Талдықорғандағы  Ө.А.Жолдасбеков атындағы экономика және құқық академиясында тағы бір жаңа кітаптың тұсауы кесілді.  Өмірден өнегелі сыр шертетін басылымның авторы – аталған академияның құрметті  професоры, саяси ғылымдардың кандидаты, философия докторы, Қаратал ауданы және Талдықорған қаласының Құрметті азаматы, Талдықорған қалалық мәслихатының аппарат басшысы  Тимур Биғожанов. Оның үстіне биылғы 29 сәуір  қаламгердің  асқаралы 60 жасқа толған мерейлі мерекесі.

Қос бірдей қуаныш иесін Талдықорған қаласы әкімінің орынбасары Талғат Қыдырәлиев құттықтап, шаһар басшысы Ғалымжан Әбдірайымовтың ақ тілегін жеткізді. Осыдан соң философия  ғылымдарының докторы, танымал профессор Аманжол Қасабеков  Тимур Биғожановтің ізгі ізденістерінің арқасында жеткен жетістіктерін айрықша атап өтті. Тимур Қапашұлы 1959 жылы 29 сәуірде киелі Жетісудың әйгілі әулиелер мекені атанған Қаратал ауданында Ұлы Отан соғысының ардагерінің отбасында дүниеге келген. І.Жансүгіров атындағы Талдықорған педагогика институтының «орыс тілі мен әдебиеті» мамандығын, Көксу ауылшаруашылық техникумының «Агроном» мамандығын, «Қазақстан менеджмент экономика және болжау» институтының «Саясаттанушы, жоғары, орта оқу орындарында әлеуметтік саяси пәндердің оқушысы» мамандығын үздік дипломмен бітірген. Еңбек жолын қарапайым жұмысшыдан бастап Кеңес әскері құрамында азаматтық борышын өтеген ол, облыс, қалалық билік саласында өнімді қызмет еткен. Мемлекеттік  қызметті ғылыми, ұстаздыққа сәйкестендіріп, 60-тан аса ғылыми жұмыстар мен түрлі зерттеу мақалаларын жазған. Көпжылдық жастар тәрбиесі және өңірлерді дамытуға сіңірген ерен еңбектерінің нәтижесінде ҚР Президентінің жарлығымен «Ерен еңбегі үшін» медалімен тағы басқа да төс белгілері және Құрмет грамоталарымен марапатталған.

Автордың «Өнегелі өмір өткелдері» атты жаңа кітабы туған жерге сүйіспеншілік, ұлт татулығы, рухани жаңғыру, даналық, өмір жолдары,  сырласу сынды бірнеше тараудан тұрады. Ойлы оқырман үшін тағылымды тарихтан, өнегелі өмірден өзекті сыр шертетін басылымның берері мол.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK