққа жетіп, шамасын мүлдем жоғалтқан, ақылынан алжасқан және балиғат жасына толмаған адамға ораза ұстамауға дінде рұқсат бар.

Сонымен қатар, А.Оразбаев Рамазан – сабырлық айы дегенге тоқталды. Имамның айтуынша, ораза кезінде адам ішіп, жеуден ғана тыйылмайды. Алла разылығын көздеген жанның көзі де, тілі де ораза болуы керек. Яғни, көзді – харамнан, тілді – ғайбаттан сақтау өте маңызды.

«Мәселен, бір адам таңнан кешке дейін ораза ұстады делік. Бірақ, ол адамдардың арасында өсек айтып, сөз тасып жүрсе. Әлсіздерге жәбір көрсетсе және көзін тыйым салынған нәрселерден алып қашпаса – оның ұстаған оразасынан ешқандай пайда жоқ. Ол тек, таңнан кешке дейін ашыққан адам болып қана қала береді», — деген Ардақ Нүсіпханұлы оразаны бар жан тәнімен ұстау қажет екендігін ескертіп өтті.

Өз кезегінде сөз тізгінін алған Талдықорған қаласы «Нұр» мешітінің бас имамы Алмас Сағидоллаұлы Рамазан – адамды мейрімділікке, көркем мінезділікке, сабырлылыққа шақыратын қасиетті ай екендігін айтты.

«Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с): — Егер бір адам ораза ұстап жүргенде оны біреу ғайбаттап, тіл тигізетін болса, ол: «мен оразамын» деп үш рет айтсын, — деген екен. Демек, бұл амал адамды өз ашуын жеңіп, сабырлы болуға үйретеді. Оразаның тағы бір кереметтілігі осында жатыр», — деген имам көпшілікті ораза ұстауға шақырды.

Айта кетейік, биылғы жылдың оразасы 30 күн болады. Еске салсақ, бірнеше жыл қатарынан Рамазан айы 29 күнге толып келген. Мамандар мұны дін ғалымдарының айдың толығуын зерттеп шығарған пәтуәсі деп түсіндірді. Сондай-ақ, 2019 жылы бүкіл орта Азия бойынша Рамазан бір күнде басталып, бір күнде аяқталмақ.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK