Өткен ғасырдың 80-ші жылдары  Қазақ  телевизиясына  тегеурінді тебінмен келіп, тележурналистикада айшықты қолтаңбасын қалдырған Мейрам Базарұлының есімі  бүгінде бүкіл елге аян. Оқиға орындарынан орамды ой,  тартымды тілмен лек-лек репортаж беріп, «Шарайна», «Ақшам» сынды бірнеше ақпараттық-сараптамалық бағдарламалардың тізгінін ұстаған ол,  ұзақ ізденіп белгілі спорт шолушысына айналған. Ел Тәуелсіздігінің алқашқы қиын-қыстау жылдары әр аймақта туындаған небір күрмеуі қиын күрделі мәселелерді көтеріп, оның оң шешілуіне ат салысты. Көгілдір экранда қоңыр үн, жылы шыраймен дүйым жұртты баурап, сан мәрте халықаралық спорттық жарыстарды тікелей эфирде жүргізген диктор көп өтпей қазақтілді танымал комментатор атанды.

Міне, содан бергі 40 жылға жуық уақытта  Мейрам Жанәділов ақпарат айдынында шыңдалып, оның шырқау биігінен көріне білгені анық. Бүгінде ол Қазақстанның құрметті журналисі, Қазақ тележурналистикасының ардагері, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері,  жер жанаты Жетісудағы «Өлке тынысы» ЖШС-нің директоры. Біз мамыр айының бірінші жұлдызында асқаралы алпыс жасқа толғалы отырған Мейрам мырзамен  арнайы жүздесіп, біраз сауалдарға жауап алып қайқан едік.

— Құрметті Мейрам Базарұлы жалпы  журналистикаға қалай келдіңіз?

— Мен қасиетті Көкшетау өңіріндегі табиғаты тамылжыған Бурабай маңындағы 100 отбасы ірге тепкен Құдықағаш деген шағын ауылда туып өстім. Анам 11 баланы өмірге әкелген алтын құрсақ адам. Ауылымыздан  кезінде қазақтың тұғыш академик, танымал ғалымы Қаныш Сәтпаевпен бірге Жезқазған кенін зерттеуге қатысқан әйгілі Мағауия Биғалиев, әнші сазгер Рамазан Елебаев сынды небір дара дарын иелері шыққан. Ауылдағы 100 жанұяның ұрпақтары күні бүгінге дейін қазақтың салт-дәстүр, әдеп-ғұрпының қаймағын бұзбай әр қара шаңырақтың түтінін тұтатып келеді. Атамыз қазақта «Ұяда не көрсең  ұшқанда соны ілесің» деген аталы сөз бар ғой.  Өзім бала кезімнен спортқа қызығып, оны серік еттім. Тіпті, мектепте еркін күрестен аудандық, облыстық жарыстарда топ жарып, жүлдегер атандым. Кейін Қарағандыдағы педагогикалық дене тәрбиесі институтында Серік Нұрқазов, Қанат Жақсыбаев сынды атақты былғары қолғап шеберлерімен бір курста оқыдым. Бірақ, жақын ағалардың ақылымен спортшыларға  арналған оқу орнына түскеніммен мектептегі басты арманым журналист болу еді.Спорт институтында да жаман болған жоқ. Самбомен  қазақша күреспен айналысып, жастар арасындағы ел чемпионаттарында жеңімпаз атандым.  Сонымен бірге ересектер арасындағы Қазақстан және КСРО чемпионаттарында жүлделі орындардан көріндім. Талмай жаттығып КСРО спорт шебері атағын жеңіп алдым.   Ал,  журналистика мамандығын кейін сырттай оқып бітірдім.  Ол кезде ешкім жарнама жасамаса да ел жаппай газет, журналға жазылып, оны пошта қызметкерлері әр үйге дейін жеткізіп беретін. Жанұямыз аудандық, аймақтық, республкалық бірнеше басылымға жазылатын. Оқушы кезімде аудандық газетке шағын мақалаларым шығып, соған қуанатынмын. Қарағандыдағы облыстық газет және телеарнамен тұрақты байланыста болдым. Онда облыстық телевидениеде спорт туралы хабарлар мүлде жүргізілмейтін. Тек «Жастар», «Жаңалықтар» редакциясында жұмыс істей жүріп, спорт саласын да қамтитынмын.  Алматыдағы Қазақ телевизиясындағы спорт бөлімімен де тығыз қарым-қатынас орнатып, тапсырма бойынша көміршілер қаласынан спорттық жаңалықтар, жарыстар жайлы хабарларды жіберіп тұрдым. Жібергендерім қаз-қалпында эфирден өтетін.  Бүкіл  елге тараған менің бұл шағын еңбектерім күндердің бірінде Қазақ мемлекеттік телерадиокомитетінің төрағасы, ұлттық журналистикадағы ұлы тұлғалардың бірі Камал Смайловтың назарына ілігіп, ол кісі мені Алматыға жұмысқа шақыртты. Осылайша менің бала күннен аңсаған журналист болу арманым орындалып, спорт пен қатар журналистиканың  қазанында қайнап пісуіме жол ашылды.

— Енді өзіңіздің қарапайым спорт шолушысынан, телерадиода танымал қазақтілді комментатор атануыңызға дейінгі барысқа,  жеткен жетістіктеріңізге  кеңінен тоқталып өтсеңіз?

— Жаңадан спорт редакциясына қызметке келдім. Бұл жұмыс журналистиканы енді бітіріп келген маған үлкен жауапкершілік жүктеді.  Бір жақсысы  сол кезде өздерін теледидардан ғана көріп, дауысын радиодан еститін Диас Омаров, Өмірзақ Жолымбетов, Рабат Жәнібеков сынды мықты, мықты спорт коментаторларымен бір бөлмеде отырдым. Олар орыс тілінде хабар жүргізетін Қайрат Жантикин деген жігіт екеумізді жан-жақты баулыды. Ал,   Қайрат маған қарағанда біраз жатылған. Тәжірибесі де бар.  Спортты  өте жақсы біледі. Себебі, оның әкесі де журналист. Сонымен екеуміз хабар дайындап,  репортаждар жүргізуге бел шеше кірісіп кеттік. Әр күні спорттың сан түрінен өткен жарыстарды қалдырмай қамтуға тырысамыз. Соның ішінде күрес, бокс, коньки, бадминтон, спидвей, ватерпол, ауыр атлетика, суға жүзуден репортаждар дайындайтын едік. Бірде Алматыдағы Медеуде спидвейден әлем чемпионаты өтіп, жарысты тікелей қазақ тілінде сәтті жүргіздім. Бұл бір менің есімде ерекше сақталған алғашқы жетістігім еді. Одан кейін 1984 жылы  бокстан Ташкентте өткен КСРО чемпионатында біздің жігіттердің бесеуі жеңімпаз атанды. Кейін қайта Алматыда, 1988 жылы Бішкекте бокстан болған КСРО чемпионатынан Орта Азия елдеріне тұңғыш рет қазақ тілінде тікелей репортаж жүргізгенімді  әлі күнге мақтан тұтамын. Сол кездерде спорт журналистикасындағы  қазақ тілінің мәртебесін көтеруге  өз мүмкіндігімше үлес қостым. Кейін 90-шы жылдардағы тоқырауға дөп келіп спорт редакциясының халі де мүшкілденіп, ақыры спорт хабарлары қысқарып қалды. Небір мықты спортшылардың үлкен турнирлерге баруға жағдайлары келмей тұрмыс қамымен басқа жұмыстармен айналысып кетті. Журналистикаға да бұрын істеп көрмеген тәжірибесіз жастар келді. Мені ақпарат бағдарламасына ауыстырды. Сол жылдары Шығыс Қазақстан облысының Зайсан өңірінде жер сілкінісі болып, мен сол жерге барып зілзала ошағынан күнбе-күн арнайы  хабар беріп тұруға аттандым. Ол кезде бүгінгідей  мүмкіндік жоқ. Күнде дайындаған хабарды ұшақ арқылы беріп жіберіп, немесе өзім келіп тапсырып, ертесінде қайта ұшып кетіп жүрдім. Жер сілкінісі болған аймақтан ең алғаш репортажды да мен дайындап жөнелткен болатынмын.  Сол репортаждар ондағы қирап қалған ауылдардың жай-күйінен елді хабардар етіп, қайта бой көтеруіне өз септігін тигізгені ақиқат.

— Сіз мемелекет басшысының шет елдерге жасаған бірқатар іс сапарларынан арнайы репортаж берген  алғашқы БАҚ өкілдерінің бірісіз. Сол жайында айта кетсеңіз?

— Бұл өзі бір маған жиі қойылатын сауал. Әрине, Елбасының жанында жүріп, ол кісінің шет мемлекеттің басшыларымен кездесуін көгілдір экран арқылы халыққа жеткізу екінің біріне бұйыра бермейтін  мүмкіндік. Еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейін Елбасы көптеген мемлекеттердегі аса маңызды үлкен жиындарға жиі сапарға шығатын. Сол кездері  маған мемлекет басшысымен бірге баратын журналистер қатарында болу бақыты бұйырды. Ұлттық  арнадан сондай кездесулер мен самиттер, тағы басқа да ресми жиындардан репортаждар жүргіздім. 1995 жылы Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Швейцарияның Женева қаласында өткен БҰҰ-ның кезекті мәжілісінде сөз сөйлеген сәтін халық мен дайындаған хабар арқылы көрді. Осыдан соң ол кісінің Корея, Сауд Арабиясы, Франция, АҚШ, Норвегия және тағы басқа алыс-жақын шет елдердегі сапарларынан жүргізген репортаждарым жұрт назарына ұсынылды. Осылайша Елбасының қасында жүргендігімнің шарапаты тиген шығар, 2001 жылы Сауд Арабия Корольдігінің шақыруымен мұсылмандардың қасиетті қалалары: Мекке мен Мединада болып қайттым. Сол сапарда Құран шығаратын фабриканың жұмысымен танысып, Қағбаны жеті айналып,  қасиетті тасты екі мәрте сүюге қолым жетті.

–  Ұлтымыз «Ұстаздық еткен жалықпас үйретуден балаға» деген,  осы орайда өзіңізге ұстаздық етіп, үлгі өнге сыйлаған адамдардан кімдердің есімін атар едіңіз?

–  Мені алғаш Қарағандыда журналистикаға баулып, жол көрсеткен Өтен Ахметов, Шәмшит Қалмағамбетов деген ағалар  болды. Кейін Алматыға  жұмысқа келген соң «Болмасаң да ұқсап бақ» демекші, Камал Смайлов ағаның өнер, білім, мәдениет, журналистика салаларындағы ерекше дарыны маған шабыт беріп, одан үлгі алуға тырыстым. Бағыма қарай маған үнемі бір жақсы адамдар кез болып отырды. Жұмыста белгілі спорт коментаторлары Диас Омаров,  Өмірзақ Жолымбетовтер  өздерінде барды үйретіп, бағыт бағдар беріп жүрді. Сонымен бірге сол кезде Қазақ телевизиясы бас директорының орынбасары Рафаэль Жұмабаев маған жоғары талап қойып, мол тәжірибе алуыма жол нұсқады. Осы адамдардың күнделікті маған берген тәлім-тәрбиесімен  мені шыңдаған журналистикадағы ең үлкен мектеп Қазақ телевизиясы болды.  Кейін Серік Үмбетов Жамбыл облысының әкімі болып тұрғанда мені арнайы  облыс әкімінің баспасөз қызметінің жетекшілігіне шақырды. Ол кісінің адал ақ көңілділігі, адамдармен кішпейіл қарым-қатынасы, үнемі жаныңа ізгілік сыйлайды. Бұрын менің журналистикада жүргенде мемлекеттік қызметке деген көзқарасым мүлде басқаша болатын. «Ағаштан ағаш мәуе алады, адамнан адам тәлім алады» деген. Серік Әбікенұлы менің мемлекеттік қызметке деген құлшынысымды арттырып,  жолымды ашты.  Бұл қызметтің сырын өз басымнан өткергенде бірақ түсініп кейбір тұжырымдарымды түбегейлі өзгерттім. Содан бастап биілік пен БАҚ арасында дұрыс қарым-қатынас сақтап,  сыйласымды байланыс орната білуге күш салдым. Мен Жамбыл облысы әкімдігінің баспасөз қызметінде жүргенде біраз жұмыстар атқарылды. Соның бірі  2002 жылғы көне Тараздың екі мыңжылдық мерейтойын атап өту еді. Сол  кезде менің кеңесіммен Тараз жайлы арнайы фильм түсірілді. Шаһардың, елдің, жердің тарихынан тағылымды сыр шертетін сол  фильм қазір де республикалық телеарналардан жиі көрсетіледі. Бұл да бір өзім үлгі еткен адамдардың ақыл-кеңесімен істелген игі істердің бір парасы деп ойлаймын.

— Қазақ журналистикасының өткені мен бүгіні арасында қандай айырмашылық бар деп ойлайсыз?

–  Бұрын  облыстық, республикалық телевизияға жұмысқа  қабылдану қиын болатын. Себебі, телевизия қызметкерлері үнемі елдің алдында шығатындықтан қойылатын талап та жоғары еді. Ал, газет тілшілерінің есімін бүкіл ел білетін. Өйткені жұрт жаппай газет оқитын. Ол кезде жазалмайтын, ауыз екі сөзді айта алмайтын тілшілерді эферге  мүлде жолатпайтын. Әбден  іріктеуден өткен мықтылардың мықтылары ғана журналист бола алатын.Телевизия мамандарын арнайы құрылған көркемдік кеңес мүшелері қарайтын. Газетте де солай. Қаламының қуаты жоқ азаматтар редаксия табалдырығын аттай алмайтын. Қазіргідей емес ол кезде сөз еркіндігі де болатын.  Үкіметте ақпарат саласының қызметкерлеріне баса назар аударатын. Олардың баспана алуы, басқа да тұрмыстық қиыншылықтарын шешуге барын салатын. Сондықтан, ол кездегі журналистер сайдың тасындай іріктелген және шеттерінен беделді әрі мықты еді. Мәселен, қазақтың Ғафу Қайырбеков, Мұхтар Шаханов сынды қарымды қаламгерлері, қазіргі Жүрсін Ерман, Нұртілеу Иманғалилар еліміздің белді басылымдары мен телеарналарында қызмет етті. Біз соларға қарап бой түзеп, үлгі алдық. Сол үшін қазіргі журналистика мен бұрынғы журналистиканың арасы жермен көктей деуге болады. Әрине көпке топырақ шашқаным емес. Осы күнде кейбір жастар эферге шыққанның жөні осы екен деп өз алдына жұлдыз болып кеткен. Керек десең, ондай жастар өзінің басшыларын да көзге ілмейді. Оның үстіне  менің  тағы бір қарным ашатыны қазір әнші біткен көгілдір экранда, өз алдына бағдарлама жүргізеді. Оларды  халық әлеуметтік желі арқылы сынайды да жатады. Қорытып  айтқанда, әркім өз мамандығымен шұғылданса қызметтің де сапасы артар еді.

— Сөз соңында жанұяңыз жайында тоқтала кетсеңіз?

— Мен үйленіп, шаңырақ көтергелі 35 жыл зулап өте шығыпты. Үйдегі Гүлбаршын есімді жеңгелеріңмен университетте 4 курс оқып жүргенде танысқам. Қазір Аллаға шүкір! Бейбіт, Ілияс атты екі ұлымыз, үш немереміз  бар. Екі ұлымда мен таңдаған журналистика мен спортты таңдаған жоқ. Өз жүрек қалауымен басқа мамандықтарды таңдады. Біз енді сол балалардың отбасына, немерелерге баянды бақыт, елімізге амандық, жерімізге тыныштық тілеумен келеміз.

Әңгімеңізге рахмет!  Асқаралы 60 жасыңыз құтты, денсаулығыңыз мықты болсын!                            

                                                                             Сұхбатасқан Айдын КӘЛІМХАН.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK