Халықаралық Алаш әдеби сыйлығының лауреаты, Қазақстан жазушылар және журналистер одағының мүшесі, облыстық «Жетісу» газетінің бас редакторы Әміре Әрін «Журналистік шеберлік және шешендік өнер» тақырыбында шеберлік сабағын өткізді, — деп хабарлайды taldykorgan-online.kz

Аталмыш шараны Алматы облысының өңірлік коммуникациялар қызметі облыстық ішкі саясат басқармасымен бірлесіп ұйымдастырған. Мұндағы мақсат – журналистика мамандығында оқып жүрген студенттердің танымын оятып, оларға сала бойынша қажетті мағлұмат беру.

Жастармен кездесу барсында Әміре Әрін алдымен журналистикаға қысқаша түсініктеме беріп, аталмыш саланы қасиетті мамандыққа теңеді. Ол өз сөзінде: — Журналист – халықтың атынан сөйлеп, елдің мүддесін қорғап, қашанда қоғамды дамытуға күш салып жүреді. Ондай басқа мамандық жоқ. Қай адам Президентпен немесе Премьер министрмен жолығып, елді толғандырып отырған мәселелер төңірегінде сөз қозғай алады? Оған тек, тілшілердің ғана мүмкіндігі бар. Өйткені, оларға халық сондай мандат беріп қойған. Сондықтан да мен журналисттерді қоғам қайраткері деймін. Ал, қаламын жанына серік етіп жүргендер осыған лайық болуы тиіс. Яғни, ол – білімді, жан-жақты болуы қажет, — деді.

Сонымен қатар, Әміре Әрінұлы тісқаққан мықты тілші болғысы келген жас маман баспалдақты алдымен баспасөзден бастағаны дұрыс екендігіне тоқталды. Айтуынша, газеттің қазанында қайнап, сөз қадірін жетік меңгерген адамнан ертең мықты маман шықпақ. Сөзден өткір қару жоқ. Ұлы француз қолбасшысы Напалеон «Бір газеттің күші, бір әскерден әлдеқайда мықты» деген екен. Яғни, «Сөз» деген қанжарды жүрегіне бекіткен адам адал болады. Ал, таза, адал адамнан шынайы дүниелер шығатыны белгілі.

Сөз арасында «Жетісу» газетінің редакторы қазіргі кейбір журналистерге көңілі толмайтынын да айтып қалды. Бүгінде басылымдарда істейтін кейбір тілшілер сөйлемді дұрыс құрай алмайды. Стилистикалық, грамматикалық қателерден көз сүрінеді. Айтатын ойы жан-жақта шашырап жүргенін көресің. Мұның барлығы журналистикадағы аталы сөздің азайып бара жатқандығын білдіреді. Осылай деген Ә.Әрін бұл қателіктерге бой алдырмас үшін қазірден бастап жастарға көп оқуға кеңес берді. Көркем әдебиетпен дос болу, алдағы уақытта оны биікке шығаратынын айтты.

«Журналист – шығармашылық өкілі болғандықтан, ол үнемі ізденісте жүруі тиіс. Шыны керек, қазір өзекті, өткір мәселелерді жазатын тілшілердің қатары сиреп кетті. Тіпті, республикалық басылымдардың өзінен танымдық, оқырманға ой салатын, қоғамның кемшіл тұстарын айқындап көрсететін дүниелерді көп кездестіре бермейтін болдық. Одан бөлек, өнерде жүрген әншілеріміздің біразы телевизия саласында тілшілердің орнын басып жүр. Көгілдір экраннан мән кетті десе де болады. Осы жағы мені алаңдатады», — дейді ардагер журналист.

Сондай-ақ, Әміре Әрінұлы әлеуметтік желілерден қоғамға келетін қауіптің жоғары екендігіне тоқталды.

«Қазір үйде отырып алып, мемлекеттік қауіпсіздікке, елдің ертеңіне, дінге қатысты келсін, келмесін өздерінше пәлсәпа соғатындардың қатары көбейген. Айтпасын емес, айтсын. Бірақ, сол көтеріп отырған тақырыптың тереңіне үңіліп, байыбына барып пікір қалдырса жөн ғой. Әлеуметтік желілердегі сол қара ниетті жазбаларды бөлісіп, оны өзгелерге тарату арқылы қоғамда дүмпу пайда болады», — деген Ә.Әрін бұл мәселеде өте абай болу керектігін ескертті.

Жиын соңында журналист шешендік өнер жайында ой қозғап, шешен (оратор) болудың бірнеше сырларымен бөлісті. Айта кетейік, мұндағы басты талап – адам өзіне сенімді болуы қажет.

Әміре ӘРІН:

— Журналистика – ғылымның ең биік бір шыңы. Былайша айтқанда, жаппай халықтың күнделікті рухани тұтынатын үлкен саласы ғой. Жас мамандарды дайындап, оларға дұрыс бағыт-бағдар беру – біз секілді ардагер журналистердің басты борышы. Құдайға шүкір, қазір қазақ журналистикасы жақсы дамып келеді. Жүз жылдан астам уақыт болды, бұл саланың бізде өзіндік жолы, дәстүрі қалыптасқан. Бүгінде бұқаралық ақпарат құралдарының өрісі тіптен ерекше дами түсті. Демек, журналистика биіктеген сайын кадрлар да жоғарылауы қажет. Міне, осы тұрғыда жастарға теориялық біліммен қатар тәжірибені де қосып үйретудің маңызы өте зор. Себебі, олар – біздің келешегіміз. Ертеңгі күні мына зымыран дәуіріміздің жылнамасын, тәуелсіз Қазақстанның асу-асу белестерін, асқаралы жетістіктерін, келер ұрпаққа төл тарихымызды қашап жазатын – осы жастар. Олай болса, жастарға деген тағылым, білім, тәрбие тұрғысындағы сүйіспеншілік һәм махаббат ерекше болуы керек.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK