Аламан  айтыста жүрген төрт ақын, яғни Айнұр Тұрсынбаева, Балғынбек Имаш, Сара Тоқтамысова мен Жандарбек Бұлғақов Талдықорғандағы көпбалалы анаға пәтер кілтін табыс етті. Нақтырақ айтсақ, аталған айтыс ақындары  еліміздің әр аймағын аралап қайтуға арнайы гастрольдік сапарға шыққан. Мұндағы мақсат – «Ұлы дала ән мен жыры, ақындардың жеті қыры» атты жаңа авторлық жобасын жұрт назарына ұсынып, айтыссүйер қауымға рухани азық  бағыштау.

 

Осыған байланысты, Жетісудың қос дүлдүлі Балғынбек пен Жандарбек алғашқы концертін 25 сәуір күні Талдықорған қаласынан бастаған. Себебі,  екі ақында 25 сәуір күні Жетісу жерінде өмірге келген. Оларға шырайлы  Шығыстың қос аруы Айнұр Тұрсынбаева мен Сара Тоқтамысова серік болып талдықорғандықтарға керемет кеш сыйлады. Кеште ақындар айтыспен қатар әуелетіп ән шырқап, өлең оқып, сахналық қойылым арқылы ұлтымыздың салт-дәстүрін, әдеп-ғұрпын жаңғыртып, көпшіліктің ерекше қошаметіне бөленді. Бастысы қасиетті Рамазан айы қарсаңында ұйымдастырылған  концерттен түскен қаржатқа ақындар көпбалалы Еркін Тәңірбергенов есімді азаматқа баспана сатып алып беріп, тосын сый жасады. Он жылдан астам уақыттан бері 5 баласымен пәтер жағалап жүрген Еркінге баспана кілтін әйгілі айтыс ақыны Айнұр Тұрсынбаева мен Балғынбек Имашов табыс етті. Бұл игі бастама өзгелерге үлгі болары анық.

 

Екінші күні ақын Балғынбек пен Жандарбек  І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің студенттерімен кездесті. «Ақындық өнер –дәстүр жалғастыру» атты жүздесу жастармен қарапайым пікір алмасу үлгісінде сұрақ жауап бойынша өрбіді. Осы орайда  жетісулық жастар қазақ ауыз әдебиетінің айшықты жанры айтыс өнері туралы білгісі келген бірқатар сауалдарға жауап алды.

Мұндай кездесулер мен концерттік кештер алдағы уақыттада өз жалғасын таппақ. Талдықорғаннан кейін Балғынбек Имаштың сахнадағы 25 жылдығы 1 мамырда Алматыда аталып өтілмек.

 

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK