Талдықорғанда жыр құлагері Ілияс Жансүгіровтың 125 жылдық мерейтойына арналған республикалық ғылыми-тәжірбиелік конференция өтті. Жетісу мемлекеттік университетінде орын алған айтулы шараға ақынның туыстарымен қатар Алматы, Нұр-Сұлтан және Шымкент қалаларынан құрметті қонақтар келді, — деп хабарлайды taldykorgan-online.kz

«Жансүгіров тағылымы» атты ауқымды шара университет жанындағы ақынның ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімімен басталды. Жиналған қауым ол жерде Ілияс жайлы естеліктерімен бөліссе, студенттер жағы өлең оқыды.

Жиынды І.Жансүгіров атындағы ЖМУ-нің ректоры, география ғылымдарының докторы, профессор Қуат Баймырзаев жүргізіп отырды.

Конференцияда Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-қазына» ұлттық орталығының ғалым хатшысы, филология ғылымдарының кандидаты Анар Фазылжанова «Ілияс шығармалары мәтінін лингвостатистикалық және фоносемантикалық аспектілерде зерттеудің маңызы», Алматы облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары, хатшылық меңгерушісі Ғабит Тұрсынбай «І.Жансүгіровтың ағартушылық қызметі мен педагогикалық идеялары», «Ілиястану» ғылыми-практикалық орталығының меңгерушісі, филология ғылымдарының докторы, профессор Мұратбек Иманғазинов «Құлагер» поэмасы: ақиқат пен аңыз», І.Жансүгіров музейінің директоры Нұргүл Жауынбаева «Жыр дүлдүлі» және «Ілиястану» ғылыми-практикалық орталығының меңгерушісі, филология ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Шара Әсетқызы «Мәлім және беймәлім Ілияс» тақырыбында баяндамаларын оқып, тың деректермен бөлісті.

Осыдан кейін университет ректоры Қуат Маратұлы Ілияс Жансүгіровтың туған немересі Фатима Жандосоваға құрмет көрсетіп, кеудесіне арнайы медаль тақты. Өз кезегінде сөз алған немересі және Ілиястың баласы Болат Жансүровтың жұбайы Қарлығаш Қаңтарбаевалар аталмыш білім ордаға ризашылықтарын білдіріп, сый-сыяпаттарын ұсынды.

Айта кетейік, Ілияс Жансүгіровтың 125 жылдық мерейтойына орай биыл Жетісу мемлекеттік университетінің ғылыми практикалық орталығы үлкен дайындықпен келген. Олар соңғы 7-8 жылдың ішінде 25 кітап дайындапты. Оның барлығы кезіндегі Ілястың цензурадан сескеніп, жарыққа шығармаған туындылары. Аталған еңбектер жаз айларында қалың оқырманға жол тартпақ.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK