Бүгін Талдықорған қалалық спорт бөлімі және ардагерлер кеңесінің мұрындық болуымен бильярдтан жарыс өтті. Аталмыш дода Мәскеу перамидасы бойынша өрбіді.

Талдықорған қаласында спорт жақсы қарқын алған. Соның ішінде бильярд ойыны да бар. Қазіргі таңда ардагерлер аталмыш спорт түрін жақсы меңгеріп, орайы келгенде осындай сайыстарды өткізуді әдетке айналдырған.

автор

Қалалық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Айтмұхамбет Ерасыловтың айтуынша мұндай шараларды ұйымдастыру – ардагердердің қабілетін һәм төзімділігін шыңдауға үлкен септігін тигізеді. Сондай-ақ, жас ұрпақты спортқа баулып, тұрғындар арасында салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында бұл үлкен маңызға ие. «Бүгінде ардагерлеріміздің спортқа деген көзқарастары өте жоғары. Біз осыны ескеріп, қалалық спорт бөлімімен бірлесе шахмат, дойбы, тоғызқұмалақ және бильярдтан соңғы жылдары көптеген жарыстар ұйымдастырып келеміз. Ардагерлеріміздің бос уақыттарын тиімді өткізу мақсатында алдағы уақытта да осындай шаралар жалғасын табатын болады», — дейді А. Ерасылов.

автор

Айта кетейік, турнир 22-ші желтоқсан күні өтетін облыстық сайысқа жолдама ретінде ұйымдастырылып отыр. Жарыста жасы 63-тен асқан 10 ардагер өзара шеберлік байқасып, мықтыларын анықтады. Жарыс соңында үздік атанып, шеберлігін өзгеге таныта білген ойыншылар медаль, Алғыс хат және ақшалай сыйлықтармен марапатталды.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK