Талдықорғанда қала әкімінің жүлдесіне арналған қазақ күресінен «Талдықорған барысының» іріктеу турнирі өтті. Аталмыш додада қазақ күресінен еліміздің спорт шебері Александр Касачев топ жарып, жеңімпаз атанды, — деп хабарлайды taldykorgan-online.kz

Жарыстың ашылу рәсімінде Алматы облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Нұрбақыт Теңізбаев, дзюдо күресінен Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген жаттықтырушысы Саятхан Құдайбергенов, және турнирдің бас төрешісі Ерлан Иманғалиев сөз алып, балуандарға сәттілік тіледі.

Талдықорған қалалық қазақ күресі федерациясының президенті, жарыстың бас төрешісі Ерлан Тұрсынбекұлы биыл қазақ күресіне жаңа ереже бекітілгендігін айтады. Бұрындары күрес кезінде балуан ескерту алса, оның қарсыласына «бүк» ұпай, екінші ескертуде «жамбас», үшінші ескерту алған жағдайда «жартылай жеңіс» ұпайы берілетін болған. Жаңа ереженің ерекшелігі сол, енді ескерту кезінде бұл ұпайлар берілмейді. Алайда, балуандарға боз кілем үстінде сылбыр жүруге жол жоқ, жылдам күресу қажет.

Сонымен, қатысушылар үшін бұл жарыстың маңызы өте зор болды. Яғни, балуандар сайыста барын салып, үздік нәтиже көрсетуге тырысып бақты. Мақсат – облыс көлемінде өтетін «Жетісу барысына» жолдама алу. Алайда, бұл мүмкіндік А.Касачевқа бұйырды. Ол жарыс алаңына шыққан барлық қарсыластарын қоғадай жапырып, финалда Жәнібек Дүйсембаевпен кездесті. Күрестегі мол тәжірибесін еркін қолданған Александр бұл сында да жеңісті жұлып алды.

Осылайша, «сары балуан»  «Талдықорған барысының» жеңімпазы атанып отыр. Айта кетейік, Саша бұған дейін облыстық «Жетісу бөрісі» турнирін екі рет ұтып, республика көлемінде өтетін «Қазақстан барысына» қатысқан.

Ал, турнирдің үшінші орнын Эльдар Мұқан иеленді. Ол ақтық сында Жақсылық Баянбаевтан айласын асырып кетті.

Жалпы, жүлде қоры 700 мың теңгені құраған биылғы турнирге 16 балуан қатысты. Бас жүлде — 300 мың, екінші орын — 200 мың және үздік үштіктен көрінген балуандар — 100 мың теңге ақшалай сыйлықтармен марапатталды. Сондай-ақ, «Жеңіске деген жігері үшін» және «Үздік әдіс» аталымы бойынша екі балуанға 50 мың теңгенің сертификаты табысталды.

Енді осы турнирде бірінші және екінші орын алған балуандар 11 мамыр күні өтетін облыстық «Жетісу барысында» Талдықорғанның намысын қорғайтын болады.

Александр Касачев, жарыс жеңімпазы:

— Қарсыластарым осал болмады. Соның ішінде Жәнібекті ерекше айтар едім. Екеуміз бірге жаттығамыз. Ол да кезінде «Жетісу бөрісін» ұтқан, мықты жігіт. Мен тіпті, осы жарыста Жәнібекті жеңетініме сенімсіз болдым. Сәті түсіп, айым оңымнан туды. Енді облыстық турнирге дайындаламыз.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK