дереккөз

Бар  жақсысын балаға арнаған ата-аналар қашанда өз ұрпағының кемелді келешегі үшін тынбай еңбек ететіні белгілі. Ең алдымен олар баласының  балабақшадан жақсы тәлім алып, мектептен сапалы білімді игеріп шығуын қалайды. Сонымен қатар, балаларының білім мекемелерін аяқтаған шағында аянбай, көп жағдайларда шектен тыс шығындар шығарып жататыны да белгілі. Ағымдағы оқу жылының  «Соңғы қоңырау» салтанатты шарасы есік қағып тұр. Мамырдың 25-де өтетін мектеп бітірушілердің мерекелік күніне орай, білім бөлімінің әкімшілігі құқық қорғау органдарымен бірлесе отырып,  ерекше тәртіппен жұмыс істейтін болады.

Себебі,  «Соңғы қоңырау» мерекесінде  ата-аналар балаларына  қымбат көліктер жалдап, мейрамханалар мен қала сыртындағы саяжайларда атап өтуді қалайды. Алайда, бұл көп жағдайда  қайғылы оқиғаларға әкеліп соғатындығын ескермейді. Балалар ата-анасының қарауында бола тұра, түрлі бұзақылықтарға немесе оқыс оқиғаларға түсіп жататындығы белгілі. Биылғы жылы  осындаай кемшіліктерді болдырмау мақсатында қалалық білім бөлімінің тарапынан 2019 жылдың 24 сәуіріндегі №372-Н бұйрығына сәйкес, мектеп басшыларына, мектепке дейінгі мекеме ұйымдарына түлектердің оқу жылының аяқталуына байланысты ата-аналар мен олардың заңды өкілдерінен ақшалай не заттай сыйлық алуға қатаң тыйым салынады. Сонымен қатар, автокөлік шерулерін ұйымдастыруға, мектептен тыс орындарда кеш ұйымдастыруына  жол бермеуі   ескертіледі.

 Білім беру мекемелеріне ата-аналармен тығыз жұмыс жүргізіп,  артық  шығындар, сыйлық жасауға қатаң тыйым салынып, бақылауға алынатындығы ескертілді. Сонымен қатар мектеп директорларына 11 сынып оқушыларының сынып жетекшісіне бағалы сыйлық жасауына да  тыйым салынды. Мектепке дейінгі ұйымдардың меңгерушілеріне балабақшамен қоштасу ертеңгілігінде шамадан тыс шығындар мен сыйлықтар ұсынуға жол берілмейтіндігі ескертілді.  Білім бөлімінің басшылығы мекеменің ағымдағы жөндеу жұмыстарына, қағаз-қалам және тағы да басқа  керек-жарақтарына үкімет тарапынан ақша бөлінетінін,  ол үшін ата-аналардан ақша жинаудың еш қажеті жоқ екендігі әрбір басшыға түсіндірілді.

Қалалық білім бөліміне ата-аналардың шағым-арыздары жасырын түрде қабылданбайды. Шағымданушы арызда   аты- жөнін, кай мекеме екендігін, мұғалімнің аты-жөнін және сыныбын көрсетуі тиіс. Осы жағдайда ғана ата-ана шағымы қарастырылады. Ақша жинау фактілері анықталған жағдайда мекеме басшылары, фактілерге қатысы бар тұлғалар қолданыстағы заң жүзінде жауапкершілікке тартылады.

                                                                       Талдықорған қалалық білім бөлімі.

 

 

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK